АЛТЫНОРДА
Новости

Үйдегі зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтпек

7DDBD19A-1A17-459C-94B8-0067A251D7DC_w640_r1_sҚазақстанда тұрмыста жапа шеккендерге арналған санаулы ғана паналау орындарының жұмысын азаматтық белсенділер мардымсыз грант ақшасын пайдаланып ашық ұстап отыр. Ал дағдарыс орталығы зәбір көрушіні уақытша ғана паналата алады.

Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны 30 жастағы Анна К. Азаттық тілшісіне «бес жасар қызым Машамен бірге қорған іздеп келген дағдарыс орталығында тамағымыз тоқ болды, өзімізді қауіпсіз сезіндік» дейді.  Бірақ 10 күндей пана болған орталықтан кеткен соң қайда барып бас сауғаларын білмеген. Зәбір көргендердің көбі шаңырағына оралған соң жәбірлеушінің қысымына қайтадан тап болатын жағдайлар жиі кездеседі.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын құрастырушылар тұрмыста зәбір көрсеткендердің жазасын күшейтуді ұсынады.Депутаттардың негізгі ұсыныстарының бірі —  тұрмыстық қатынастар деген ұғымның аясын кеңейту. Жоба авторларының пікірінше, тұрмыстық қатынас деп некелі ерлі-зайыптының бір шаңырақ астында тұруын ғана емес, өзге де жақын туыстарымен қарым-қатынасты атау қажет.

Әлеуметтік қызметкер үйінде зомбылыққа ұшыраған әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жылӘлеуметтік қызметкер үйінде зомбылыққа ұшыраған әйелмен сөйлесіп отыр. Қарағанды, 7 маусым 2013 жыл

Парламент депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, қазір Қазақстанда отбасында зорлық-зомбылық жасаған жандарға айыппұл салып, жазалау жеткіліксіз. Өйткені көп жағдайда оны зәбір көрушінің өзі төлейді. Яғни отбасы бюджеті ортақ болғандықтан, айыппұл да ортақ ақшадан төленеді.
Заң жобасында қарастырылған өзгерістер бойынша, зәбір көрсетуші сот шығарған ұйғарымдарды қасақана орындамаса, бір айға дейін абақтыда отырады.

Тағы бір жаңалық —  зәбір көруші мен жәбірлеушінің бір жерде тұруына тыйым салу. Яғни тұрмыста зәбір көрген жан (көбінесе әйел адамдар) дағдарыс орталығына барып паналауына болады. Бірақ іс жүзінде бұл орталықтарды табу оңай емес екеніне Азаттық тілшісі көз жеткізді.

— Зәбір көруші кез келген уақытта әлгі орталыққа барып, паналайтындай, орталық мамандары оған психологиялық және тұрмыстық көмек сияқты жан-жақты қолдау көрсете алатындай жағдай жасау керек. Ал шешім шығарылған тұлғаның жәбірленушімен бірге тұруына тыйым салынуы тиіс. Уақытша паналау орындарына орналастырып, оларға да осындай көмек көрсетілуі керек, — дейді мәжіліс депутаты Светлана Ферхо.

Биыл ішкі істер органдарына 37 мыңнан аса әйел, ал дағдарыс орталықтарына 11 мыңнан аса әйел келіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғауды өтінген.

Депутат Светлана Бычкованың айтуынша, биыл ішкі істер органдарына 37 мыңнан аса әйел, ал дағдарыс орталықтарына 11 мыңнан аса әйел келіп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғауды өтінген.

Депутаттардың пікірінше, дағдарыс орталықтарын мемлекет ашып, жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс. Өйткені дағдарыс орталықтарын мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландыру қиын.  Мемлекеттік бюджеттің бұл бабы сәуір айына дейін дұрыс қаржыландырылмайды.

— Дағдарыс орталықтары тиісті қаражатты сәуір айынан бастап қана ала бастайды, ал қаңтардан бастап сәуірге дейін орталықтың жұмысын жүргізу үшін банктен пайызға ақша алуға мәжбүр, — дейді Бычкова.

Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақованың Азаттық тілшісіне айтуынша, «Халықаралық ұйымдар грант бөлуді тоқтатқан соң Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының көбі жабылып қалды».

Алматыда зәбір көрген әйелдер көбінесе діни қауымдардың бірінің жанынан ашылған жәрдем орталығына жіберіледі. Олар пана сұрап келген жанның бетін қайтармайды. Ал Астанада дағдарыс орталығы жоқ. Азаттық тілшісі адам саудасы құрбаны болған жандарға көмектесетін орталықпен байланыса алмады.http://www.azattyq.org