АЛТЫНОРДА
Новости

«Тіл инспекциясы тезге салар еді»

«Ана тілі» газетінің 2013 жылғы №9 (1163) санында журналист Қуанбек Боқаевтың «Тіл инспекциясы тезге салар еді» атты мақаласы жарық көрген болатын. Автор өз мақаласында мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылып, жазылуын, жалпы тіл мүддесінің сақталуын қадағалайтын «Тіл инспекциясын» құру мәселесін көтерген еді. Осыған орай редакциямызға бірқатар хаттар келді. Оқырман назарына осы хаттардың бір парасын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

 

Шешімін күткен мәселе

Адам Мекебай, жазушы

Адам Мекебай, жазушы

Мен біраз жылдардан бері қаржы жүйесі бірыңғай қазақ тілінде қызмет атқармаса мемлекеттік тіл өмірде өз мәртебесіне сай қолданылмайтыны жөнінде мақалалар жазып, сұхбат беріп, пікірталастарда осындай ойларымды дәлелдеп жүрмін. Бұл жөнінде өзімнің «Ой түбінде жатқан сөз» деген философиялық мәндегі кітабымда да жан-жақты дәлелдеген едім. Алайда менің жазғандарыма ешкім құлақ асқан жоқ. Себебі «Тіл туралы» Заңды, Конституция талабын орындауды қадағалауды күшейту керек. Журналист – Қуанбек Боқаевтың «Ана тілі» газетінің 28-ақпан – 6-наурыз күнгі санында жарияланған «Тіл инспекциясы тезге салар еді» деген мақаласын оқып, қолыма тағы да қалам алдым. Қаржы министрлігі, банк жүйесі де шын мәнінде қазақ тілінде қызмет атқармайды. Мұның Конституцияға қайшы екенін дәлелдеп, оларды айыптауға тиіс заң органдарының өзі дәрменсіздік көрсетуде. Сондықтан мемлекеттік тіл орыс тілінің қалқасында қалып келеді. Сондықтан мақалада айтылғандай, мұндай келеңсіздікті жою үшін тікелей Президентке қарайтын «Тіл инспекциясы» құрылғаны жөн. Сонда ғана мемлекеттік тіл мәртебесін үстем етуге жол ашылар еді.

Жауапсыздыққа жол бермейді

Іңкәр Матжанова, әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ-дың  журналистика факультетінің студенті

Іңкәр Матжанова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

Студенттер арасында тіл туралы пікірталас жиі болып тұрады. Көшелерде жарнамалар қазақша қате жазылса да оны жөндеуге ешкімнің күші жетпейтініне таңданатынбыз. Конституцияда «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылса да, өзгені былай қойып, құзырлы органдар басшылары баяндамаларын орысша жасап, кездесулерін орысша өткізеді. Сондағы сылтау – «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тұжырым. Ал шын мәнінде орыс тілі қазақ тілінен артық қолданылып жүргенін ұғына алмайтынбыз. Мұның өзі Конституцияға қайшы екенін журналист Қуанбек Боқаев «Ана тілі» газетінің 28-ақпан – 6-наурыздағы санында жарияланған «Тіл инспекция­сы тезге салар еді» деген мақаласында бұлтартпай дәлелдепті. Мұндай олқылықты жою үшін автор «Тіл инспекциясын» құру туралы ұсыныс білдіріпті. Мұндай инспекция көшелерде ілулі тұрған жарнамалардың қателігі үшін дереу айып салса, билік орындарында орыс тілі қазақ тілінен артық қолданылып жүрсе, оның басшыларын тәртіпке шақыру туралы ұсыныс білдіріп, заңдық тұрғыдан қатаң жауапкершілік сұралса, бұл мәселе жөнделер еді. Студенттер арасынан телеарналарда шенеуініктердің көбінесе бірыңғай орысша сөйлейтіндігіне реніштерін жиі естиміз. Егер салық инспекциясы болмаса салық төлеу ісі бетімен кетпей ме?! Тіпті көптеген заңды тұлғалар, байлар салық төлеуден жалтарып кетер еді. «Тіл инспекциясының» Ережесінде тіл заңын бұзғандарға нақты қолданатын пәрмені болса, онда мемлекеттік тіліміздің Конституцияға сай үстем болатыны сөзсіз.

Заң бұзушылыққа тыйым болар еді

Данияр МЕДЕТХАНОВ, Шет тілдер және іскерлік карьера  университетінің 1-курс студенті

Данияр МЕДЕТХАНОВ, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 1-курс студенті

Құзыретті орындарда қазақ тіліне қатысты кемсітушіліктерге көз жұма қарау, орыс тілінің дәрежесін көтермелеу, мемлекеттік тілге қатысты өрескел заң бұзушылықтардың жазаланусыз қалуы – тіл мәселесінің әлі де күрделі жағдайда қалып отырғандығының дәлелі. Кейбір шетелдік фирмалар қызметкерден ағылшын тілін білуді талап етеді және бұл заңды дейді. Ал бізде құзырлы органдар қызметкерлерінен мемлекеттік тілді меңгеру әлі талапқа айналар емес.
Бір ғана Алматы қаласының көшелерінде көзге шалынатын толып жатқан жарнамалар мен атаулардағы қателерден көз сүрінеді. Тіпті бұған көзіміздің үйренгені сонша, еш әрекетсіз жүре беретін болдық. Құзырлы орындардың да тиісті шаралар қолданып жатқанын көрмейсің. Бұл мәселеге әрқайсысымыз атсалысуға тиіс емеспіз бе? «Ана тілі» газетінің 28-ақпан – 6-наурыз күнгі санына «Тіл инспекциясын» құру, оның пәрменді болуы жөнінде мәселе қозғалып ұсыныс білдіріпті. «Тіл инспекциясы» құрылатын болса, тілді заң жүзінде қорғап, қадағалайтын ұйым пайда болар еді.
Меніңше, бұл өте орынды ұсыныс. Өйткені тіл мәселесін жекелеген адамдар қанша жерден айтып, жазса да, олардың қолында заңдық пәрмен болмағандықтан, айтылған сөзден ешқандай нәтиже шықпайды.

 http://anatili.kz/?p=12567