АЛТЫНОРДА
Новости

Жаңаөзенде күн көзінен қуат алатын қондырғылар орнатылуда

Астана. 6 наурыз. Baq.kz «Жаңаөзенді жарықтандыру» бағдарламасы бойынша қала басшылығы баламалы энергияны таңдап алды 

Шаһарға күн сәулесінен қуат алып, жарық беретін қондырғылар орнатылуда. Көше шамдары кеш түсе жанады да, таң ата өздігінен сөніп қалады. Күн батареясының әрбірі күніне 14 сағатқа жететін электр энергиясын жинайды. Шуақты күндері қондырғы 4-5 сағатта қуаттанса, күн бұлтты кезде 10 сағатқа дейін созылады.

 

Сәбит ЛҰҚПАН, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

— Көшеге күннен энергия алатын жарық шамдарын орнатып жатыр. Сыртынан байқап, түнде жүргенде де көріп жатырмыз. Енді бұрынғыға қарағанда күшті екені байқалып тұр. Түнгі мезгілде жап-жарық болып көрінеді.

Заманауи технологияның туындысы қазір қаладағы адам көп жүретін 3 көшеге орнатылып бітті. Қоршаған ортаға зиянсыз деп танылған жоба экономикалық жағынан да тиімділігін көрсетіп отыр.

Тілек КӨШМАҒАМБЕТОВ, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

— Бұрынғы тоқ көзіне қарағанда қазіргі орнатып жатқан жоба бойынша энергияны 80%-ға үнемдейді. 2 жылда өзінің құнын қайтарады. Екіншіден, бұрынғы жарықтарымыздың шамдарын күніне ауыстыратынбыз. Төзімділігі жағынан бұған 10 жыл кепілдік беріліп отыр.

ҚР Үкіметі бекіткен бағдарлама аясында биыл қалаға 210 көше шамдарын орнату жоспарланып отыр. Ал келер жылдың ортасында шаһарды баламалы энергиямен жарықтандыру толық аяқталады. Аталған жобаға мемлекет қазынасынан 156 млн.теңге бөлінген.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев.

24 kz