Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

5 қыркүйек күні Алматыда оппозициялық күштердің өкілдері бас қосып, елімізде күзде өтетін кезектен тыс сайлауға катысты үндеуін жасады. Қоғам белсенділері, журналистер мен саясаткерлер қатысқан жиында оппозиция арасынан ортақ кандидат таңдауға тырысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жиынның алғысөзін сөйлеген «Жас Алаш» газетінің бұрынғы редакторы Рысбек Сәрсенбай билікке оппозиция өкілдерінің атынан үндеуін оқыды. Жиналғандар биліктен кезектен тыс президенттік сайлауды күн тәртібінен алып тастауды талап етті. Олар жиналысқа келгендердің талқысынан кейін үндеуді құжат ретінде қабыдап, республика президентінен бастап сенатқа, мәжіліске жіберілетінін айтты.

«Бүгінгі басқосудың сіздер жақсы жаңалық күтесіздер. Оны біліп отырмыз. «Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және жан-жақты реформаларды сәтімен іске асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты керек» деген Тоқаевтың сылтауы – көзбояушылық. Әділетті Қазақстан құру үшін нақтылы саяси реформалар қажет. Ал ол реформаны іске асыру үшін халықтан жаңадан сенім мандатын сұрап, кезектен тыс сайлау өткізбей-ақ қойсын. Тек қоғаммен санасып, «Сайлау туралы», Саяси партиялар туралы, жиын бостандығы туралы заңдарды халықаралық нормаларға сәйкестендірсе, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін, еркін, таза сайлау өткізуге кедергі келтіретін, назарбаевтық тәсілмен жасалған баптарды алып тастаса болғаны», — деді Рысбек Сәрсенбай үндеуден үзінді оқып.

Сонымен қоса үндеу авторлары президенттік  мерзімді жеті жылға созу жөніндегі президент ұсынысы қабылданбасын, деп баса айтты.

«Президент сайлауы өз кезегімен 2024 жылы өткізілсін! Оған дейін президент қызметінде отырған, легитимді емес президент саналған Қ.Ж.Тоқаев өзі уәде еткен саяси реформаны шынайылықпен, нақтылы қолға алсын. Саяси партияларды тіркеуге қойылған кедергілер алынып тасталсын! Заңдағы жөнсіздіктер дереу арада түзетілмейінше, Әділет министрлігі арқылы тіркеу тәртібін алып тастамайынша, азаматтардың ұйымдарға бірлесу, мемлекетті басқару ісіне араласу құқығы шектеле беретін болады», — делінген құжатта.

Сәрсенбай сөзінің соңында келіспеушіліктерді ысырып тастап барлық демократиялық күштердің бір төңірекке топтасатынын мәлімдеді.

Белгілі кәсіпкер әрі саяси қайраткер Болат Әбілов Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі 30 жыл бойы созылған Нұрсұлтан Назарбаевтың (Қазақстанның тұңғыш президенті – Ред.) жүйесінің жалғасы екенін айтты.

Саясаткер, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының басшысы Нұржан Әлтаев сөзін Қостанай облысында болған өртке қатысты көңіл айтумен бастады.

«Уақыт келді. 30 жылға созылған биліктің соңы қаңтар оқиғаларымен аяқталды. Алайда үкімет бұл жағдайдан да сабақ алған жоқ. Сол жүйесін жалғастырып отыр. Әр президент келген сайын конституцияны өзгертіп, өз қалағанын жазып қояды. Біздің конституция шимай парақ емес қой, ойына келгенін жазатын. Конституцияны халық қабылдайды», — деді ол.

Танымал қазақстандық оппозиция өкілі Мұхтар Тайжан кезектен тыс сайлауды қазір өткізуге ешқандай негіз жоқ екенін ашып айтты. Президент сайлауы заңда белгіленген күні өткізілсін, деп жалғады саясаткер.

«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевка тікелей үндеу жасағым келеді. Президент мырза, сіз бұл орынға келген кезде енді барлығы ашық болатынын, халықпен талқыға салып отыратынын айтып едіңіз. Енді өз сөзіңізді өзіңіз бұзып отырсыз. Мұны мен халықты алдау деп білемін. Біз бұған жол бермейміз. Халық енді оған көнбейді», — деді Тайжан.

«Праймериз өткізіп, лайықты кандидат таңдаймыз»

Журналист Гүлжан Ерғалиева оппозиция арасында 10-15 адамды іріктеп, праймериз өткізіп, солардың арасынан кандидат ұсыну қажет екенін айтты.

«Қазір басқа таңдау жоқ. Қазақстандық оппозиция ішінен бір адамды іріктеп, президенттікке ұсыну қажет. Егер заңды өзгерту қажет, басқаны өзгерту қажет деп созып алсақ тағы 10 жылымыздан айырыламыз», — деді журналист.

Саясаткер Мұхтар Тайжан журналист, «Дат» газетінің редакторы Ермұрат Бапидың президенттікке ең лайықты кандидат екенін жеткізді.

«Президенттікке ел ішінде қоғамдық, экономикалық және саяси инститтарды қалыптастырған адам баруы керек. Роза Отынбаева (Қырғызстанның бұрынғы президенті – Ред.) секілді ашық, сөз еркіндігін қабылдай алатын болуы шарт. Мен Ермұрат Бапимен сөйлескен кезде оның еңбек өтілін сұрадым. Себебі, ертең біздің арамызда да праймериз өтіп, батыс елдеріндегідей дебаттар өтеді. Біздің есігіміз барлығына ашық. Мен демократиялық күштердің көмегімен сайлауға ең лайықты адамды табатынымызға сенемін», — деп қосты Тайжан.

Қазір елімізде ресми түрде алты ғана партия бар және оның екеуі ғана белсенді, олар — бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» пен «Ақ жол» партиясы.
Биылғы жыл басталғалы бері өздерін жариялаған партиялардың көпшілігі әлі тіркеудің соңғы кезеңіне жеткен жоқ. Олардың қатарында Санжар Боқаевтың «Намыс» партиясы, Олжас Сүлеймановтың «Қазақстан халық конгресі» партиясы және Нұржан Әлтаевтың «Ел тірегі» партиясы бар.

Ал жиынға қатысқан оппозиция өкілдерінің көпшілігі президенттік кандидаттарға қойылатын белгіленген талаптарға сай келмейді.

 

Рубрика: