Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Телеарналарда жүзінен шуақ төгіліп тұратын, мейірім мен қайырымдылықтың үлгісі іспетті ананың «Әлемді жақсы жағына өзгерткің келе ме? Онда өзіңнен баста!» деген сөзімен аяқталатын жарнама жүргелі біраз болды. Бұл сөз талайдың жүрегінде жатталып қалғаны сөзсіз. Талай адам ол кісі насихаттап жүрген ізгі істерді жүзеге асырып, өзін өзгерте бастағаны да сөзсіз. Өйткені жарнамалық роликтегі жан – 350 баланың анасы Тұяқ Қазкенқызын бүгінде бүкіл Қазақстан жұртшылығы таниды. Телеарна арқылы оның игі істерін насихаттап, Тұяқ Қазкенқызы сынды жандардың көмегімен жас ұрпақты жақсылыққа жетелеудің уақыты әлдеқашан келген.
Бұл бастаманы басқалардан бірінші болып Kaspi Bank-тің қолға алғаны көңіл қуантады. Бұл банктің «Kaspi қаһармандары» атты имидждік кампаниясының басты мақсаты – Тұяқ Қазкенқызы сияқты өз күшімен жетістіктерге жеткен жандардың істерін қоғамға насихаттау.
Осыдан 16 жыл бұрын Тұяқ Есқожинаның өмірі күрт өзгеріп, жаңа бағытқа бұрылған еді. Алматыдағы пәтерін сатып, Талғар қаласынан жалға ғимарат алып, Қазақстандағы бірінші отбасылық балалар үйінің іргетасын қалады. Ол кезде Тұяқ Қазкенқызы елу төрт жаста еді. Ұзақ жыл білім беру саласында қызмет етіп, отағасы Әнуармен бірге үш ұлын тәрбиелеп, бейнеттің зейнетін көретін жасқа келген. Өзгелер сияқты зейнетке шығып, ұл мен келіннің қызығын көріп, шетелде демалып жүруге мүмкіндігі бар еді. Алайда Тұяқ Қазкенқызы отбасылық балалар үйін құруға бел буды. Оған жетелеген…
Аты айтып тұрғандай, ата-анасының ұзақ күткен әрі жалғыз қызы болды. Әкесі Тұяқ өмірге келген соң 10 күннен кейін соғыста қайтыс болады, ал анасы он жеті жаста еді. Осылайша Тұяқ отбасында жалғыз өсе бастайды. Бауырларының көп болғанын қалайтын Тұяқтың шешімімен анасы тұрмысқа шығады. Тұяқтың «бауырларым көп болса» деген арманы да орындала бастайды. Осылайша, Тұяқ апа жасөспірім кезінде-ақ дұрыс шешім қабылдап, айналасын өзгертуге талпынады.
Тұяқ отбасылы болғанға дейін небір қиындықты бастан өткерді. Туған ауылынан керзі етікпен, қолына фанер ағаштан жасалған көне, жасыл түсті шамаданын арқалап, білім іздеуге аттанады. Анасына масыл болмас үшін өте жақсы оқып, стипендия алуға тырысады. Көрші әйелге көмектесіп, балалардың көйлегін тігеді. Училищеде педагогикалық білім алған соң, оның алдында ауылға мұғалім болып бару немесе ары қарай жоғары оқу орнында білім алу таңдауы тұрды. Ол жұмысты қош көрді. Өйткені анасы мен отбасына көмектесу қажет еді. Тұяқты мұғалімдік емес, директорлық қызмет күтіп тұрған. Үш жыл бойы мектеп басшысы болған соң Алматыға КазГУ-ге оқуға аттанады.
КазГУ жатақханасында оны барлығы «Мама» деп атайтын. Ол бұған жасының үлкендігі, сондай-ақ орыс тілін жақсы біліп, курстастарының проблемаларын шешуге көмектесіп жүретінім себеп болған шығар дейді. Алайда ең бастысы айналасындағы адамдар оның әйел ретіндегі жүрек жылулығын, аналық қамқорлығын сезінгеннен айтқаны анық.
Соңғы курста Тұяқ болашақ күйеуі – Әнуарбек Байсаринмен танысады. Осы кезден бастап оның өмірі күрт өзгерді – болашағына алаңдамайтын уайымсыз өмір басталды. Берік отбасында өмір сүру – игілік екенін түсіне бастады. Балаларын да арқалап жүріп жеткізді. Осылай бақытты өмір өтіп жатқан. Бір күні ана Тұяқтың жанарына көшеде жалғыз жүрген кішкентай бала оттай басылады. Барахолкада отбасы мүшелеріне аяқ киім алуға барған болатын. Кенет біреудің етегінен тартқанын байқап қалады. Артына бұрылып қараса, ешкім байқалмайды. Бірақ бір жүректің соғысын естігендей болады. Сөйтсе, алты жас шамасындағы қыз бен одан кішірек сәби тұр екен. Өздері әлсіз, көздері шүңірейіп кеткен. Мұңды көздер Тұяққа өміріндегі қиын күндерді еске түсіреді. Сол кішкентай Катя, кейіннен Тұяқ ана бірден «Қатира» деп еркелетіп атап кеткен қыз қайыр тілеп, сіңлісі мен жүре алмайтын әжесі және әкесін бағып жүр екен. Қатираны қамқорлығына ала бастағанда, әкесі қызды белгісіз жаққа алып кетсе керек. Бірақ Тұяқ Қазкенқызы олардың әжелерін өмірінің соңына дейін бағып-қағады. Ал кішкентай Қатирамен кездесу Тұяқ Қазкенқызы үшін өзінің ғана емес, өзгелердің де өмірін өзгертуге ықпал етті. Сол кездесуден кейін белін бекем буып, пәтерін сатады. Жалға алған жерде балалар үйінің қазығын қағады. Қазірге дейін мұнда 350 бала тәрбие алды. Ана үшін балаларына махаббат, жылу мен мейірім сыйлаумен қатар, ең басты нәрсенің бірі – мамандық таңдауына көмектесу. Тұяқ Қазкенқызы тәрбиелеген жүз он бала жоғары немесе арнайы орта кәсіптік білім алған. Қазір 26-сы білім нәрімен сусындауда. Екі баласы Қытайда оқып келді. Бүгінде тәрбиелеген ұл-қыздарының 74-і отбасын құрған. 350-ден астам бала «мама» деп атаса, 25 немересі «әже» деп мойнына асылады.

Динара Мыңжасарқызы

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/64360

Рубрика: