АЛТЫНОРДА
Новости

СОРҒА АЙНАЛҒАН СЫНАҚ АЛАҢДАРЫ

659360108ccada15b531138dd95d6780«Талай өскелең ұрпақты жарымжан етіп, талай ұрықты анасының жатырында тұншықтырған сынақ алаңдарын жабу керек!». Осындай ұран көтерген бір топ белсенді Астанада бас қосты. Олардың басты мақсаты – Қазақстандағы Ресей жалға алатын полигондарды жабу және КСРО-ның заңды мұрагері саналатын Кремльден өтемақы талап ету.

1991 жылдың 29 тамызында Н.Назарбаев Семейдегі сынақ полигонын жабуға жарлық шығарды. Бұл полигон әлемдегі ең ірі сынақ алаңы Невададан кейінгі екінші орында тұрған еді. Осында жасалған бес жүзге жуық жарылыстың күші Нагасакидегі ядролық қарудың қуатынан 2 500 есеге күшті болатын! Ресми деректерге сүйенсек, осы сынақтардың кесірінен 1 жарым миллион адам жапа шеккен.  Қазір Капустин Яр, Семей, Азғыр, Тайсойған, Ембі, Сарышаған, Сарыөзек, яғни, қазақ даласының 10 млн. гектарынан астамы сынақ алаңы ретінде пайдалануда. Осы аймақтарда тұратын адамдардың денсаулығы жас кездерінде-ақ сыр беріп, сағағынан ерте үзіледі. Оған күні кеше ғана құрамында гептил бар 600 тонна зиянды қалдық төгілген «Байқоңыр» ғарыш айлағын тағы қосыңыз. Қазақстандағы полигондарды жабуды талап еткен бір топ азамат өткен аптада Астанада «Әскери полигондардың Қазақстан халқының денсаулығына тигізетін әсері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Қуантарлығы, ауқымды шараға қаржылай тұрғыда демеушілік жасаған ешкім болмаса да, өз қаражаттарына алыстан ат арытып жеткендер сынақ алаңдарына тыйым салуды талап етті: «Біздің ұрпақ сынақ алаңдарын жабуға міндетті. Бұл біздің ата-баба мен келешек ұрпақ, ата-ана мен достарымыздың алдындағы парызымыз». Ресейдің Қазақстанға достық пиғылдағы ел екенін ескерткен олар Қазақстан халқына шынымен жаны ашыса, Ресей полигондарды өз еркімен жауып тастауы керек деген ой айтты. Ал «Құқықтық Қазақстан үшін» қозғалысының хатшысы Мақсат Нұрықпаевтың пікірінше, 1 жарым миллион қазақты қынадай қырған КСРО-ның бүгінде заңды мұрагері саналатын Ресей Қазақстан халқына өтемақы төлеуі тиіс.

Халықаралық антиядролық «Семей-Невада» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті Мұхтар Тайжан, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы бастаған бір топ қоғам белсенділері Ресейдің Қазақстан жерінде зымырандарын сынауға қарсы. Үстіміздегі жылдың маусымында Ресей Астраханьға жақын маңдағы Капустин Яр полигонынан 5 мың шақырымдық қашықтыққа ұшырылған зымыранның сынақтан ойдағыдай өткенін айтып, сүйінші сұраған болатын. Зымыран Балқаштағы полигонға жетіп жығылған. Осы сынақтан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеген Олжас Сүлейменов: «Бұл сорақылық! Бір мемлекеттің жерін бір мемлекет зымырандарды сынақтан өткізу үшін қолдауы әлемдік тәжірибеде кездеспейтін жайт. Біз өмір бойы Қазақстанның атом қоқысына айналуына қарсы шықтық. Енді көршілес елдердің біздің жерімізді әскери құрылғыларын сынауға пайдалануына қарсы шығамыз. Өткізілген сынақтардан моральдық, материалдық және медициналық тұрғыда қандай шығын келгенін анықтау мақсатында зерттеу жүргізу қажет», – деп мәлімдеді. Белсенді топ осы мәселені мемлекеттік деңгейге дейін көтеріп, кеңестік кезеңдегі келісімшарттарды қайта қарап шығуды көздейді.

Сорақысы сол, Ресей Қазақстандағы жеті сынақ алаң үшін жылына бар болғаны 27 миллион доллар  ғана  төлейді екен. Бәлкім, біреулер үшін бұл қомақты сома шығар. Бірақ шыққан адам шығыны, ауру ұрпақ пен жарымжан азаматтардың жанында бұл түк емес екені анық. Батыс Қазақстан облысында болып, жерглікті тұрғындармен кездесіп қайтқан Мұхтар Тайжанның айтуынша, қаншама бала жарымжан болса, қаншама әйел бедеулікке ұшыраған. Кейбір қандастың пікірінше, соңғы кездері киіктердің жаппай қырылуы да осы сынақ алаңдарының кесірінен. Есесіне, полигондарға қатысты дерек тым аз. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Ресей Қазақстаннан неше сынақ алаңын жалға алып отыр? «Бұл полигондар не үшін керек? Ресей әскери құрылғыларын неге Қазақстан жерінде сынауы тиіс?» деген сауалдарға жауап жоқ.

 

2013 жылдың 19 сәуірінде Атырау облысының Балқұдық ауылының маңынан Ресейге тиесілі әскери қондырғының қалдығы табылған. Бұл да сынақ алаңынан «адасып кеткені» түсінікті. Қазақстан жағы қалдықты ресейліктерге қайтарды. Ал үшке бөлінген қондырғының жанар майы тағы да қазақ даласына сіңді. Оның зардабы мен зиянын дәлелдеп, Мәскеуден өтемақы талап еткен ешкім жоқ. Тек экс-сенатор Ғани Қасымовтың ғана дауысы қатқыл шыққан сол кезде: «БАҚ-тан ұққаным, Атырау облысына әскери нысан құлап, бірнеше бөлікке бөлінген. Оны біздің төтенше жағдай органдары әспеттеп жинап алып, тіл қатпастан, ресейліктерге қайтып берген. Сонда бұл не болғаны?! Мен мемлекеттік комиссия құрып, бұл іске ҚР Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрлігін тартып, құзырлы органдардың сараптамалық қорытындысын шығаруды өтінемін», – деп, ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің атына депутаттық ұсыныс жолдады. Өкінішке қарай, шыққан нәтиже шамалы. Демек, бұл іске де Қазақ қоғамының белсенділігі қажет.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/30055