АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Президенттікке үміткер Дания Еспаева: Жемқорлықпен ұсталғандардың бәрі азаматтар, тәртіп әйел басқарған жерде болады[:]

[:kz]

Өткен апта съездер аптасы. Елдің саяси өмірінің қазанында қайнап жүргендері бар, қазанға енді түсейін деп жатқандары бар, қойшы әйтеуір Ақ Орданың ақ тағынан дәмелі күш біткеннің барлығы саясат ұстаханасының көрігін қыздырып жатыр. Әсілінде сайлау бола қалса, кандидат атаулыны қуыршаққа теліп, жерден алып жерге салатын әдетіміз бар емес пе! Бұл жолы олай деуге болмайды дейді білетіндер.

Тіпті билікке қатысты батыл пікір айтатындар да, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz.

«Сайлауға шоу деп қарамау керек қой. Ол жағынан мен де келісем. Әрине ол шоу элементтері бар, театр элементтері бар, драма элементтері болатыны анық. Бірақ бұл бөлек жанр. Сондықтан украинада әзілкеш жеңіпті деп әзілкештердің желпініп қалуы да заңдылық шығар. Бірақ басты мәселе онда емес. Басты мәселе қоғамның өзінде», — дейді саясаттаншуы Айдос Сарым.

Қоғамға не керек? Осы аптада өткен саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жиындарында бұл жайттар сөз болды. Әлеуметтік түйткілдерден бастап ғылымға дейінгі салалардағы сан қырлы мәселелер қамтылды. Еріксіз езу тарттыратын немесе көзге жас үйіретін де сәттер жоқ емес.

Қып-қызыл байрақ, қып-қызыл ұрандар мен қып-қызыл пікірталас. Қызара бөрткен қариялар мен қылпылдап жүрген жастар. Баяғы Кеңес заманындағы бірден бір жалғыз партияның съездері естеріңізде болар. Тура соның 100 есе кішірейген көшірмесі ме деп қалдық.Тіпті бір-біріне деген ілтипат сөздері де айнымайды. 

Бұл ел арасында қызылдар партиясы аталып кеткен Халықтық комунистердің жиыны. Үміткер анықталды. Ол 2011 жылғы әйгілі каратист кандидат Жамбыл Ахметбеков. Сол додадан соң мәжіліс депутаты болып шыға келген ол саясаткер ретінде шыңдалдым, тәжірбием молайды дейді. Айтпақшы саясатта ғана емес спортта да өсіпті. 

«Ол кезде мен Каратэ Шотоканнан бірінші дан, қара белбеу иегері едім, қазір Кекушинкайдан екінші дан қара белбеуін алдым. Сондай-ақ Ушу және Кунфудан Республикалық федерацияның президентімін», — деді Жамбыл Ахметбеков. 

Комунистердің съезінде қазақша сөздер ести алмадық. Барлығы дерлік ресми тілде өтті. Айтпақшы мектеп пен институтты қазақша бітірген, кейінге дейін орысшаға шорқақ болған Жамбыл Ахметбековтың өзі осы додада бір ғана нәрседен қорқады екен. 

Маған ең қиын болатыны осы лингвистикалық комиссияда қазақ тілін тапсыру қиын болатын шығар», — деді ол.

Есесіне Кәсіподақтар атынан аламанға түскен Амангелді Тәспихов тіл емтиханынан сүрінген жоқ. Барлық тапсырмаларды орындап, комиссия мүшелерінен мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген баға алды. 

Тағы бір кандидат қазақ тіліне шорқақ азамат партия ішінде таласқа түскен 6 үміткердің бірі. Ақжолдықтар кандидатты бірден анықтай салған жоқ. Әуелі праймериз өткізді. Яғни партия ішілік сайлау. Бірнеше адам партия атынан кандидат болу мандаты үшін тартысқа түсті. Әдетте праймеризді батыс мемлекеттерінен көретінбіз. Жалынды сөйлеуден біздікілер де қалыспайды екен. 

«Осы пленумда, біздің кейбір ер азаматтардың аузынан әйелдер өз орнын білсін деген сарындағы  сөздерді естідім. Бұл маған ауыр тиді. Неге әйелдер өйтуі тиіс? Олар жемқорлық былықтарға батпаған, бүгінде кімдер жемқор? Кімдерді коррупциялық қылмысы үшін отырғызады? Негізінен ер азаматтарды. Ал тәртіп қайда? Тәртіп әйел бар жерде!», — дейді «Ақжол» партиясы атынан президенттікке үміткер Дания Еспаева.

Осылайша ұрандатқан Дания Еспаева партияішілік праймеризде 94 адамның даусын алып жеңіске жетті. Енді ол Ақжол атынан аламанға түседі және ол ел тарихындағы тұңғыш әйел кандидат болып отыр әзірге. Ал банкир ханым жеңіске жете ала ма? Оған партия төрағасы нық сенімді емес сияқты боп көрінді бізге. 
 «Бұл президенттік үшін күресетін жақсы жағдай. Енді күтпеген жерден бірдеңе шығып кетуі мүмкін. Екінші жағынан бұл алда келе жатқан басқа да науқандарға меніңше өте жақсы мүмкіндік», — дейді «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев. 

Ауыл партиясы да съезін шақырып, үкілі үмітін анықтады. Ол кезінде коммуналдық саладағы реформаларға ат салысқан, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары және ауылшаруашылығы вице-министрі сияқты жоғары лауазымдарда болған тұлға.

«Басты қарсылас немесе екінші деңгейдегі қарсылас деп айтуға болмайды. Меніңше үміткерлердің барлығы бір деңгейде болады деп есептеймін»,- дейді «Ауыл» демократиялық партиясы атынан президеттікке үміткер Төлеутай Рахимбеков. 

Кандидат осылайша парасаттылыққа салып, арық сөйлеп семіз шығып еді, обалы нешік, мінберден сөйлеген партияластарының бірі «Ұтсақ та, ұтпасақ та екінші орын алуымыз керек» деді. 

Еліміздегі бірден бір тіркелген оппозициялық партия Жалпыұлттық социял демкораттар сайлаудан бас тартты. Есесіне оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Ұлт Тағдыры қозғалысы атынан додаға түсетінін мәлімдеді. Айтуынша қарсыласы біреу Қасым-Жомарт Тоқаев.  Бірақ қаһарын түзде жүрген тағы бір оппозиционер Мұхтар Әблязовқа төкті.  

«Отырып алып менен басқаның бәрі өтірік оппозиция дегенді Мұхтар қой. 20 жыл жүрген мен де өйтіп айта алмаймын. Сондықтан Мұқтар, елдің ішіндегі демократиялық күштерге өзіңнің салқыныңды тигізбе. Бойкот жариялайсың ба, жариялап ана Парижде отыр, кофеңді іш», — дейді саясаткер Әміржан Қосанов. 

Бұл билік партиясының съезі. Ең үлкен сарай, ең үлкен жиын. Ең көп делегат. Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Мұнда ақжолдағыдай праймериз болған жоқ. Делегаттар бірауыздан елбасыны құптады. 

Сонымен. Бүгінге дейін ұсынылған кандидаттар келесідей. Нұр Отан партиясы атынан қазіргі президент Қасым Жомарт Тоқаев, Ақжол партиясынан мәжіліс депутаты Дания Еспаева, халықтық коммунистер атынан мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, ауыл партиясы атынан Төлеутай Рахымбеков, кәсіподақтар ұйымы атынан Аменгелді Таспихов, ұлы дала қырандары қозғалысы атынан Сәдібек Түгел және ұлт тағдыры қозғалысы атынан Әміржан Қосанов ұсынылды. 

«Бұл сайлау 6-7 адам бүгіннің өзінде айқындалып жатыр. Егер осылардың бәрі тіркелетін болса, бұл да бір үлкен жаңалық болмақ. Өйткені осы кезге дейін біздің сайлау 3-4 адамнан аспайтын сайлау болатын. Және белгілі дәрежеде шынын айту керек кандидаттардың өзі мардымсыз. Кандидаттардың өзі бір көңілден шықпайтын азаматтар болатын. Сондықтан бұл сайлауды тартымды, бәсекелі түрде өтеді дегенге өз басым сенгім келеді», — дейді Айдас Сарым. 

«Қазақстанның саяси процессінің өзіндік өзгешеліктері бар. Бірақ дегенмен де азаматтардың сана сезімінің оянуы, содан кейін демократияға деген сұраныстың пайда болуы. Ол басқа елдерден бізге келеді және ол заңды. Бұны билік те, саяси менеджмент те ескеруі керек», — дейді саясаттанушы Ерлан Сайыров. 

Хош, биліктің құлағына алтын сырға. Ал осы съездер аптасының тағы бір айшығы 35 жыл билік басында жүргенде сыр алдырмаған тұңғыш президент Назарбаевтың тұңғыш рет көзіне жас алуы еді көпшілік алдында. Ол қуаныш па, қимастық па, бір өзіне аян. Анығы елбасының көңілі босаған күннен бастап, саяси партиялар мен ұйымдар тақым қысты, атқа қонды. Алда бұрын болып көрмеген жаңаша сайлау.  

Stan.kz.

[:]