АЛТЫНОРДА
Новости

Шығыны аз фильм немесе Жақсы деген немене, жаман деген немене?..

0323d707ded8ee481234dd225d604af8Кино десе, қазір, шыны керек, көз алдымызға  сықырлаған көп ақша елестейді. Алдымен шығын, яғни кино жасау үшін қанша ақша керектігін ойлаймыз, сосын отыра қалып одан түскен пайданы есептейміз. Біреу өліп-тіріліп кино түсіріп, енді ол жайлы әсерін білейін деп аузына қарай берсе болғаны, елдің ең бірінші сұрағы – «Бұл фильмнің бюджеті қандай?» болады. Өтірік деңізші? Бұрын ғой, адамдар киноның тек бергі жағындағы романтика, тәтті қиял, әдемі өмірмен қанағаттанатын.  Ал қазір керісінше… көрерменге кино емес, оның арғы жағы қызық. Әгәрәки, режиссердің аузынан айтарлықтай қомақты қаржы туралы сөз шықса, демек, ол мықты кино, біздіңше. Алайда, расымен, солай ма?

 

Шығыны аз  фильм…

дегенді естуіңіз бар ма? Көргеніңіз ше? Әрине, естіп те, көріп те жүрсіз. Бірақ қазақшалағанға қарап, «ол не өзі?» деп түсінбей тұрған шығарсыз? «Малобюд­жетный фильм», яғни жалпақ тілмен айт­қанда, бұл –  «арық сөйлеп, семіз шыққан» кинолар ғой. Олай болса, осыған қандай мысал келтіруге болады? Расында, аз шығын жұмсап та, әлемді аузына қаратқан, тіпті кино өнерінің классикасына айналған  туындылар бар ма өзі? Әлде бәрібір кино деген – қаржы, яғни шығыны көбейген сайын, ол да көріктене, көркемдене бере ме? Қазір қит етсе, «кассалы фильм» деп шыға келеміз. Осы «кассалы» деп отырға­нымыз  жақсы кино дегеннің баламасы бола ала ма? Әлде ол міндетті түрде ба­рын­ша көп шығын жұмсап, атақты актер­лерді көндіріп, брендтердің бәсекесі қайнап жатқан дүние ме?

Саясат Қабдрахманов, журналист:

– Егер киноны жеке адамдар өз қаржысына, hәм өз ләззатына түсірсе, және онысы байқауда бағаланса, жақ­сы кино деген – сол. Сондай-ақ кино жа­саушының өз қаржысына коммерция­лық фильм түсіріп, онысы прокатта жақсы табысқа ие болса да жақсы кино деп айта аламыз.  Мейлі, мемлекеттің қар­жы­сына түсіріліп, мемлекеттік идео­ло­гияға қызмет қылса да жақсы фильм.  Ал енді мемлекеттің қаржысы­на режиссердің өз қиялымен, ләззаты­мен түсіріліп, онысы байқауда және прокат­та табысқа жетсе және ол мемлекеттік идеологияға қызмет қылса – шедевр!  Ал біздің отандық туындыларға осы өлшем тұрғысынан сараптама жасап көрейікші. Идеологиясы жақсы болға­нымен, бір көруден аспайтын «Жау жүрек мың бала», мемлекеттің ақша­сына өз идеясын тықпалаған «Келін», сапасы сын көтермейтін «Жаралы жүрек»  – қайсысын алсақ та, біз жоға­ры­да айтқан талаптың тырнағына да татымайды. Біздің режиссерлердің  көбінің баспасөзге берген сұхбаттарын сарап­тай келе, бәріне ортақ «халық түсінбесе қойсын, әлемдік қауымдастық мойын­дайды» деген бір мүдде көрем. Сон­дық­тан мен үшін қазақ киносының шедеврі иесі өлген, кейінгісі уақытын күтіп жатыр. 

Елзат Ескендір:  

– Жалпы, аз ғана шығын жұмсаса да, жақсы туынды жасауға болады, тіпті нағыз фильм деген сол дер едім. Әлем­дік кинематографияда бұған мыңдаған мысалдар табылады, бірақ мен бір ғана есімді ерекше атап өткім келеді. Ол – ресейлік кинорежиссер Андрей Звягинцев.  Бұл бір өзі «Возвра­ще­ние» (2003), «Изгнание» (2007),  «Елена» (2011) сынды бір емес, бірнеше ше­девр­дің авторы. Шедевр дейтінім – аталған фильмдердің бәрі де әлемдік А класты фестивалінің жүлдегерлері. Негізі, әлемдік кинематографияда нағыз мықты туынды мен жай дүниені ажыратып беретін бір нәрсе болса, ол – осы «А» класты кинофестивальдер. Ал оған «Канн», «Венеция», «Берлин» кинофестивальдері жатады. Айтайын дегенім,   А.Звягинцев үшін актер есімі бренд болуы аса маңызды емес. Ол, ең бастысы – актердің зор талантқа ие әрі көпке танылмаған бет-бейне болуына баса назар аударады. Себебі, шын мәнінде, танымал емес, керісінше, әлі ешкім тани қоймаған актер ғана көрер­менді сендірудің  үлгісі бола алады. Назар аударатын ендігі дүние – режис­сер өзінің алғашқы туындысы «Возвра­щение» фильмін бар-жоғы 400 000 долларға ғана түсіріпті. Бұл –  кино өн­дірі­сі үшін ең төменгі бюджет. Ал сол фильм «Золотой лев» жүлдесін иелен­ген соң әлемнің 76 еліне сатылды. Тіпті отандық өнімдерінен басқа дүниелерді қабылдай бермейтін Қытай мен Иран елі де туындыны өз экрандарына шығарған. Ал түсірген табыс 8 000 000 доллар. Яғни киноға кеткен шығыннан 20 есе үлкен табыс! 

Қорыта айтқанда,  әлемдік фести­валь­дің берген бағасы фильмнің әлемдік экранға шығуына тікелей жол ашады. Сондықтан қазақ көрермені әлемдік кинофестивальдер жайында сауаттануы тиіс. Әйтпесе, біз өз бойы­мыз­дағы фобиядан ешқашан арыла алмаймыз.

«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім…»

Қарапайым айтсақ, қай заманда бол­сын, сауда заңы біреу ғана – арзан алып, қымбат сату немесе аз жұмсап, көп табыс табу. Ал бүгінгідей нарық заманында ішкен ас, киер киіміміз ғана емес, бәрі-бәрі ақша­мен келетін болғандықтан, одан көрер киномыз да қалыс қалмасы анық. Бұл жағынан алғанда, біз ұтылыс жағында екенімізді ашып айтуымыз – шарт. Олай дейтінім, бізде импорттың дәурені жүріп тұрғаны өтірік емес: шетелден үздіксіз фильмдерді тасып жатырмыз, тасып жа­тыр­мыз, әсіресе кәріс пен түріктің кинема­тографиясын асырап отырған қазақтар шығар. Ал «келгенде Жиенқұлға шықпай­ды үнім…» деп ақын Сара айтпақшы,  экс­порт­қа келгенде… Экспорт түгіл, біз өзімізді фильмдермен қамтамасыз ете алмай жатыр емеспіз бе? Соның бір себебі осы қаржыда, дәлірек айтсақ, біз бар ақшаны дұрыс меңгере алмай, 10 тіпті 100 кино түсіруге болатын ақшаға бір ғана фильм түсіріп, онда да ол сол кеткен шығынына арзымай жатқаны – ащы да болса шындық. Себебі біз кинематография ғана емес, жалпы, сауданың қарапайым ғана, жоға­ры­да айтқандай, заңдылығын, яғни неғұр­лым аз жұмсап, көбірек пайда табуды түсіне алмай жүргендейміз. Сау­дагерге бір қой беріп, бір айна алатын кез­ден өттік пе десек?.. Кинематографияда… Қысқасы, қазақтың арық сөйлеп, семіз шығу заңды­лығын меңгерсек етті, яғни ша­ғын шығын­ды фильм өндірісін дамыт­сақ. Бәлкім, қазір бір есім айтсақ, «өй» дерсіз, бірақ Еркін Рақыш құрлы жоқпыз ба, өте аз шығарып, еселеп қайтарып алған? Мәселе  тап сондай сападағы дүние жасауда емес, тап сол кісінің «аз қаржыға фильм түсіруге болатын» тәжірибесін ескеруде.

 

Тоқсан сөздің түйіні…

Қазір қиялы жеткенге әлемді төңкеріп тастауға болатын заман. Себебі камералардың жетілгені соншалық, тіпті кино түсіруге болатын да фотоаппараттар шығып үлгерді. Бірақ екінші бір жағы да бар, кино деген «қолға камераны алдың да, түсіре салдың, бітті» емес қой? Мәселе, сценарий, реквизит, нағыз образға сәйкес актер табу, жарық, монтаж тағысын тағы, қысқасы, киноның бар кілтипаны да ұйымдастыра білуде жатыр емес пе? Жалпақ тілмен айтқанда, ұн, су, тұз – осы үшеуі қамырдың негізі, алайда ол қамырдан бауырсақ жасай ма, жоқ нан пісіре ме, әлде торт па, бәліш пе, болмаса илей алмай, қамырды ары тартып, бері тартып, ақыры жуындыға тастай ма, аспазына байланысты ғой.

 

http://alashainasy.kz/culture/44462/