АЛТЫНОРДА
Новости

Халық Кенесарының басын неге іздейді?

1q1Q8WMj87I (1)Астана. 15 тамыз. Baq.kz- Қазақ қоғамында Ресей мұражайларының қайсында «тығылып» жатқаны белгісіз Кенесары ханның басын елге қайтару туралы мәселе жиі-жиі көтеріліп жүр. Бұл, әсіресе, ел тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Ол түсінікті де. Ырымшыл қазақ халқымыздың соңғы ханының басы туған топыраққа қайтып оралса, ұлт рухы дүр сілкініп, Қазақстанның жаңғыру дәуірі басталатынына анық сенеді. Ал бұл дүниеде халықтың сенімінен асқан күш жоқ. Сенім – алынбас қамалдарды да алады, асуы жоқ биіктерден де өткізеді.

Тәуелсіздік жылдарында бабамыздың басын іздеушілер аз болмады. Осы іздеушілердің бірі – 8 жыл бұрын ғалымдардың бір тобы Ресей Федерациясының мұражайларын бір шетінен бастап аралап шықты. Ресей даласында орын тепкен мұражайлардың 70-80 пайызы сүзгіден өтті. Бірақ қазаққа арманды болған Бас табылмады. Осы жерде бір ой туады: орыс елі (қаратабан, қарашекпендерін айтпаймын, мамандарын, құзырлы қызметтерін айтам) бүкіл қазақтың Кене ханның басын сабылып іздеп жатқанын жақсы біледі, қазақтың іздегенін тауып берсе үлкен құрметке, үлкен сыйға бөлетіндерін де жақсы түсінеді. Бірақ, сөйте тұра, бабамыздың басы табылмай тұр. Соған қарағанда Кенесары ханның басын тауып, оны елге қайтару үшін біздің жоғарғы биліктің тарапынан ресми сұрау, Ресейдің жоғарғы билігінің тарапынан оны ресми бекіту жағы жетіспей жатқан сияқты. Мәселенің мәнісі соған тіреліп тұр.
«Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д, профессор Зиябек Қабылдинов осыған байланысты былай деп ой түйеді:
– Кенесарының басы міндетті түрде елге қайтарылуы тиіс. Ол мақсатқа қол жеткізетінімізге де сенімдімін.Ол үшін Мемлекеттік хатшы, Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат минстрлігі және т.б мүдделі органдардың саяси жігері, барынша қызу әрі жан-жақты қолдауы керек. Ресей бізбен достық қатынастағы ел болғандықтан Кенесары ханның басы елге қайтарылуына барынша жағдай жасауға тиіс,– деді.
Ғалым оған дейін Кенесарының Омбы мұражайында қалған мылтығын елге алдырту керектігін айтады. Ол кісі ханның патша басқыншыларына қарсы күресте қолданған қаруын осыдан 5 жыл бұрын мұражайда тұрған жерінен суретке де түсіріп алыпты. Зиябек Ермұханұлы Кенесары мұраларын түгендеуді нақ осы қара мылтықты елге алдыртудан бастаған жөн деп санайды.
Дәулетқали АСАУОВ

 

Бак.кз