АЛТЫНОРДА
Новости

ТҮРІК МЕКТЕПТЕРІНЕ ТЫҚЫР ТАЯДЫ

Түркия үкіметінің шет елдердегі түрік мектептерінің қызметіне көңілі толмайды. Білім ордаларының қызметін тоқтату қажет деп санайды. 

Түркия премьер-министрі «бұл мектептер ұлттық мүддеге қарсы насихат жасайды» деген пікірде.

Реджеп Тайып Ердоған жуырда өткен сайлаудан кейін «әлемнің 160 елінде жұмыс істеп жатқан екі мыңдай түрік мектебін жабу керек» деп кесті.

Бұл шешімді Түркияның сыртқы істер министрі де қолдады. Ахмет Давутоғлының айтуынша, шетелде қызмет ететін отандастары Түркияның бүгінгі саясатын айыптап, ел имиджіне нұқсан келтіріп жүр.

Естеріңізде болса, сайлау алды тартыста премьер-министр Тайып Ердоған үкіметінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлығы жөнінде әлеуметтік желіде түрлі ақпараттар жарық көрген.

Шет елдердегі түрік лицейлерінің басым бөлігі Гүлен басқаратын «Хызмет» қозғалысының қолдауымен құрылған.

Ал Ердоған «Хызмет» қозғалысының негізін қалаушы Фетхулла Гүлен мен жақтастары мұны ел ішінде тұрақсыздық орнату үшін таратып отырғанын және сайлаудан соң оларды түп тамырымен жоятынын мәлімдеген.

«Шетелдегі түрік мектептері — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Оқиғаның дәл осылай өрбуіне Түркияны қаралайтын арыз-шағымдардың жазылуы себеп. Кезінде бұл мектептерге барынша қолдау көрсеттік. Шетелге жасаған әр сапарымызда түрік мектептеріне бас сұқпай кетпейтінбіз», — дейдіТүркия республикасының сыртқы істер министрі Ахмет Давутоғлы.

Ал қазір шетелде қызмет ететін азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері Түркияға, өз отанына қарсы хат жазып жан-жақты қаралап жатыр. Олардың кімге қызмет етіп отырғаны белгілі болды. Біз оларға шара қолдануымыз тиіс.

Дегенмен мұндай ұйғарым Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің жұмысына әсерін тигізбейді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі секем алудың қажеті жоқ деп сендірді.

Айтуларынша, лицейлерде білім Қазақстанның оқу бағдарламасы бойынша беріледі. Олар арнаулы білім беретін дарынды мектептер санатында.

Қазір республикамызда 30 қазақ-түрік лицейі бар. Білім ордаларында 8 мыңнан астам шәкірт оқиды, 800-дей ұстаз еңбек етеді. Ұстаздардың 86 пайызы — қазақстандық мұғалімдер.

Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директоры Жаңыл Жонтаеваның мәлімдеуінше, барлық қазақ-түрік лицейлері мемлекеттен қаржыландырылады.

Лицейлер облыстық әкімдіктерге қарайды. Барлық облыс орталықтарында бар. Алматы, Астана қалаларында да орналасқан. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ, барлық жұмыстар жүйелі түрде, оқу жылының аяқталуына, кәдімгі мектептер сияқты дайындалуда.

Дуанабай Жолдасбек

 

http://www.aikyn.kz/articles/view/46741