Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Арман Болысбеков Германиядағы көлік құрастырудың отаны саналатын Штутгарт аймағында тұрады. Ол әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының за­уы­тында қыз­мет етіп жүр. Қандасымыз бос уақытында Қырғызстан мен Молдавиядан келген досы үшеуі қазы айналдырып, сатумен айналысады, деп хабарлайды Түркістан басылымы

Арман Болысбеков Ақмола облысы Ат­ба­сар ауданы Самарка ауылында дүниеге келген. Ол 7-сыныпқа дейін Самаркадағы орта мек­тепте оқып, кейін 2002 жылы отба­сы­мен бірге Германияның Штутгарт ай­мағына қарасты Вюртемберг қаласына кө­шіп келген. «Әкем жуырда зейнетке шығады. Анам үй шаруашылығымен айналысады. Мен — үйдің үлкенімін. Қарындасым жергілікті фир­мада хатшы, ал інім тұрғын үйлерді жа­рықтандырумен айналысатын электрші болып жұмыс істейді. Отбасылымын. Әйелім жергілікті ауруханада медбике. Ал өзім Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші қызметін атқарамын. Mercedes-Benz-тің бөлшектерін құрастыратын станоктармен жұмыс істеймін», — дейді Арман Болысбеков.

Арман жұмыстан тыс уа­қыт­та қазы жасаумен айналысатынын жасырмады. Оның сөзінше, Германияда 1 келі жылқы еті 7 еуро тұрады (теңгеге шаққанда бағасы – 4500 теңге шамасында-ред.). «Елде жүргенде үнемі қазы жа­сай­тынбыз. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Бірде Германияда құрылған «Qazan e.V.» атты неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальдпен кездескенде ол «Сен қазы жасап, неге сатпайсың? Біріншіден, ақша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды насихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дәмін сағынып жүрген жандарға «жақсылық» жасайсың» деп идея беріп, қанаттандырып жіберді.

Сөйтіп, бастапқыда бұл іс­­пен бес жыл бойы жалғыз өзім айналы­сып жүрдім. Сосын сол қауымдастық ар­қылы Қырғызстаннан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, тиісінше оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқ­сат етілген. Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады.

Сосын арамызға Молдавиядан келген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осында келіп білді, бірақ ол қазыны бірден ұнатты. Сөйтіп, қазір соңғы екі жылда бәріміз бірге қазы айналдырып, тапсырыстар аламыз», — дейді Арман. Арман етті арнайы фермадан алатынын, қазыны жекелеген клиенттің тапсырысымен ғана жасайтынын атап өтті.

Ол «жүректің түбінде табыс табудан гөрі, шетте жүріп, қазыны әлемге таныту арма­ным» дейді.

«Қазақ екенімді мақтан тұтамын, қазақ екенімді үнемі айтып жүремін. Бәзбіреулер секілді қай­дан тарайтынымды айтудан жалтақта­маймын. Германияда тұрып жатқаныма жиырма жылға жуықтап қалса да, көңіл Қазақстанға тартады да тұрады. Елге бара бергім келеді. Жыл сайын барып тұратын едім, пандемия салдарынан соңғы жыл­дары бара алмай жүрмін. Келесі жылдың жазында барып қайтуды жоспарлап отыр­мын. Жалпы, Қазақстан, әсіресе біздің ұлттық тағамдар туралы әңгіме естіп қал­сам, жүрегім жібіп сала береді. Қастарына барып, оларға бұл тақырып туралы сағат­тап айтуға бармын. Соның ішінде қазы айналдыру ісі маған жақын. Маған бұл іс­пен айналысқан ұнайды. Біреулер көлік ай­дағанды қалай жақсы көрсе, мен де етпен жұмыс істегенді, одан қазы жаса­ған­ды солай жақсы көремін», — дейді Арман Болысбеков.

kaz.nur.kz

Рубрика: