Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУҒА КІМДЕР ҚҰЛЫҚСЫЗ?  Ғаламдық ауа-райының жылынуы мәселесі шетелдік БАҚ-та жиі сөз болғанымен оған қоғам бас ауыртатын түйткілді мәселе деп қарамайды. Табиғат сарқылмайтын байлық десек те, оның да өз сұрауы барын жиі назардан тыс қалдырып жатамыз. Кейбіреулер «ақырзаманның» белгісі деп санайтын, кейінгі жылдары жиі орын алған жер-су апаттары мен тасқындар, желді дауылдар тіпті, жергілікті жердегі қалыптасқан климаттың күрт өзгеруі ғаламдық жүйенің кері кетіп, экологияның халықаралық деңгейдегі өзгерісінен хабар береді. Әсіресе, ғаламдық жылынудың түйткілді мәселесі әлемдік мінбелерде көтеріліп, күн тәртібінен түспейтін басты мәселеге айналды.

Вашингтон университеті ғалымдарының пікірінше, 2030 жылдан кейін ғаламдық жылынудың жаңа толқыны басталады. Зерттеушілердің мұндай болжамға келуіне соңғы жүз жыл ішінде Атлант мұхитының температурасындағы өзгерістер себеп болған. Қазіргі таңда парниктік газдардың басым бөлігін мұхит сіңіріп жатыр, алайда 15 жылдан кейін Атлант мұхитының температурасы шекті шамадан асып кететіндіктен, жылу беру кезеңі басталады деп күтілуде. Бұл ретте ғалымдардың пікірі бір жақты. Яғни олар жылынудың жаңа толқыны адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін дегенді ескертеді. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі атмосферадағы парниктік газдардың шоғырлануы соңғы 15 млн. жылдағы көп мөлшерде шоғырланудың шарықтау шегіне жеткен. Өнеркәсіп, үй шаруашылықтары, ауыл шаруашылығы және көліктер жылына ауаға 35 млн. тонна көмірқышқыл газын бөлетіндігі анықталған.

Егер 2020 жылға қарай жаһан осы қарқынмен өмір сүре беретін болса, аталған көрсеткіш артып, 41 млн. тонна көмірқышқыл газы бөлінетін болады. XX ғасырда мұхит деңгейі орташа алғанда 15-20 см-ге көтерілсе, соңғы 10 жылда оның деңгейі тек 3,2 см-ге көтерілуде. Егер жылдамдық өзгермесе, ғасырдың соңында мұхит деңгейі 30 см-ге ұлғаяды дейді кейбір сарапшылар. Сонымен қатар, соңғы жылдары мұздықтардың еру жылдамдығы жоғарылауда. БҰҰ-ның болжамына сәйкес, егер көмірқышқыл газының ауаға тарауы қазіргідей деңгейде жалғаса берсе, осы ғасырда әлемнің орташа температурасы Цельсий бойынша 3 градусқа көтерілмек.

Бұл өз кезегінде ауа-райының тым қатты өзгеруіне әсер етеді, яғни жер бетінде дауылдар мен құрғақшылық болуы мүмкін. Сонымен қатар теңіз деңгейі өсіп, су тасқыны көбеюі ықтимал. Мұндай қорқынышты сценарийдің алдын-алу үшін әлем елдері мен ғалымдар арнайы шаралар ұйымдастырып, бұл құбылысқа аса мән беріп отыр. Олар алдағы онжылдықта ең жоғарғы температураның 2 градустан көтерілмеуіне кепілдік беретіндей мүмкіндіктер қарастыруға ниетті. Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу: «Біз табиғат заңдары мен ғылымға қарсы тұра алмаймыз. Ғылымға сәйкес, біз ғаламдық температураның екі градустан артық көбеюін қабылдай алмаймыз», ̶ дейді. Бүгінгі күні жаһандық жылыну аңыздан ақиқатқа айналғандығын мүйізі қарағайдай ғалымдар да мойындап отыр. Қазіргі таңда жаһандық жылыну үрдісінің қоршаған ортаға орасан зор қауіп төндіріп келе жатқанына жұртшылық шынымен илана бастағандай. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсий бойынша 0,7 градусқа жылынуының салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалған.

Климаттың өзгеру қаупі туралы ең алғаш 1975 жылы сөз қозғалды. 1975 жылы 8 тамызда “Scіence” атты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райының күрт өзгере бастағанын алға тартып, алғаш рет “жаһандық жылыну” терминін өмірге әкелді. Содан бері бұл ұғым төңірегінде ізденістер мен зерттеу­лер жүргізіліп келеді. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун “Арктикадағы жылыну үрдісі Жер шарының басқа өңірлеріне қарағанда тым жылдам белең алып барады. Осылай бара беретін болса, 2030 жылға таман ондағы мұз қалқанының мүлде жойылып кету қаупі бар. Арктикадағы бүгінгі болып жатқан өзгерістер климаттың жаһандық жылынуын жылдамдата түспек”, – деп атап көрсеткен. Қолына шам ұстап, бұл мәселенің соңына түскендер, ғаламдық жылынуға себеп болып отырған жайттар өте көп дейді. Соның бірі, өнеркәсiптен бөлiнген көмiрқышқыл газы әлемдiк парниктi эффектiге әсер етуде. Мәселен, 1979-2003 жылдар аралығында Арктиканы көмкерген мұзды қабат 16 пайызға жұқарған. Осы ретте қиыры шыққан мәселе, көмiрқышқыл газының тарату қаупiн азайту жөнiнде жекелеген әлем елдерi бiр ымыраға келе алмай отыр. Атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын елдер АҚШ пен Қытай екендігі анықталған. Әлем елдерінің бұл мәселеге қатысты ескертпелерін қабыл алған АҚШ үкiметi 2020 жылға дейiн газ эмиссиясын шығару деңгейiн 17 пайызға қысқартуға уәде еткен.

Ал Қытай болса газ эмиссиясын шығару деңгейiн 2020 жылға дейiн 40-45 пайызға қысқартуға сөз бердi. Алайда көптеген сарапшылар Бейжiң мен Вашингтонның болжамына күмән келтiрiп отыр. Оған себеп, 2012 жылы алпауыт екі ел Киото хаттамасына қол қоймаған. Ғаламдық апаттың алдын алу үшiн түзiлген Киото келiсiмiнде парниктiк эффектiнiң 55%-ын туғызып отырған 55 ел қол қою керек болса, АҚШ пен Ресей олай етуден Миландағы басқосуда бас тартқан. Аталмыш келісім бойынша, Еуропа одағына мүше елдер газдардың көлемін 2,9 пайызға кемітуге тиіс, ал өнеркәсібі қатты дамыған Испания газдардың көлемін 25 пайызға қысқартуға мүдделі болған. Еуропа Одағының болжамына сәйкес, осы мәселеге қатысты алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін 2020 жылға дейiн дамушы елдерге шамамен 150 миллиард доллар бөлу көзделген. «Ескеретін жайт, Киото хаттамасы бойынша Қытай, Үндістан және Бразилия сияқты дамушы елдерге шектеу қойылмаған. Мұны алға тартқан Америка Құрама Штаттары сияқты дамыған елдер Киото хаттамасынан 2001 жылы шығып кетті», – дейді «Гринпис» экологиялық ұйымының маманы Махи Зидеридоу. Оның пікірінше, АҚШ өз өнеркәсібінің бәсекелесу мүмкіншілігін шектегісі келмейді. АҚШ – әуеге газдарды көп шығаратын елдердің бірі келісімнен шығып кетсе де, әлем климатының өзгеру себептерін қазір белсенді түрде өзіміз зерттеп жатырмыз дегенді меңдейді.

Киото протоколына Қытай мен Үндістан кейін қосылатыны-қосылмайтыны анық емес, олар қосылмаса Киото протоколының басқа қатысушыларының ниеттеріне нұқсан келуі мүмкін. Қытай мен Үндістан дамыған елдер табиғатты өздері бұзып алды, бұл тарихи жағдай, сондықтан әлем климатын дамыған елдер өздері қайта жөндесін дейді АҚШ сарапшылары. Ал Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан келісімді ратификацияласа, Қазақстан Киото хаттамасына қол қойғанымен, бірақ ратификацияланбаған. Ауғанстанның жағдайы да біздікіндей. Ресей, Украина, Молдова, Грузия, Әзірбайжан және Армения да дәл солай. Ал Беларусь пен Иран елдері келісімге қол қоймады.

Келіс Жайлыбай, биология ғылымдарының докторы: «БҰҰ мамандарының мәліметі бойынша, климаттың әлемдік жылынуының негізгі себептері: біріншіден, бұл адамзаттың тіршілік әрекетінің нәтижесі. Адам баласы өндірісті, техниканы, транспортты зор қарқынмен дамытты, ауыл шаруашылығы интенсивтендірілді. Нәтижесінде атмосфераға «жылыжай эффектін» беретін СО 2, СО газдары, күкірт пен азот оксидтері және басқа да зиянды газдар зауыттар мен жылу электростансалары трубаларынан, автокөліктерден орасан көп мөлшерде шығарылуда. Мысалы, 1960-1990 жылдар аралығында ауаға шығарылған СО2 және басқа газдар мөлшері 13 пайызға артқан, 1991-2012 жылдары бұл процесс екі есеге көбейді. Бұл биосфераның әлемдік жылынуын да күшейте түсуде.

Екіншіден, қазіргі кезеңде Күннің активтілігі күшейіп, Жер ғаламшарын қыздырып, оның жылынуын күшейтті. Егер аспанда бұлт жоқ болса, ауа тез қызып, аптап ыстық болады, бұл күннің активтілігінің күшеюінен болатыны сөзсіз. Үшіншіден, Ресей ғалымдары қазіргі кезеңдегі климаттың ғаламдық жылынуы табиғи процесс деп есептейді. Жер ғаламшарының солтүстік бөлігінде климаттың ылғалды-салқын фазасы 1978-1979 жылдары басталып, 2010-2011 жылдары аяқталды. Енді 2012-2013 жылдардан бастап климаттың жылы-құрғақ кезеңі басталып, ұзақ жылдарға созылады. Мысалы, Алатау етегінде орналасқан Алматы қаласында және маңында 2013 жылы жаз ыстық, күз жылы, құрғақ болып, жауын-шашын қарашаның ортасына дейін аз мөлшерде жауды. Ал ең қатал, жауын-шашыны аз, жазы аптап ыстық, қуаңшылық жағдайдың максималды әсерлі кезеңі 2018-2021 жылдары байқалуы мүмкін және бұл жағдай 2026-2035 жылдарға дейін созылады, сосын кезең аяқталуы ықтимал. Аталған қуаңшылық жағдайлардың зиянды әсері Қазақстанда, әсіресе, аридті (шөл және шөлейт аймақтарында) өте күшті болады деп күтілуде. Климаттың аридизациялануы (куаңшылыққа ұшырауы) тұщы су тапшылығын туындатып, жазда өте күшті аптап ыстық болады, шөлейттену процесі күшейе түседі, орман өрті (табиғи және антропогендік әсерден) көбейеді. Мұның бәрі әлеуметтік қиындықтар туындатып, жануарлар мен адам және өте көп мөлшерде экономикалық шығын орын алуы мүмкін».

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы

http://turkystan.kz/kz/articles/view/63636#comments

Рубрика: