Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Не көзделетіндігі – жасырын сыр, бірақ бүгінде қазақстандықтарды улау жүруде! Парламентте өткен кешегі «Үкімет сағатында» қалаулылар дабыл қақты. Осы жиында Денсаулық сақтау министрінің өзі шетелден елімізге әкелінетін кейбір тамақ өнімдерінің сыртқы қаптамасында да, оған ілеспе құжаттарда да сол өнімнің құрамында қауіпті, зиянды қоспаның бар екендігі жазылмайтындығын мойындады. Яғни әлдебіреулер ондай ақпаратты құпия қалдырып, сол залалды азық-түліктерді Қазақстан халқының тұтынғандығын қалауда. Министр Салидат Қайырбекова оған қал-қадерінше қарсы тұруға тырысып жатқандарын жеткізді.

Бір қынжылтатыны, осындай қарау ниет­тер­ге тойтарыс беруге жауапты жалғыз құрылым Қазақстанда жоқ екен. Бүгінде оған жол бер­меуге үш орган өкілетті көрінеді. «Функциялар бөлінген, – деді министр С.Қайырбекова. – Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі өңделмеген өнімдерді бақылаумен, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі – ендігі тамақ өнімдеріне айнал­ған­дарын қадағалаумен айналысады. Ал Индустрия және сауда министрлігі тауардың қаптама­сын­дағы ақпаратта әлгілердің жазылып көрсетілуін бақылайды». Әрине, осыдан «сен салар да, мен салардың» кебі келіп, ақыр соңында сұраудың кімнен болатындығы белгісіз қала ма?» деген ой туады.

– Бүгінде біздің азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне шынайы қатер төніп тұр! – деп мәлімдеді Мәжілісте депутат Айқын Қо­ңыров. – Өйткені елімізге шетелден ішінде адам денсаулығына қауіпті әртүрлі стабилиза­торлар, консерванттар, бояғыштар, анти­био­тиктер, ГМО бар тамақ өнімдері және қазақ­стандық тамақ өнеркәсібіне арналған сондай шикізаттар әкелінуде. Жақында сүттен «рак» ауруын тудыратын консервант табылды. Қы­тайдағы меламиндік трагедияны және бала­лар­дың қаза табуын еске түсірейік, – дей келе, қа­лаулы халық денсаулығын сақтауға жауапты ведомство басшысынан: «Біздің азаматтарды қорғау үшін осы кесірдің алдын алудың тиімді тетігі бар ма?» деп сұрады.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайыр­бекова «Қазақстанда тұңғыш рет азық-түлік өнімдерін құрамында ГМО (генетикалық-моди­фикацияланған ағзалардың) бар-жоқтығына тексеру ісі басталғандығын» хабарлады: «Бұл зерттеулер Денсаулық сақтау министрлігінің желісі бойынша, санитарлық қызметтің 6 зерт­ханасында жүруде, – деді ол. – Маманданды­рылған бұл зертханалар Астана, Алматы, Өс­кемен, Петропавл, Орал секілді қалаларда құ­рыл­ған. Яғни еліміздің барлық шартарабы қамтылып отыр. Ал бұл зертханалар жұмыс іс­теуі үшін біз мамандарымызды Миланға оқуға жі­бердік».

Министр ханым депутаттарға мына деректі жария етті: өткен жылы әртүрлі өнімдерден алынған 9 бірдей сынама-пробадан ГМО анық­талыпты. «Оның ішінде 2 сынамада ГМО көлемі 0,9%-дан асты, – деді Салидат Қайырбекова. – Яғни егер жоғары болса, арнайы шара қабыл­-дау қажет болады. Бұл ретте бұл өнімнің таң­балауында онда генетика­лық-мо­ди­фи­­ка­­ция-
ланған ағзалардың барлығы туралы мәлімет көрсетілмеген. Сондықтан Мемсанэпидқа­да­ғалау комитеті аталған тауарлар партиясының айналымға түсуіне тыйым салу шараларын қа­былдады, сөйтіп, ол өнімдер саудадан алынып тасталды». Ондай тауарлардың бір бөлігінің сатылып кетпеуіне де кепілдік жоқтай. Жұртты дүрліктіргісі келмей ме, кім білсін, бірақ ондай зерттеулерді асықпай жүргізеді екен: «ГМО бойынша біздің өңірлік зертханалар жүргізетін зерттеулердің барлық нәтижелері біздің Санэпидсараптаманың республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының базасында растаудан өтеді» деді министр.

Дегенмен бұл – жақында ғана іске кі­ріс­кен өңірлік зертханалардың әшкере­ле­гені. Ал оған дейін елімізге қауіпті өнім­дер­дің қанша көлемінің кіргізіліп, өт­­кізіл­гендігі туралы дерек жоқ. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі, әлгінде айтылғанындай, тек «ендігі тамақ өнімдеріне айналғандарын тексерумен ғана айналысады». Ал шикізат түрінде әкелінгендері қанша? Бұл жайында АШМ әлі күнге жұмған аузын ашқан емес.

Қалаулылар Қазақстан халқын «құр­тып» отырған тағы бір кесапатты сөз етті. Бұл – адамдардың дәрігерге қаралмай, өзін-өзі емдеуі. Емхана-ауруханадағы «ақ халаттыларға» сенбейтін, не олардың алдындағы ұзын-сонар кезектен қорқатын қазақстандықтар үшін басты емші – дәріханашылар. Егер кез келген жерде, кез келген дәріханаға бас сұқсаңыз, провизорға өзі не жақыны душар болған дерттің ны­шан­дарын сипаттап, одан соның емін сұ­рап жатқандарды көресіз. Осы орайда Мәжіліс депутаттары бұған тосқауыл қою үшін қатаң шараға баруды – ел көп алатын, дәрігер қағазынсыз еркін сатылатын дәрі-дәрмектерді дәріханалардан тәркілеп, сыпырып алып, бұдан әрі солай сатуына тыйым салуды ұсынды.

«Антибиотиктерді айналымнан алып тастауды мен көзге елестете де алмаймын! – деп шорт кесті министр С.Қайырбекова. – Оның қажеті де жоқ». Әйткенмен, ол Мемлекет басшысының өздеріне халықтың дәрі-дәрмекке қатысты хабардарлығын, ақпараттану деңгейін арттыру туралы тапсырма бергендігін еске алды. «Сон­дық­тан біз «Дәрілік ақпарат орталықтарын» аштық. Олар 16 облыста да бар. Оларға қоңырау шалу тегін. Өткен жылы 22 мыңға дейін қоңырау соғу тіркелген. Солар ар­қылы біз қандай дәріні қайсысымен қосып қабылдауға болатындығын, қандай жағдай­да ішу керектігін түсіндіреміз. Халықтың өзін тартпай, тыйым салу шарасымен бұл проблеманы шешпейсің. Демек, оны ше­шудің бір жолы – сауаттылықты көтеру» деді ДСМ басшысы.

Депутаттар сонымен қатар ұлтты ұял­тар, мемлекетке де бедел қоспас бір мәсе­лені ашық айтты: ендігі жетпегені – «тіс­сіздер», не «сары тістілер елі» атанғанымыз ба? «Менің сұрағым тіс мәселесіне қатысты болып отыр, – деді депутат Қожахан Жа­бағиев. – Тістің адам денсаулығына тигізер әсері мол екені – ақиқат!» Расында, тіске тіс­жегі түссе, оны емдемесе, адам жүрегіне де әсер ететіндігі ендігі анықталған жайт. Ал Қазақстанда жүрек-қан тамыр аурулары­ның қандай кесапатқа айналып отырғаны белгілі.
– Бүгінгі күнде тісті сапалы емдеу қала­ларда 100 мыңнан бастап, миллионнан асып жығылады! – деді Қ.Жабағиев. – Ауыл тұрғындарының 60 пайызының сапа­лы тіс емдеуге қолы жетпей отыр. Тісіңізді қалтаңыз көтерсе ғана емдете алатын жағ­дайға жеттік. Ал біз көп үлгі ететін Жапо­нияда «Тістің саулығы – ұлттың саулығы» атты ұзақ мерзімді «80-20 іс-шарасы» қабылданған. Бұл шараның негізі – әрбір 80 жасқа келген қарияның бүтін 20 тісі бо­луы шарт екен! Ал бізде 30-ға жетпей тіссіз жүргендер жеткілікті. Осы орайда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда. Медицинаның бұл саласын нарыққа беріп қойып, бақылаусыз қалдырған жоқпыз ба? – деп сұрады депутат.

– Стоматология проблемасы шынында да, бар, – деп мойындады министр ханым. – Оны жоққа шығару дұрыс болмас еді. Өйткені денсаулық сақтау ісінің жеке секторға кеткен алғашқы салаларының бірі – стоматология болатын. Бүгінде «кепіл­ден­ді­рілген тегін медициналық көмек» осы салаға қатысты шұғыл жәрдемді және балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ әлеу­меттік осал топтарға бірқатар тегін стома­то­логиялық қызметтер көрсетуді ке­піл­дендіреді.

Салидат Қайырбекова өзі ауылдарға барғанда, дәл осы мәселенің ылғи алдынан шығатынын ашық айтты. «Бүгінгі таңда бұл мәселені шешуге тырысудамыз, – деді ол. – Біз бұған дейін 49 жылжымалы медициналық кешендерді іске қосқанбыз, олар қазір ауылдарды аралап жүр. Дәл солар сияқты «жылжымалы стоматология» жасалынуы мүмкін. Қазір біз ендігі бөлін­ген бюджеттік қаражаттарды тиімді пай­да­лану есебінен осы іске қаржы табу мәсе­лесін қарастырудамыз. Мәселені шешудің бір жолы – осы. Екіншісі – өңір деңгейін­дегі мемлекеттік тапсырысты жекеменшік стоматологиялық мекеме арасында орна­лас­тыру».
Әйтсе де, екінші амалдың іске асарына министрдің өзі күмәнданатындай. «Өкі­ніш­ке қарай, жеке емханалардың бәрі бірдей, шалғайдағысы түгіл, жалпы ауыл атаулыда жұмыс істеуге бармайды. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы алқа отырысында және одан кейінгі кеңесте Үкімет алдына мәселе қойдық. Ол қазір талқылау сатысында. Біз оны шешетін боламыз, өйткені бұл – біз үшін шын мәнінде өзекті!» деп сендірді Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz

Рубрика: