АЛТЫНОРДА
Новости

Ядролық отын банкі туралы не білеміз?

АСТАНА. 13 наурыз. Baq.kz — Қазақстан аумағында ядролық отын банкін орналастыру жөніндегі мәселе көптен бері талқыланып келе жатқаны белгілі. Ал аталмыш банкті ел ішіне орналстырудан неден ұтып, неден ұтыламыз?  

Жалпы, бұл мәселеге келгенде жұртшылық көбіне дақпыртқа ілесіп, нақты бұл сала турасында аса хабардар екенін байқаймыз. Осы орайда сала мамандарының пікіріне сүйене отырып бұл тақырыпқа үңіліп көргенді жөн санап отырмыз.
Ядролық отын банкін ашу үшін қазақстандық тарап Өскемендегі «Үлбі металлургия зауыты» АҚ алаңқайын ұсынған болатын. Өйткені, мұнда осы саланың мамандандырылған өндірістік инфрақұрылымы мен жоғары білікті қызметкерлер бар. Бұл байытылған уран түрлері мен қандай да бір қалдықтарды сақтауда қауіпсіздік тұрғысынан көңілге сенімділік орнататыны анық.
Сала мамандарының айтуынша, ядролық банкін орналастыру ең алдымен Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағын арттыра түспек. Еліміз уран өндіруде әлем бойынша алғашқы орында, ал уранның табиғи қоры жағынан екінші орынды иемденсе, оның қауіпсіз сақтауында да үздіктердің үздігі ретінде танылады дейді мамандар. Жалпы, энергетикаға деген сұранысты азайту үшін атомды бейбіт мақсатта пайдалануға деген талпыныс соңғы ширек ғасырда ғаламдық сипат алғаны белгілі. Ал енді өндірістің бұл түрін қатаң бақылауда ұстау — МАГАТЭ құзырындағы шаруа. Уақыт озған сайын энергияның дәстүрлі көзі — көмір мен газ азайып, уран өнімін игілікке жарату қарқын алып келеді. Алайда, оның қалдығын қайда және қалай сақтау керек?
Бұл мәселенің маңыздылығы күн санап арта түсуде. Ал болашақтың энергиясы ретінде таныла бастаған энергияның баламалы көздері (жел және күн энергиясы) толық қолданысқа енуі үшін біраз уақыт керек. Демек, бүгінгі таңда атом энергетикасын қажетке жаратудан басқа жол жоқ. Өйткені, уран отынының он граммдық түйіршігінде 40 тонна көмірден өндірілетін энергияның қуаты бар. Яғни, өңдеудің соңғы 3+ үлгісі арқылы қауіпсіз атом реакторларынан аз қалдық шығару арқылы мол өнім алуда бұл — таптырмас байлық.
Қазіргі кезде әлемде атом реакторларын салып беретін ірі компаниялар аз емес. Ал Ядролық отын банкін салуда бірқатар мәселелер бар. Оны қауіпсіз сақтау технологиясы да күйіп тұрған мәселелердің бірі. Уранды түрлі өңдеуден өткізу нәтижесінде пайда болатын U235 изотобы ядролық отын банкінде сақталады. Осы секілді гексафторид уранын кез-келген коммерциялық энергия өндіруші реакторларға негізгі отын ретінде ұсынуға болады. Мұндай қызметті қазақстандық жоғарыда аталған «ҮМЗ» 50 жылдан бері ресейлік реакторға мінсіз ұсынып келе жатқаны сөзімізге дәлел. Бұны «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Александр Гагарин де айтады.
— Гексафторид уранын өңдеу мен қоймада қауіпсіз сақтауда біздің жарты ғасырға жуық озық тәжірибеміз бар, — дейді ол.
Оған қоса, аталған кәсіпорында күні бүгінге дейін бір де бір рет қауіпті химиялық заттың зардабы тиген немесе қауіп төндірген оқыс оқиға тіркелмеген. Бұған себеп, кәсіпорында экологиялық қауіпсіздік пен кепілдіктің жоғары дәрежелі жетілдірілген жүйесі қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Ал Ядролық отын банкінде МАГАТЭ қорды қазіргі кезде сақтап отырған отын көлемінің 10 пайызынан көп емес мөлшерде орналастыруды көздеуде. Оның қауіпсіз сақталуы үшін МАГАТЭ мамандары халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай, арнайы сертификатталған контейнерлерді пайдалануды жоспарлап отырған көрінеді. Осылайша, «Үлбі металлургиялық зауытындағы» Ядролық отын банкі алаңында сақталатын отын түрлерінің қауіпсіздігін жан-жақты ескере отырып, аймаққа келер ешқандай кері әсері жоқ екендігін алға тартамыз дейді саланың білікті маманы.
Сонымен қатар, Ядролық отын банкінде қауіптілігі жоғары радиоактивті қалдықтар сақталады деген сөзге де мән бермеу керек дейді ол. Өйткені, аталған банк БҰҰ-ның құрамындағы МАГАТЭ инспекторларының жіті бақылауында болады. Ал бұл ұйымдардың басты мақсаты, адамзат игілігіне қызмет етуде атом энергетикасын игере отырып, бейбіт жолда пайдаланып жақсы өмір сүруге қол жеткізу. Ал тараптар біржақты келісімге келген жағдайда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ басшылары арасында нақты мәмілелер жасалып, соңғы шешім қабылданатын болады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ

 

http://baq.kz/news/24692