АЛТЫНОРДА
Новости

Тәрбие бесігі – сөз

TarbueҚазақ халқы адам өміріндегі сөздің алар орнын, оның күш-қуатын жете түсініп, сөз сөйлей білуді ежелден-ақ өнер ретінде бағалаған. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» тәрізді аталы тұжырымдар тегін айтылмаған. Жуанды жуасытып, албыртты сабасына түсіретін де сөз. Иінді жерінде айтылған өткір, мәнді сөздер қашан да көп көкейіне тез ұялап, өзінің тыңдаушысын тамсандырады. Небір ғажайып ойлар, пікірлер сөз арқылы кестеленіп, оқушысын немесе тыңдаушысын баурайды. Білім боп сіңіп, тәлім боп тарап жатады. Бұған күнделікті тірлік қатынастарындағы сөздің атқарып отырған рөлін қоссақ, онда сөздің баға жетпес асыл қазына екендігін аңғарамыз.

Сондықтан да осы аса құнды аталық асыл қазынаны ортаға байланысты талғап қолдана білу қажет. Данышпан Абайдың адам тану жөнінде айтқан маңызды, мақал болып кеткен сөздері тілге оралып отыр. Ұлы ойшылымыз: «Сөзіне қарай кісіні ал, ал кісіге қарап – сөз алма» деген ғой. Өнегелікті, байлықты, байыптылықты, адам бойындағы байсалды парасаттылықты сөзден іздеп отырған жоқ па ол? Олай болса сөз тек ой-пікірді жеткізу үшін ғана қызмет етпейді, ол – тәрбие құралы да. Қазіргі сауатты, білімнің барша саласы өрбіген, ғарыштар сырын аша бастаған біліктілер заманында сөздің тәрбиелік мәні арта түспесе, кемімейтіндігіне дау жоқ.

Сөз – құдіретті де пәрменді күш. Ойланбай, жете мән берілмей айтылған ағат, ауыр сөз адам зердесінде кейде өшпес өз таңбасын қалдырады. Адамды еріксіз сезім иіріміне тартып, қапаландырады, жасытады, жігерді құм етеді, ойға қалдырады, тіпті еркі берік емес жанның еңсесін басып, өмірден мүлде түңілдіріп те жібереді. Осы тұрғыдан келгенде, әйтеуір көкейдегіні ірікпей айта салуға абай болып, аңдап сөйлеу қажеттігі туады. Сөзді сұрыптап, байқап қолдану, әсіресе бала тәрбиесіндегі аса қажетті шарттардың бірі. Сөз турасында айтпағымыз да осы. Себебі балада жаңаға құштарлық, күңгіртті айқындау, өзіне мағынасы беймәлім нәрселерді сұрап алу әдеті басым. Бала түсінігінің кеңеюіне, оның сөздік қорының артуына, алдымен ата-ананың ықпалы зор. Балаға белгілі бір оқиға, құбылыс жайлы түсінік бергіміз, қиялына қанат бітіріп, арман жолына жетелегеніміз, тіпті күнделікті өмірдің қыр-сырынан хабардар еткіміз келсе, оны сөйлеу арқылы жеткіземіз. Күннен-күнге түсінігі ұлғайып, ойына ой қосылып келе жатқан жас буын айтып отырған тәліміне қоса сөзіне, сөз саптауына да мән береді.
Отбасы – баланың тіл «сындыратын» бірінші мектебі. Сондықтан балаға жасының өсуіне орай, тиісті өнегелі сөздерді үйретіп отыру – ата-ананың ең маңызды борышы болмақ. Тілі шыға бастаған сәттен, тәрбиелік мәні бар сөздерді бала санасына сіңіре беру – оның болашақта тәртіпті, кішіпейіл болып қалыптасуына негіз қалайды. Сондықтан ересектер бала көзінше айтатын әңгімесінде өрескел, тыңдауға ерсі, сөлекет сөздерді қолданбағаны жөн. Тіпті әңгімеге бала араласпаған күннің өзінде де, үлкендердің өздеріне қатаң талап қоя отырғаны керек-ақ. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Олай болса бала санасына жақсы сөздер ұялата білу, жақсыға жанын құмар етіп тәрбиелеу – өзіміздің келешегімізді тәрбиелеу екенін ұмытпағанымыз абзал. Баланың еркін, батыл, ашық болуы немесе бұйығы, жалтақ, жасқаншақ болуы да отбасы мүшелерінің мінез-құлқына тікелей байланысты. Үйде, ата-анасымен өз түсінігі айналасында еш қағажаусыз әңгімелесетін балада алдыңғы – абзал қасиет басым келеді. Кей ата-ана баласының сұрағына жауап берудің орнына орынсыз тыйып тастайды. Сондықтан да баланың бойында әлгі соңғы – жағымсыз қасиет орнығады. Тіліміздегі сөздер – алтын қорымыз. Бізді «қазақ» деген атқа ие ететін де сол тілдік ерекшелігіміз. Өкшемізді басып келе жатқан ұрпағымызға қалдыратын ең асыл мұрамыз да тіліміздегі сөздер ғой. Осындай ойдан кейін кейбір көзі ашық, оқыған деген ата-ананың: «Біздің Булатик вообще по-казахский жөнді білмейді» деп отыратынын қайтерсіз? Соны мақтан көреді. Не деген сорлылық десеңізші! Жасыратыны жоқ, қазір мұндай отбасыдан аттасақ сүрінерлік халге жеттік. Оның көбісі сауатты, білімді деген азаматтардың отбасында жиі ұшырысады. Оқығандық – қазақ тілін ұмытып, сөзін айта алмай қалуда ма екен? «Ана тіліне немқұрайды қарау – өз халқыңның өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз» (­К.Паустовс­кий). Бұл – өзге тілді үйренбе дегендік емес, қайта оны шамаң келсе үйрен, біл, жетік меңгере ғой. Балаға да үйретейік, бірақ тілден қойыртпақ жасаудан аулақ болайық. Осы күнгі жастарымыздың сөзіне қарап, еріксіз бас шайқап, қынжыласың. Әрине, бұл аяқ астыдан пайда бола кеткен дерт емес, отбасыда ата-анадан, жеңіл мінезді жолдас­тардан жұққан, күннен-күнге, жылдан-жылға белең алып келген дағды емес пе? Үлкендердің өзі сөзінен сүрініп тұрса, оны тыңдаған балауса жастың көрген-ұққанын өз ортасында айнытпай қайталайтындығы шындық. «Мектептер, институттар, пансиондар болғанымен, жақсы әкесіз – жақсы тәрбие жоқ»(Н.М.Карамзин). Міне, осы тұрғыдан келгенде жастың бітім-болмысына, сөйлеу мәдениетіне әке-шеше тарапынан ұқыпты күтім керек. Күтім көрмеген қандай нәрсенің болмасын тозып кететіндігі бәрімізге белгілі. Тілді жарымжан ету, оған немкетті қарау – кешірілмейтін күнә. Күнәһәр болмайық. Ұрпағымызға тек қана жақсы сөздер арқылы жақсылық дарытуға тырысайық. Сонда ғана біліміне мінезі сай келген жас буынның тұлғасына көзіміз қуанып, көңіліміз демделетін болады.

Абдулла ҮМБЕТАЙ,
Ақсу аудандық сотының
судьясы
Алматы облысы

Ана тили