АЛТЫНОРДА
Новости

Сырым Дат. Қазақ — Өзбек одағы құрылуы мүмкін бе?

нОрта Азия халықтарының етенелену (этностану) үдерісі қамшының  өріміндей өзара кіріккен қазақ пен өзбек халықтарының аты да, заты да тарихта бірдей шықты және ол Алтын Орда қағанатының ыдырауына тікелей байланысты. Былай айтқанда, болашаққа жол тартқан жұп аяқтың сыңарындай бұл қос халық дүниеге қазіргі кейпінде бірдей келді. Сондықтан олардың бір адамның қос аяғы секілді бір бірімен жарыса қадамдасуы табиғи заңдылық.

Тәуелсіздік алу жылдарына тән бұл елдердің өзара қарым-қатынасы түрлі қадамдар мен деңгейлерден бірдей өтіп келеді. Бастысы – Қазақстан мен Өзбекстан түркі дүниесіндегі Түркиядан кейінгі ең ірі үш елдің қатарында. Бұл жерде бөліп-жарып екі мемлекеттің бірін алға тарту жөнсіз: бірі кей саладан алға жылжыса, екіншісі басқа сипат бойынша жоғары. Қазаққа өзбектен, өзбекке қазақтан үйренер тұстар көп. Бұл да азаттықтың асыл қадамдарының көрінісі. Қазақстан жаһандық дүниеге кірігу мен одан өз орнын алуда көп ізденістер мен нәтижелерге қол жеткізсе, Өзбекстан өзінің ішкі әлеуетін, мемлекетті дамытуға сал алуда өз үлгісін көрсетіп отыр. Демек, қоңсылас, бауырлас бұл елдер бірін-бірі толықтыру арқылы ғана бірыңғай толыққанды көріністі бере алады.

Алайда, тарихтың бергенінен берерін де алуға боларлық мүмкіндіктерді қалт жіберген сәттер баршылық. Айталық, қазақ пен өзбек бір-бірін жоққа шығаруға талпынып,  бақталасып уақыт кетірмегенде, бәлкім кіші Орта Азиялық одақтың негізін қалағанда евразиялық геосаяси алаңда қазіргі саяси ахуал тіпті өзгеше болар ма еді?! Мүмкін, «ағасынған» Ресей мен Қытайды өз орындарына қоймаса да, саяси жалтақ кейіптен арылатын күн ертерек туар ма еді?! Бәлкім, Ұлы Түркістан одағына іргетас қаланар ма еді?! Қалай десек те, ұлы тарих үдерісі енді басталды. Одан бас тартудың да, күдер үзудің де реті жоқ, бар үміт алда. Қос халықтың көрмегені көп болса да, көргенінен қорытатындай жүріп өткен із бар.

Сарапшылардың айтуынша, бұл елдердің екі үлкен мәселе бойынша ойлары тұтасуда: өңірдегі өзекті су, қуат мәселесі және Ауғанстан бағытындағы саяси қадамдар. Бәлкім, бұған осы жолы евразиялық кеңістіктегі ортақ тірлік те, түркі бірлігіндегі маңызды мәселе де қосылар. Қалай болғанда да қазақ-өзбек екілігі пайда болса, Орта Азиялық өлкеде ғана емес, әлемдегі өз сөзін айтар түркілік дауыстың орнықты шығарына үміт үстелене түсері қақ. Халықаралық саяси ауанда стратегиялық жүйе құрушы осындай біртұтас қадамға бастайтын бірігу керек-ақ.

Abai.kz