Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

budni.kzҚазір біздің қоғамда көрші Ресейдегі жағдайды бағдарлап және әлемдік нарықтағы мұнай бағасын шамалап осыған орай «жуырда теңге девальвациясы қайта қайталануы тиіс» деген пікірлер жиі айтылады. Тіпті сарапшылардың біразы «алдымен сайлау болады, бұдан соң теңге құнсызданады» дегенді де алға тартып отыр. Бірақ экономист-сарапшылардың біразы «бізді теңге девальвациясы тығырықтан алып шыға алмайды» дейді.

Сарапшылардың пайымдауынша, «теңгені девальвациялау арқылы қандайда бір қиындықтан шығамыз» деу бұл – уақытша құбылыс. Теңгені құнсыздандыру арқылы біз экономикалық ахуалды бар болғаны екі жылға ғана тұрақты ете аламыз. «Ал бұдан соң әрбір екі жыл сайын ұлттық валютаны құнсыздандырып отыруға тура келеді» дейді мамандар.

Ендеше қайтпек керек? Ұлттық валютаны тегеурінді ету үшін қандай салаларға серпін берілуі қажет? Елде қайсыбір сарапшылардың болжап отырғанындай сайлаудан кейін девальвация бола ма? «Алаш айнасы» бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Теңгені құнсыздандыру кімдерге тиімді?

Білесіздер, қазір көрші Ресейдің экономикалық ахуалы ауыр. Сондай-ақ, биыл әлемдік нарықтағы мұнай бағасы да шегіне жете төмендеді. Осы екі себептің салдарынан өткен айда бізбен одақтас Беларусь елінің ұлттық валютасы 30 пайызға құнсызданды. Сол тәрізді бізбен бірге Еуразиялық Экономикалық Одаққа біріккен Арменияның ұлттық валютасы да қазір құнын түсере бастады.

Сөйтіп, Еуразиялық Экономикалық одақ аясына біріккен елдердің ұлттық валютасы бірінен соң бірі құнсызданып жатыр. Беларусь пен Армения елінің экономист-сарапшылары мұның себебін Ресейдегі ахуалмен және мұнай бағасының күрт төмендеуімен тығыз байланыстырады. Мысалы, Армениядағы тұтынушыларға кеңес беру орталығының жетекшісі Карен Чилингарянның айтуынша, Ресейдегі дағдарыс салдарынан Арменияға келетін қаржы көлемі күрт қысқарған. Бұл ретте ол «бір ғана еңбек мигранттарының Ресейге барып табатын табыс көзі жоғалды. Бұрын Армениядан Ресейге баратын мигранттар елге шамамен жылына 1,8-2 млрд доллар қаражат әкеліп отырған болса, қазір бұл көрсеткіш нөлдік деңгеймен тең. Ал қаржысы бар жұрттың дені қолына ақша түссе Ресейден көлік, техника, жылжымайтын мүлшік сатып алуда. Ал бұдан барып отандық тауарлар өтпей, сөрелерде құр бос ескіруде. Экспорттаушылар тіптен қинала бастағаннан кейін Армения Ұлттық банкі драмды құнсыздандыруға мәжбүр болды» дейді. Ал енді Қазақстанда девальвация қайталана ма? Жалпы, нақ қазір біз үшін теңгені құнсыздандыру тиімді ме? Экономист-сарапшы Марал Төртенованың пайымдауынша, мына бір екі себептің өзі-ақ девальвацияның қайталатынын көрсетіп-ақ тұр:

1) Биыл әлемдік нарықтағы мұнай бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейде төмендеді. Осыған орай біздің елде мұнайдан түсетін түсім азайып, бюджет қоржыны босады. Экспорттаушылардың да табысы азайғаннан кейін олар үкіметтен көмек сұрай бастайды. Жалпы, сыртқа тауар шығаратын компаниялар үшін теңгенің құнсыздануы тиімді. Біз үнемі экспортқа тауар шығарушыларды қолдау үшін теңгені девальвация жасаймыз. Себебі, ел бюджетіне экспорттан түсетін түсім жоғары. Сондықтан олар үшін доллардың құнын өсіріп, теңгені құнсыздандыру тиімді болып келді. Өйткені олар алыс-беріс сауда-саттықты теңгемен емес, доллар арқылы жасайды. Бұл жерде тағы мұнай бағасының ұлттық валютаның құнын ұстап тұруға әсер ететінін байқаймыз. Қазір мұнайдан түсетін түсім да азайды. Енді сол азайған түсімнің орнын толтыру үшін біздегі экспорттаушылар тауарын қымбатқа сату керек. Ол үшін доллар қазіргідей 180-182 теңгенің айналасында болса түсім көбеймейді. Сондықтан бюджетке түсетін түсімді көбейту үшін долларды қымбаттатып, теңгені түсіруге тура келеді. Бұл әрине алыс-беріс саудада доллардың қымбат болуы экспорттаушылар үшін, бюджетке түсім әкелу үшін де тиімді. Бірақ өкініштісі, бұдан қарапайым халық қиыншылыққа түседі. Мұнай бағасының қазір 56 доллар болып тұрғанын есептесек, мұндай жағдайда экспорттан түсетін түсімді көбейту үшін теңге құнсыздануы тиіс.

2) Экономиканың ырғақты өсу негізін инвестициялар легі құрайтыны даусыз. Рас, инвестициялар тасқыны келіп жатыр. Ал сол инвесторлар доллармен жұмыс істейді. Олар қарыздарын доллар арқылы алады. Сыртқы қарызды да доллармен алып, доллармен жабады. Бізде инновациялық бағдарламалардың көпшілігін шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылады. Олар табыстарының барлығын доллармен ұстайды, доллармен көрсетеді. Шетелдік нарықта да доллармен сауда-саттық жасайды. Міне, инвесторларға да тиімсіз болмау үшін де теңгені құнсыздандыру қажет болады.

Девальвация уақытша ғана дем беру

Дегенмен, қайсыбір сарапшылардың пайымдауынша, теңгені құнсыздандыру бұл экономикаға уақытша ғана дем беру. Егер ел экономикасы тегеурінді, ұлттық валютамыз тұрақты болсын десек, біз болашақта мына салаларға серпін беруіміз қажет.

Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:

– Рас, әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұр. Жалпы, кез келген уақытта ұлттық валютаны құнсыздандыру бұл экономикаға уақытша ғана дем береді. Бұл әрекет экономиканы уақытша ғана қолдайды. Сондықтан теңгені құнсыздандыру біз үшін тығырықтан түбегейлі шығаратын жол емес. Көрші Ресейде болып жатқан экономикалық тұралаудың салқыны бізге өз әсерін берді. Себебі біз экономикалық тұрғыда Ресейге байлаулымыз. Өзімізден шығаратын отандық өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, бір ғана мұнайдан түсетін түсімге байлану біздің де экономикамызды абдыратты. Демек үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта қарастыру керек. Бұған қатысты отандық өндірісті қолдаудың жаңа шарттары түзілгені жөн. Себебі қазірде Ресей үшін сыртқы инвестицияның тиімсіз екені нақты белгілі болды. Ресейден инвестициялар легі қашып жатыр. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Сырттан келген инвестиция қанша жерден тиімді дегенмен, оның қауіптілігі де бар. Сондықтан әлдеқандай заман туғанда инвестиция сыртқа ыдырай қашпауы үшін отандық өндірісті қолдауға барынша назар аударуымыз керек. Доллардан арылуға да, теңгенің бағамын қалыпты ұстауға да, түсімді арттыруға да ықпал ететін бірден-бір фактор осы. Қазір жұрттың баршасы Ресейден арзан тауар алып қалуға барын салуда. Бұдан біздің нарықтағы тауарлар да өтпей, отандық өнідірістің жағдайы қиындады. Біз бұл жерде бір ғана Ресейдің арзан импортынан отандық өндірісті қорғай алмай отырмыз. Ал енді Еуропаның ипмортынан қазақстандық тауарды қорғай алмайтынымыз тіпті даусыз. Шикізатқа ғана тәуелді болу экономиканы жарға жығады. Демек біз үшін тұрақты экономиканың кепілі отандық өнідірісті дамыту. Сондықтан бұл жерде экономиканы қолдауға Қазақстан Үкіметінің Ұлттық қордан қаржы бөліп отырғаны тегін емес. Енді сол Ұлттық қордан бөлінген қаржыны шашауын шығармай тыңғылықты жұмсасақ қана жағдай нәтижелі болады. Ал ол қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетсе онда ахуал ушығады.

Жалпы, есепке жүгінсек, біздегі импорт көлемінің басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. 2014 жылы Қазақстан-Ресей арасындағы импорт сауда-саттық көлемі 17,69 млрд долларды құрады. Ал Қытаймен арадағы сауда 8,19 млрд доллар болып отыр. Осыған қарап сарапшылар « алдағы уақытта бізге теңгені құнсыздандырғаннан гөрі, отандық өндірісшілердің мүддесін бірінші кезекте ойлауымыз қажет» дейді.
Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/tengen-devalvatsiyalau-tyigyiryiktan-shyigaratyin-jol-emes-65104/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: