Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Түркістан. 3 сәуір. Baq.kz Қазақтың тойы көкпарсыз өтпейтіні белгілі. Қанымызға сіңген әдет қой. Таяуда киелі Түркістан топырағында жұрт айта жүрер тартысты көкпар өтті. Бір айта кетерлігі, бұл сайыс бұрынғыдан өзгерек

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен санында көкпар маусымы басталғанын жазғанбыз. Шымкенттің орталық атшабарында өткен облыс біріншілігінде мақтаралдықтар топ жарған еді. Той тойға ұласқандай, облыс біріншілігінің дүбірі басылмай жатып-ақ түркістандықтар көкпар сайысын ұйымдастырды. Сайыстың өзгешелігі деп шабандоздар алғаш рет командалық жүйе бойынша тартысқа түскендігін айтар едік. Кейінгі кездері түркістандық қалталы азаматтардың ұлттық спортты ұлықтауға бүйректері бұрып келеді. Қаржыны ысырап етпей, игі мақсатқа жұмсағаны қуанарлық жайт. Командалық көкпар бәсекесіне тігілген жүлде де қомақты. Бас жүлдеге үш мың АҚШ доллары тігілді. Сол себепті қомақты қаражаттан дәмелі командалар тыңғылықты дайындықпен келіпті. Кілең ығай мен сығайлар. Жанкүйерлер тартысты да қызықты бәсекенің куәсі болды. Ә дегеннен Түлкібас пен Мақтаралдың шабандоздары мықтылығын байқатты.

Топты жарып шыққан да солар. Бас жүлдеге таласқан жігіттер аянып қалған жоқ. Өліспей беріспейтіндей, сірә. Алғашқы кезеңде таразы басы тең болған. Екінші кезеңде Түлкібастың тақымы мықты шабандоздары ширығып шықты. Қарқынын үдетіп, 4:2 есебімен қарсыластарын қапы қалдырды. Ал алаң қожайындары бұл жолы сүреңсіз ойнады. Үшінші орынға Сайрамнан келген қонақтармен бәсекелесіп, қарсыласынан жеңілуге мәжбүр болды. Сөйтіп, жүлделі үшінші орынды сайрамдықтар еншілеп кетті. Шыны керек, Түркістан жұртшылығының ұлттық спорт дегенде шығарда жаны бөлек екен. Көптен бері көкпар ойынына шөліркеп қалса керек, командалық сайыстың соңын ала шабандоздар жаппай көкпар бәсекесіне түсті де кетті. Ет-қызуы басылмай тұрғанда, жүлдеге тағы 100 түйе тігілді. Ептілік танытқан шабандоздар үйіне қос-қос түйе жетектеп қайтты.

Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА

Оңтүстік Рабат

Рубрика: