АЛТЫНОРДА
Новости

ТҮРІК ЖҰРТШЫЛЫҒЫ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

ТҮРІК ЖҰРТШЫЛЫҒЫ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИНДІ ЕСКЕ АЛДЫ26 желтоқсан 2014 жылы Түркия астанасы Анкара қаласында Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтерінде қазақтың ақиық ақыны, жалынды жазушы, дарынды драматург, мемлекеттік және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына орай халықаралық конференция өтті.

Қазақ елінің тарихында тар жол тайғақ кешуге толы дәуірдің бірі ХХ ғасыр екені мәлім. Дәл осы ХХ-шы ғасырда қазақ жұрты шытырманы мен шырғалаңы мол қатерлі жолдан өтті. Ғасыр соңына қарай ұлы арманы Тәуелсіздікке қол жеткізді. Бүгінгі таңда күллі қазақстандықтардың игілігін көріп отырған Тәуелсіздік талай-талай ұрпақтың жүректерінде ұялап заманнан заманға, атадан балаға жалғасып келе жатқан құдіретті арман болған еді.

b7e61e8092859040f3e88f7ed14b20b8.jpg

Қазақ баласының еркін ел болсам деген абзал арманы көкейде тұншыққан үміт болып қана қалған жоқ, әр заманда асыл сөзге айналып, қалың қазақтың көңілінде маздап келді. Елдің еркіндігін аңсаған ұлт перзенттерінің қай-қайсы да, қыспалаңы мен қыспақтан арыла алмай келе жатқан қайран жұртына азаттықтың ақ жолын ашуды аңсады. Арманды ақиқатқа айналдыру жолын іздеді. Ғасыр басында олардың бәрі қалың елді төрге оздырудың жолын Абайдың ағартушы демократтық идеяларынан тапты. Солардың арасынан қазақтың ақиық ақыны Сәкен Сейфуллин де қазақ баласына лайықты жолды табуға ұмтылды.

Алғашқы өлеңдерінен бастап, Сәкен шығармашылығында айшықтала көрінетін көркем бейнелілік, көркемділікпен ұштасқан салиқалы ой кейінгі туындыларында да кемелдене көрінді. Оның жарқын мысалдарын лирикалық өлеңдерінен «Көкшетау», «Аққудың айрылуы», «Қызыл ат», «Лашын әңгімесі», «Аққу құс күйі»  тағы сол секілді көлемді шығармаларынан молынан ұштастыруға болады. Сәкеннің ақындық қуаты кешегі кеңестік жылдарда айтылған көбіне-көп жағдайда идеалдық тұрғыдан ғана бағаланған пікірлер шеңберіне сыймайды.

9498ed031f626e5e0a03bdaff296f5f9.jpg

Сәкен Сейфуллиннің алуан қырлары, жаратылысына тән қасиеттерінің бәрі де қазақ мәдениетінде мәңгілікке орныққан ұмытылмас еңбектерінің бір саласы ол – Сәкен әндері. Оның «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік» тағы басқа әндерінің бәрі сөз бен әуеннің табиғи жарасымымен және Арқаға тән дәстүрдің сақталуымен ерекшеленеді. Сәкен әндерінің халық жүрегінен берік орын алғандығы соншалықты, ақынның есімін еске алудың өзі қатерге айналған жылдарда да, оның әндері ел ішінде орындалып жүрді. Тіпті күні бүгінге дейін ел арасында, Сәкеннің жаңа әндерінің табылып жатуы да халықтың оған деген шексіз сүйіспеншілігінің мол екендігін аңғартады.

6a56c108e3ea485271f1d67728cb2b19.jpg

Халықаралық жиынға қатысқан шетелдік қонақтар, сәкентанушы-ғалымдар мен Сәкен шығармашылығымен етене таныс түрік жұртшылығы осылай бағалады. Айтулы шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қырғыз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ибрагим Жунусов, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі Ғабдрахман Омаров, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, сәкентанушы-ғалымдар филология ғылымдарының докторы, Гази университетінің доценті Жәмиля Кынажы, филология ғылымдарының докторы, Анкара университетінің доценті Мұрат Жеритоғлы, филология ғылымдарының докторы, Ниғде университетінің доценті Хикмет Қораш, Анкара қаласы Етимесгуд ауданының әкім орынбасары Аладдин Сонат, Әдеби шығармалардың авторлық құқын қорғау ұйымы ИЛЕСАМ-ның төрағасы Мехмет Нұри Пармаксыз, Сәкен Сейфуллиннің ұрпақтары ұлттық өнер мен мәдениеттің қолдаушысы, белгілі меценат Сәкен Сейфуллин, Асылгүл Әбіш, Архимед Жанғазиев, белгілі түрколог-ғалым Хәкім Омар, журналист Бақтыбай Жұмаділдин, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драмалық театрдың актеры Қанат Жүніс, Ұлттық президенттік оркестрінің талантты әншісі Бибигүл Сауытова және тағы басқа түрік зиялы қауым өкілдері қатысты.

02eaf13e5832017e40cdb490cdf18bc9.jpg

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы жыл сайын түркі дүниесінің белгілі тұлғаларын және олардан қалған мұраларын бүкіл әлемге паш етіп келеді. 2014 жылды «түркімен шайыры Мақтымқұлы Пырағы және қырғыздың ақыны Тоқтағұл Сатылғанов» Жылы деп жариялаған болса, 2015 жылды «түрік драматург-жазушысы Халдун Танер мен хакас нымахчысы Семен Кадышев» Жылы болып бекітілді. Осы шаралардың аясында түркі әлеміндегі әдебиет пен мәдениет саласына еңбегі сіңген, түркі әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан талантты тұлғаларды жиі-жиі еске алып отырады.

Қазақстандық делегация ТҮРКСОЙ тарапынан ұйымдастырылған шара барысында Анкараның төріне қойылған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішінде болды. Содан кейін Абай, Мағжан және Шыңғыс Айтматовтардың ескерткіштеріне барып гүл шоқтарын қойды. Артынан Ататүрік мұражайын тамашалады.

Жиында алғашқы сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Сәкен Сейфуллин қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ талантты тұлға. 1924 жылы Түркиядағы жағдайды саралап, баяндама жазған атақты ақын екі ел арасындағы достық пен бауырмалдықты атап өткені баршаға мәлім. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Сәкеннің Сейфуллинге арналған жиындар мен концерттік бағдарламалар өтті. Бүгінгі күнде Түркияның төрінде сонау Жаңаарқа ауданынан бастау алған той жалғасын тауып өтіп жатыр. Тойларыңыз құтты болсын, ағайын!» — деп түрік жұртына алғыс айтып құттықтады.

Қырғыз Республикасының Түркиядағы Елшісі Ибрагим Жунусов Сәкен Сейфуллиннің шығармалары мен одан қалған өлмес мұралары қазақтың ғана емес, қырғыз елі үшін де аса қымбатты екендігін, сондай-ақ бір топ қырғыз ақындары Сәкеннің өлеңдерін қырғыз тілінде сөйлетіп, поэзиядағы биіктігін, ерекше талғамы мен ұлы ақынға тән қасиетін көрсетіп келгендігін айтты. «Сәкенді қазақтар қалай сүйсе, қырғыздар да солай сүйеді. Өйткені қазақтың қырғыз аталып, сол қырғыздың атынан шығып, сөз сөйлеп, ХХ ғасырдың басында «қырғыз» деген атауды әлемдік деңгейге көтерген Сәкен Сейфуллин еді. Қазақ қандай тағдыр кешкен болса, қырғыз да сол өмірдің куәсі болды. Қырғыз берек айтпайды: «Қазақ пен қырғыздың арасы – көздің ақ пен қарасы».

Сәкен Сейфуллин шығармашылығын зерттеп жүрген түрік сәкентанушы-ғалымдардың ішінен филология ғылымдарының докторы Жәмиля Кынажы өз баяндамасында: «Алғашқы туындыларын жиырма жасынан бастап жаза бастаған және аз ғана уақыттың ішінде үлкен шығармаларды дүние алып келген қазақ әдебиетінің классигі, «сегіз қырлы, бір сырлы» Сәкен Сейфуллин құрбан болып кетпегенде, қазақтың ғана емес, бүкіл түркі жұртының мәдениет пен өнер саласына әлдеқайда көп үлес қосар еді. Алайда тарихты қайта тірілту мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың міндеті – тарихи қателікке ұрынбай, сол күннің шарттарын ескере отырып, осынау биік тұлғаны асқақтатып отыру. Тәуелсіз ел болуы жиырма жылдан асқан шағында Сәкенді ақтың не қараның адамы демей, қазаққа әрі түрікке ортақ құндылықтардың негізінде әлі зерттеу қажет деген ойдамын. Сондықтан Сәкенді ХХІ ғасырдың көзқарасымен қайтадан зерттей келе әлемге паш ету керек. Өйткені сырбаз Сәкеннің шығармашылығының арқасында қазақ елі қандай сұлу болып көрінеді,» — деді.

Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзі оқылған соң, Қарағанды облысы Жаңаарқа әкімі Ғабдрахман Омаров құшақ жая қарсалған түрік жұртына алғыс білдіріп, Қазақстанда Сәкен Сейфуллин атымен аталған жерлер мен мекемелердің, көшелер мен ұйымдарды атай келе сөзін былайша жалғастырды: «Бүгінгі халықаралық жиынның біздер үшін, келер ұрпақ үшін, жалпы халқымыз үшін берері көп. Бүгінгі өтіп жатқан халықаралық жиынды ұйымдастырып отырған және Жаңаарқа ауданында қыркүйек айында «Мәдени-мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында өткен «Туған жерден түлеп ұшып, ұлт мақтанышына айналған тұлғалар және олардың мұраларының тағылымы» атты конференциясыныңөтуіне бүкіл түркі тілдес халықтардың мәртебелі ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың тікелей қолдауын ерекше атап өткім келеді. Сан қырлы саңлақ тұлға, Сәкен Сейфуллиннің азаматтық шығармашылық қасиеттерін бірер парақ өлеңдегі мақаламен түйіндеп беру мүмкін емес. Тек бір шындықты жадымызда ұстауымыз абзал, ол шындық – ұлтын сүйген ұлы жүрек иесінің ұлт жадында мәңгілік сақтала беретіндігі туралы ақиқат. Шұрайлы да шырайлы Жаңаарқа өлкесі – сан даралар мен даналардың киелі ордасы, алтын бесігі, ата мекені. Бұл қасиетті топырақ – сан ғасырды бойлап, тарихтың талай құпиясын сақтаған, бүгінгі күндері даласы ән мен жырға айналған, берекелі еңбек өрбіткен өңір. «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу – ең алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», — деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біздің бүгінгі мақсатымыз ауданымыздың тарихи келбетін жоғалтпай, келер ұрпаққа жеткізу, өлке шежіресін құрметтеу, қастерлеу. Бұл тұрғыда сыртта жүрсе де құлағын түре жүретін, туған жерге деген сүйіспеншілігін өздерінің іс-қимылымен білдіріп жүрген жерлестерімізге көп алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин шығармаларына ден қойып, түрік тілінде сөйлетіп, оның терең ойларын зерттеп, поэзиясына мән беріп жүрген түрік бауырларымызға да алғысымыз шексіз.»

Жиын барысында өнер көрсеткен бірнеше байқаулардың жеңімпаздары, талантты әншілер Қанат Жүнісов пен Бибигүл Сауытова Сәкен Сейфуллиннің әндерін шырқап, түрік жұртшылығын тәнті етті. Сәкеннің немересі Сәкен Сейфуллин отбасы атынан ТҮРКСОЙ ұйымы мен түрік жұртшылығына алғыс лебізін білдірді. Жиынды жүргізген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/63133