АЛТЫНОРДА
Новости

«Ұйқы» ауруы авитаминоз болуы мүмкін

Астана. 11 сәуір. Baq.kz – Ақмола облысы Калачи ауылы жергілікті тұрғындарының «ұйқы» ауруы авитаминоз және иммунитеттің төмендеуі болуы мүмкін. Бұл ойды Tengrinews.kz тілшісіне Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің профессоры Үсен Кенесариев білдірді.

Ғалымның айтуынша, соңғы уақытта маусымдық сырқаттар, мәселен, тұмау асқынулармен өтуде. Ал Калачи тұрғындарының «ұйқы» ауруы қыс көктем айларында белсене бастаған. «Бұл уақытта адам ағзасы әлсіреп, ауруларға бейім тұрады. Олар бас айналу, әлсіздік белгілеріменн байқалуы мүмкін», — деді Кенесариев.
Профессордың айтуынша, шынайы «ұйқы» ауруы жұқпалы. Жәндіктер арқылы таралатын ауру Африка елдерінде кездеседі. Ал, мұндай жәндіктер Қазақстанда жоқ. Егер Калачи ауылының тұрғындары шынында да инфекцияны жұқтырған болса, науқастанғандар саны анағұрлым көп болар еді. «Ұйқы ауруының механизмі мүлдем басқаша. Неге ауру өзгелерге жұқпайды?» деді Кенесариев. Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда ұйқы ауруы тіркелмеген.
Кенесариев сондай-ақ, халықтың денсаулығы радоннан нашарлады дегенге де қарсы.
«Радонның миға әсері бар деген мәлімет қайда? Радон қалдықтары радиациялы. Ол физикалық фактор ретінде адамға әсер етіп, онкологиялық ауру туғызуы мүмкін», — деді профессор. Дегенмен, ғалым жергілікті мамандарға радонның адам денсаулығына әсерін зерттеуге кеңес берді.
Айта кетейік, «ұйқы ауруы» алғаш рет өткен жылы наурыз, сәуір айларында байқалған. Ол кезде 14 пен 70 жас аралығындағы ондаған жергілікті тұрғын әлсіздік, ұйқышылдық, бас айналу, ұмытшақтық секілді белгілерімен дәрігерге қаралған. Ал, кейбір тұрғындар екі тәулікке ұйқыға кеткен.

 

http://baq.kz/kk/news/45719