Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ккеҚыздархан РЫСБЕРГЕН,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты ономастика 
бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы

Осы жылдың 24-қаңтарында Елбасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойғаны көпшілікке мәлім.
Республикада күні бүгін арнайы оно­мас­тикалық немесе топонимиялық заң әзірленген жоқ, сонда бұл қандай заң­на­малар дегенге келсек, «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының әкімшілік-аумақ­­тық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8-желтоқсандағы Қазақстан Республи­ка­сының Заңына, Қазақстан Республика­сын­дағы «Тіл туралы» 1997 жылғы 11-шілдедегі Қазақстан Рес­публикасының Заңына, «Қазақстан Рес­публикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Заңына және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 26-қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңының жеке тармақтары мен баптарына тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыр.

Барша қауымға белгілі, тәуелсіздік алғаннан кейін ұмыт болған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, тарихи атауларды қайтару ісі қызу қолға алынып, еліміздің барлық аймақтарындағы жергілікті атқарушы орындар мен ономас­ти­калық комиссиялар бұл жұмысқа аса бір ыждаһаттылықпен кірісіп кеткен бо­латын. Сөйтіп, тәуелсіздік жылдары мың­даған отаршылдық пен тоталитарлық мазмұндағы елді мекен атауларына тарихи атаулары қайтарылып, еліміздің картасынан егемендігімізді паш ететін жаңа мазмұндағы топонимдер пайда болды. Өзгертулердің сипатына келетін болсақ, Кеңес кезеңінде қаптап кеткен большевиктік идеологиядағы атаулар орнына тарихи тұлға, ұлт қайраткерлері, батырлар, ақын-жазушы есімдері жер-жерлерде көптеп беріле бас­тады. Әрине, алғашында бұған қуанбаған қазақ болмаған шығар. Алайда кеңестік үрдіспен енді ұлттық тұлға атауларының елді мекен атауларымызда көбейу қаупі туды. Бірінші кезекте бұл атаудың мекенжайлық, бағдарлық, яғни адрестік қызметіне зиянын тигізетінін ескерсек, қолданысқа енген жаңа заңнама осы үдеріске тосқауыл болып, реттестіретіндігіне сенімдіміз.
Сонымен атау өзгертуге жарияланған мораторий аяқталды, ендігі жерде бес жылда өзгеруге тиіс атаулар саны қордаланып қалғандығы да белгілі. Бұл, ең алдымен, жергілікті атқарушы орындарға салмағын түсірсе, бүкіл республика бойынша өзгертуге тиіс атаулар тізімі Республикалық комиссия қарауына түскенде атқарылар жұмыс көлемінің қаншалықты болатындығын бағамдаудың өзі қиын.
Республиканың баспасөз беттерінде қандай да бір аймақтардағы атауларды өзгерту жөнінде жиі мәселе көтеріліп жатады. Бұлардың ішінде тарихи атауларды өзгертуге байланысты да ұсыныстар жоқ емес.
Мәселен, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаев Қазақстандағы бірнеше ірі қала атауларын өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Өскемен қаласын – Д.Қонаевтың, Семей қаласын – Абайдың, ал Павлодар қаласын – Қ.Сәтбаевтың есімдерімен атау жөнінде ой тастады. Бұған қатысты айтарымыз, ұлтымыздың ардақты азаматтарының рухтарына бас ие отырып, жалпы ойконимдік атауларды (елді мекен атаулары) қоғам қайраткерлерінің есімдерімен атау большевистік партократиялық режимнен қалған «мұра». Кезінде Ресейдегі бірнеше ірі қалалардың атаулары сталинизм мен тоқырау заманы көсемдерінің есімдерімен аталғаны тарихтан белгілі. Естеріңізде болса, Набережные Челны – Брежнев, Рыбинск – Андропов, Самара – Куйбышев, Тверь – Калининград болып өзгертілді емес пе? (Бұған Калининнің өзі 1931 ж. қол қойған екен). Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл қалалардың тарихи атаулары қайтарылды. Кезінде зиялы қауым, бұқара көпшілік Компартияның бұл әрекетін ерсі көріп, наразы болғанмен, айтарын айта алмай, іштен тынды. Семей қаласының атауын өзгертсек, біздің бұл әрекетімізді ертеңгі келер ұрпақ сөкпесіне, тарихи атау­ды қайтарып сарсаңға түспесіне кім кепіл? Осы ретте жергілікті ономастикалық комиссиялар алдында қыруар міндеттер тұр, алдымен олар бір атаудың екінші бір атауға өзгерту туралы ұсынысты, оның жан-жақты тарихи-тілдік негіздемесін дайындау қажет. Бұл, мәселен, «Инфекционный» көшесінің атауын «Высоковольтныйға», Мәдениетті Өркениетке ауыстыру сияқты келеңсіз тәжірибенің алдын алмақ.
Еліміздің әр түкпірінде кездесетін Қаскелен, Күршім, Күрметі, Шамалған, Боралдай, Ораңқай және көптеген өзге осы сынды, мағынасы көнерген жер-су атауларының біразы, тұрғындардың пайым­дауынша, жаугершілік заманында пайда болған, жоңғар батырларының аттары-мыс. Осы ретте жергілікті билікті мұндай мәселелерді сараптамадан өткізіп барып ойластырып шешкені жөн дейміз.
Моңғолтектес элементтері мол кездесетін еліміздің шығыс өңіріндегі Күршім тарихи атауын өзгерту туралы ұсыныстар да жоқ емес. Осы туралы өз ойымызды айта кетсек. Шығыс Қазақстан, Алтай өңірінің топонимиясы тарихи-тілдік жағынан өте күрделі, аса көне болып келеді. Ғылыми зерттеулерден байқағанымыз, бұл өлкеде есте жоқ ерте заманнан бері көптеген ру-тайпалар тарих тайқазанында сапырылысып-араласып отырған және олардың тілдік элементтері еліміздің жер-су атауларында өз таңбасын көптеп қалдырған. Бұл атаулар ұлттық төл топонимиямыздың құрамдас бөлігі ретінде сіңісіп, қалыптасып кеткен, семантикасы көмескіленген субстраттық тарихи қабатқа жатады, олар: Қалжыр, Қатон-Қарағай, Күршім, Күрті, Қарагем, Қалғұты, Жазатыр, Тошанты, Тарбағатай, Үржар және т.б.
Күршім атауы туралы халықтық этимология: «Қалмақтар шапқыншылығы кезінде қазақ батырлары жаудың бір «Күрсін» есімді батырын өзен бойында өлтіріп, өзенге сол қалмақ батырының атын беріпті» дейді. Бұл атаудың мағынасын қазіргі әдеби қазақ тілі тұрғысынан түсіндіру қиын, себебі бұл ерте кезеңдерде пайда болған атау және көне моңғол, көне түркі тілдерінің элементтерінің қатысумен жасалған түркі-моңғол тіл бірлестігінің белгісі ретінде алтай дәуірінің тілдік компоненті болуы мүмкін. Қазақ тілші ғалымдары Күршім атауы туралы алуан пікір айтады, яғни барлығы да болжам (гипотеза) деңгейінде, себебі гидроним өте көне болғандықтан кесімді пікір айту қиын.
Күршім гидронимі туралы Алтай өңірінің жер-су атауларын диссертациялық жұмысында зерттеген Б.Бияров: «Атауға өзеннің тар арнамен жылдам ағуы, өзен арнасында ірілі-ұсақты қойтастардың молдап кездесуі әсерінен гүрілдеп ағатын сипаты уәж болған» дейді. Ол Қытай жерінде Күршім тәрізді Қара Ертіске құятын Бүршім деген өзен бар екендігін де айтады. Ресей жерінде де Курчум жер-су атаулары кездеседі.
Қазақ жерінде жоңғар батырларының атынан қойылыпты-мыс деген Шамалған, Қаскелен, Боралдай, Күршім, т.б. атау­лар толып жатыр. Бұл халықтық этимология. Ғылыми этимология бойынша көне атаулар кісі атынан емес, сол жердің географиялық ерекшеліктері, жер бедері, су ағысы ерекшеліктері, өсімдік атаулары уәж болған аталым негізінде пайда болған. Қазақ тарихында жоңғар шапқыншылығы ХVIII ғасырда ғана орын алғандығы белгілі, ал сонда Күршім және өзге өзен-суларымыз жаугершілік заманына дейін атаусыз келген бе деген сауал туындайды. Екіншіден, Ұранқай (Ораңқай) атауы еліміздің бірқатар аймағында кездеседі, сонда жоңғар батырының аяғы бірінен-бірі шалғай жатқан аймақтарда болып, жаулап, өз есімін ескерткішке қалдырған ба дерсің. Ата-бабаларымыз туған жер үшін қаншама қан төккен. Сонда қалай болған, дұшпан-жауларының есімін жанына ыстық атажұртына, кіндік қаны тамған жерінің өзен-су, елді мекендеріне ойланбастан оп-оңай бере берген бе? Бұл ешбір қисынға келмейді. Мысалы, біздің зерттеуіміз бойын­ша Ұраңқай «жылан» ежелгі тотемдік белгісімен байланысты этнонимдік топоним.
Атауларды өзгертуге қатысты мораторий мерзімі аяқталғандықтан, енді жергілікті, Республикалық ономастикалық комиссия қарауына осы тектес ондаған елді мекен атауларын өзгерту туралы ұсыныс түсері хақ. Сондықтан ең алдымен тіліміздің сіңісті болған, ерте кезден қалыптасқан тарихи атаулар корпусын сақтап қалуымыз керек. Тіліміздегі өзге тілден енген барлық атауларды ауыстыру жетегінде кетер болсақ, өте ерте замандарда қалыптасып, сіңісіп кеткен мыңдаған араб, парсы тілді атауларды Қазақстан картасынан алып тастауға тура келеді. Сондықтан Күршім атауын өзгертуге ғылыми-практикалық тұрғыдан негіз жоқ деп есептейміз.
Бұқаралық ақпарат құралдары жиі сөз ететін Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ірі облыс орталықтарының Петропавл мен Павлодар атауларын өзгерту керектігі туралы тұрақты қоғамдық пікір қалыптасқан.
Павлодар атауын өзгерту туралы ономас­тика саласының сарапшы маманы ретінде өз ойымызды айтар болсақ, әрине, өзгерту керек деп есептейміз. Павлодарды өзгертуге қатысты ұсынылған тізімдегі оншақты атаудың ішінен (негізінен жасанды номинация) қалаға, облысқа Ертіс атауын беру орынды деп білеміз. Біріншіден, ол Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан, екіншіден, адамзат тарихында ежелгі өркениеттер ұлы өзен алаптарында пайда болып, елді мекендерге сол өзендердің атауы беріліп отырған. Әлемде өзен атауларынан қойылған ірі қалаларға, мегаполистерге айналған елді мекендер жүздеп, мыңдап саналады. Сондықтан ономастикалық аталым заңдылығы тұрғысынан Павлодарға Ертіс атауы берілуі ғылыми тұрғыдан орынды да әділ шешім болар еді және кез келген қоғамдық топта наразылық тудырмауы тиіс табиғи атау.
Осы кезге дейін баспасөз бетінде Петропавл қаласын Қызылжарға ауыстыру жөнінде бірнеше мақала жарияланды. Бұл мәселені әрі қарай талқылай бермей, тарихи әділдікті орнату үшін Петропавл қаласына өзінің тарихи Қызылжар атауын қайтарылуы ең жоғары мемлекеттік деңгейде өзінің оң шешімін табуға тиіс.
Қабылданып отырған ономастикалық заңнамада атау өзгертуде жергілікті тұрғындардың пікірін ескеру керек деген бап бар. Еліміздің солтүстік аймағында өзге ұлттардың қалың қоныстанғандығын ескерсек, қарама-қарсы, кереғар пікірлер де көп болатындығы белгілі. Алайда аталмыш заңнамада қоғамдық пікір қалай ескеріледі, қандай жолдармен жинақталмақ деген мәселенің басы ашылмаған.
Кезінде Ленинград қаласына өзінің бұрынғы Санкт-Петербург атауын қайтаруға 48 пайыз ленинградтықтар наразылық білдірген екен. Бұл атау блокадашылар үшін ащы тарихтың беттерін, көрген қиыншылықтарын, тұрғындардың біріне-бірі болысқандықтың, бауырмашылдықтың символы ретінде ыстық болатын. Бірақ соған қарамастан, қаланың тарихи атауы кейіннен қалпына келтірілді.
Сөз соңында айтарымыз, Петропавл мен Павлодар ойконимдері өзге мәдениет пен идеологияның куәсі (таңбасы) ретінде қазіргі қарқындап өсіп келе жатқан, ха­лықаралық қауымдастықты мойын­дат­қан Қазақстанның саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік кеңістігінде үйле­сім таппай, оғаш «тарихи анахронизм» ре­тін­де қабылданып тұр. Яғни жаңашыл-инно­ва­циялық бағытты бетке алған тәуелсіз мемлекетіміздің ұлттық ономастикасындағы осы тектес «рухани сүйелдерді» жаңаша мазмұндайтын тарихи атауларды қалпына келтіру керек. Жергілікті ономастикалық комиссиялар басшылыққа алатын өзгертуге болмайтын тарихи атаулар тізімін, Қазақ­стан­ның тарихи атаулар қызыл кітабын жасау керектігін баса айтқымыз келеді.

http://anatili.kz/?p=14230

 

Рубрика: