АЛТЫНОРДА
Новости

Жамбыл Жабаев ескерткiшi Түркiстанның көрiктi жерiне орнатылады

“Жас Алаш” көтерген мәселе

“Жас Алаштың” 4 сәуiр күнгi нөмiрiндегi “Жамбыл Жабаев ендi ешкiмге керек болмай қалды ма?” атты мақалаға (авторы – Ғалымжан Елшiбай) орай қазiргi таңда ескерткiштi халық игiлiгiне ұсыну мақсатында Түркiстан қаласы әкiмдiгi тарапынан нақты шешiм қабылданды.
Айта кетерлiгi, Түркiстан қаласына қарасты Ораңғай ауылдық округiнiң тұрғыны Әбдiғани Ташметовтiң “Жамбыл Жабаев ендi ешкiмге керек болмай жатыр” деген пiкiрiне келiсу қиын. Өйткенi Ә.Тәшметов ауласында он жыл көлемiнде сақтаулы тұрған ескерткiш бюсттiң сатылатыны жөнiнде ауыл әкiмiне, не қала әкiмдiгiне хабар бермеген.
Жергiлiктi атқарушы орган бұл жерде бүгiнде аталған ескерткiшке иелiк етiп отырған Ә.Ташметовтi кiнәлаудан аулақ. Десе де осы күнге дейiн газет көтерген мәселе қала әкiмдiгiне хабарланған болса, бұл ескерткiш бюсттi тиiстi орнына қойып, жыр алыбының тас мүсiнiн халқымен қауыштыру жөнiнде нақты шешiм қабылданған болар едi.
Бүгiнгi таңда “Жас Алаш” газетi көтерген мәселенiң iзiмен қала әкiмдiгi тарапынан ауыл тұрғыны Ә.Ташметовпен арнайы келiсiм жасалды. Алдағы уақытта Ж.Жабаевтың ескерткiшi қаладағы №11 Ж.Жабаев мектебiнiң көрiктi жерiне орнатылатын болады.
Мәлiк Дәулетов,
Түркiстан қаласы әкiмi аппаратының баспасөз хатшысы.