Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Қазір ол СИ-18 тергеу изоляторының медицина-санитарлық бөлімінде жатыр.

Қаңтар оқиғасында «жаппай тәртіпсіздік жасады» деп айыпталған Бердах Бекетовтің қорғаушысы мен әпкесі 16 қыркүйекте Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, бас прокуратурадан оны қамаудан босатуды талап етті. Олар Бекетовтің денсаулығы нашарлағанын айтып, оны үйқамаққа не кепілмен босатуды сұрайды деп хабарлайды Азаттық.

Адвокат Жалғас Сапарханова қорғауындағы Бекетовтің кейінгі екі аптадан бері денсаулығы нашарлағанын, қазір СИ-18 тергеу изоляторының медицина-санитарлық бөлімінде жатқанын айтты.

— Алайда ол жерде емделуге еш жағдай жасалмаған. Еміне тек әпкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Перизат Бекетова жүгіріп жүр. Сонымен бірге Бердахтың сегіз айлық баласы, әйелі, кәмелетке толмаған бауыры және аурушаң зейнеткер ата-анасы бар. Сондықтан рақымшылықты күтпей, оны үйқамаққа, ешқайда кетпеу немесе кепілмен изолятордан шығаруына толық негіз бар, — дейді Сапарханова.
 
Бердах Бекетовтің әпкесі Перизат Бекетова, қорғаушысы Жалғас Сапарханова және белсенді Ерлан Рақышев Алматыдағы баспасөз жиынында. 16 қыркүйек 2022 жыл.

Полиция Бердах Бекетовті 22 қаңтарда көшеден ұстап, алып кеткен. Оған «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Оның әпкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Перизат Бекетованың айтуынша, інісі тергеу изоляторында отырған сегіз айда қысым көріп, азапталған.

— Қамалғанан кейін ақпан айынан бастап 70 күн тергеу болмаған кезі болды. Сонша күн Бердах төрт қабырғада қамалып отырды. Уақытша қамау изоляторға барғанымда оның азапталғанын, ұрып-соққанын білдім. Қазір демікпесі бар, қабырғалары сынған, жүйке жүйесі тозды, қан қысымы төмендеп кетті. Сол үшін ол түрмедегі емес, дұрыс ауруханадағы кәсіби мамандардың көмегіне зәру, — дейді Перизат Бекетова.

Бердах Бекетов тергеу изоляторында отырып үш рет хат жазған. 25 қаңтардағы хатында прокурорлар сөзін тыңдамай жатқанын, азаптау көріп жатқанын жазып, көпшіліктен араша болуды сұраған. 2 наурыздағы хатында кінәсіз екенін жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша болуын сұраған. Сонымен бірге түрмеде денсаулығы нашарлап, бүйрегіне салқын тиіп, қозғалуы қиындағанын да жазған. Хатқа президент те, бас прокурор да жауап бермеді.

«[Қаңтарда] алаңға шықтым. Дүкенді тонамадым, қару ұстамадым, әскерді ұрмадым. Алаңға шыққан себебім — елге басу айту» деп жазғанн 2 наурыздағы хатында.

Ал 13 қыркүйекте жазған хатында достары мен қолдаушыларына алғыс айтқан.

Бекетовке араша түсіп жүрген белсенді Еркін Рақышев бас прокурорының арнайы қылмыстық істер бойынша басшысы Ризабек Ожаровтың, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаевтың және бас прокураторасының жедел тергеу тобының жетекшісі Тимур Қырылдақовтың қабылдауында болған.

Рақышевтің сөзінше, олар Бердах Бекетовті үйқамаққа шығару мәселесін әне-міне қарайтынын, мәселе шешілетінін, жақын арада шығарылатынын айтып, сендірген. Адвокаты да қорғауындағы азаматтың жағдайын айтып, бірнеше мемлекеттік органға арыз-өтініштер жазғанын айтады, бірақ әзірге жауап болмаған.

Азаттық Бердах Бекетовтің ісін тергеп жатқан Шапағат Тасбаевқа хабарласып, істің мән-жайын сұрады. Ол тергеу әлі жүріп жатқанын, одан басқа мәлімет бере алмайтынын жеткізді. Ал адвокат Жалғас Сапарханова үш аптадан бері тергеу тоқтап тұр дейді.

•    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған, ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға бірреттік рақымшылық жасалатынын айтқан. Бірақ билік рақымшылыққа кімнің ілігетінін хабарламады.
•    Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды.
•    Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «заңсыз қару-жарақ сақтау» секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
•    Бұған дейін Қаңтар оқиғасына байланысты 800-ден астам адамға үкім оқылған. Жүзден астам адамға түрме жазасы берілген.

Рубрика: