АЛТЫНОРДА
Новости

Жазушылар Анкарада қазақ жастарымен жүздесті

ТҮРКИЯ. 18 сәуір. BAQ.KZ – Түркиядағы «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің мүшелері тарихшы, ғалым-жазушылар – Мәмбет Қойгелді, Жарылқап Бейсенбайұлы және Тұрсын Жұртбай, Нәбижан Мұқаметханұлы ағаларымен жарқын жүздесу ұйымдастырды. Бұл туралы бірлестіктің баспасөз қызметінен Мырзахан Байболов хабарлайды.

 

Хабарламада «Анадолыға алаштың аяулы азаматы, күрескер тұлға Хасан Оралтайдың туылғанына 80 жыл толуына арналған алқалы жиынға қатысу үшін ат арытып келген ардақтылар жастар ықыласын ілтипатпен қабылдап, кездесуге келді» делінген.
Ұлтымыздың тарихындағы ақтаңдақтар ақиқатын ашуды ар ісі деп білетін көрнекті ғалым, қабырғалы қаламгерлер кездесуге келген жастардың барлығымен жекелей танысып, олардың қандай тақырып төңірегінде ізденіп жүргендерін немесе қайсы тақырыпқа ықыласы мен ыңғайы барын тәптіштей сұрап, бағыт-бағдар көрсетті. Сүбелі еңбектерімен еліміздің рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалымдардың нұсқаған бағыт, айтқан ақыл-кеңестері өмірін ғылым жолына арнауды діттеген буынның мақсаттарын айқындап, көңіл көкжиектерін кеңейте түсті.
Қадірменді қонақтар бабалар мұрасына құрмет, ғылым-білім жолындағы буын сабақтастығы мен ізденістегі табандылық һәм іске адалдық жайын сөз етіп, ойдағының орындалып, мақсатқа жету үшін классикалық білім алу қажеттігін қадап айтты. Білім іздеп, жырақта жүрген жастар әрбір елдің озық тәжірибесін іркілмей үйреніп, жалықпай жадына тоқып, отанға оралғасын Тәуелсіз Қазақстанның дамуы үшін аянбай тер төксе деген игі тілектерін де жеткізді.
Кезегі келгенде шәкірттер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, әрбір сұраққа тұшымды жауап алды. Аға буын мен жас толқын үндестігінің үздік үлгісіндей жоғары сапада өткен кездесу барысында жастар тың тәжірибе, мол мәліметке қол жеткізумен қатар, сағындырған туған елмен қауышқандай марқайысып қалды.
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай шетте жүрген әр қазақ азаматына сеніммен қоса үлкен жауапкершілікті артты. «Шет елде оқып жүрген әрбір жас Қазақстанмен байланыстыра отырып білім алуы қажет. Алған білімі мен ашқан жаңалығы Қазақстанға пайда әкелетінін, отанымыздың озық мұратымен ұштасуын көздеуі керек. Онсыз алған білімнің құны жоқ!» деді ғалым.
http://www.baq.kz/kk/diaspora/543