Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Орталық Азия елдеріне жеті күнге созылған жұмыс сапары аяқталды.  Министр жеті күнде 2 мың шақырым жол жүріп, 3 миллион доллар келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді, деп жазады malim.kz порталы.

“Бірнеше кооперациялық жобаланы іске асыру туралы келістік және бірқатар бағыт бойынша: агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, IT, машина жасау, электр энергетикасы ынтымақтастығы бойынша жоспар  белгіледік. Ең бастысы, құрамына шенеуніктер де, бизнес те кірген біздің бүкіл делегация сауда маршруттарын/дәліздерді салу жөніндегі бірыңғай команда ретінде жұмыс істеді.

Бүгін осы сапардың соңғы кездесуі – Ташкенттің хокимі Джахонгир Артыкходжаевпен келіссөздер өткіздім. Өнеркәсіптік кооперацияға тереңдей түсеміз. Ташкентте “Сергек” жобасын іске асыруды және біздің “Alageum Electric”компаниясының трансформаторлық өндірісін ашуды пысықтайтын боламыз”, – дейді Бақыт Сұлтанов Facebook-тегі парақшасында.

Malim.kz осыдан бір апта бұрын Бақыт Сұлтановтың көкөністерді өзара жеткізу бойынша форвард келісімін жасасу үшін Орталық Азиядағы көршілерге іссапармен кеткенін жазған. Бақыт Сұлтанов 22 маусым күнгі есеп беру жиынында ішкі нарықты тұрақтандыру үшін нендей шаралардың қолға алынып жатқанын тізіп, ол шаралардың ішінде Орталық Азия елдерінен картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ сияқты көкөністерді форвард келісімімен жеткізу бар екенін қадап айтқан.

Алайда әлемжелідегі жазбасында министр көрші елдерден картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз сатып алуға келіскен-келіспегенін ашып жазбаған. Есесіне, министрдің айтуынша, Өзбекстаннан шие сатып алып, оны Дубайға жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылған.

” Соңғы екі күнде екі келісімшартқа қол қойылды. Біріншісі-өзбек шиесін сатып алу үшін 500 мың доллар. Сонымен қатар, келісімшарт жасасқан қазақстандық компания кейіннен Дубайдың сауда желілеріне жеткізумен жоғары сапалы өзбек және қазақстандық шие ірі партиясын жинауды жоспарлап отыр. Екінші келісімшарт – Соғды облысының Гафуров ауданынан қазақстандық сауда желілеріне жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу туралы. Бұл келісімшарт та жарты миллион доллар”, – дейді Сұлтанов.

Бұдан өзге министр көрші елдердің аймақ басшылары, трейдерлері мен диқандармен кездескен.

“Менің ойымша, жұмыс сапары практикалық нәтиже беріп, жұмыстың жаңа бағыттарына негіз қалады. Мен көп нәрсені көрдім, көп естідім және көп нәрсені білдім. Бірақ ең бастысы-барлық елдердің бірлесіп жұмыс істеуге және туындаған кез келген проблемаларды бірге шешуге деген өзара ықыласы.

Қайталап айтқым келеді, бұл тек импорт туралы емес (біз маусымнан тыс уақытта тапшы өнімдерді қарастырдық). Жергілікті жеткізушілер мен логисттердің өздері техниканың бос оралмауы үшін оларға қажетті қазақстандық өнімдерді (өсімдік және майлау майлары, тыңайтқыштар, тіпті орман мен көмір) жеткізуді ұйымдастыруды сұрады”, – дейді Сұлтанов.

Бір апта бұрын есеп беру жиынында Сұлтанов: “Ішкі нарықты тұрақтандыру және экспортты болжау үшін көршілермен, мысалы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанмен тиісті келісімдерге қол жеткізуді жоспарлап жатырмыз. Бүгін Орталық Азия елдерінен картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ тәрізді көкөністерді өзара жеткізу бойынша форвард келісімін жасасу үшін кетіп барамын. Бізде маусым басталып, көкөністер піскен соң тиісті экспорт бағамен сол елдерге жеткіземіз. Ал маусым аралығында олардан делдалдар ұшыратын қымбат бағамен емес, алдын ала болжанған бағамен сатып алғымыз (көкністерді – ред.) келеді”, – деген еді.

Сұлтановтың жазбасына пікір қалдырып жатқандар министр қол қойған 3 миллион доллар келісімшарт өте аз сома, бұл тіпті министр жасасатын келісімшарттар деңгейі емес деп Сұлтановты сынап жатыр. Енді бірі министр мен кәсіпкерлер көрші елдерге неге қазақстандық өнімдерді ұсынбады, әлде бізде түк жоқ па деген пікір айтып жатыр.

Рубрика: