АЛТЫНОРДА
Новости

Шілде айында ұшақтар жиі апатқа ұшырады. Неге?

krushenie-an-12Соңғы бірнеше жылда әуедегі апаттың жиілеп кетуі әлем жұртшылығының мазасын қашыруда. Осыдан бір жыл бұрын Украинаның Донецк облысында Малайзияның «Боинг-777» ұшағының апатқа ұшырағаны мәлім. Аталмыш ұшақ апатына қатысты зерттеу жұмыстары ұзақ уақытқа жалғасқанымен, ақ-қарасы толық ажыратылмағаны да шындық. «Боинг-777» ұшағының апатқа ұшырауына Ресейдің тікелей қатысы бар екендігі айтылып, Батыс елдері санкция да жариялаған. Ал биылғы жылдың шілдесі Ресейді тағы да есеңгіретті. Осы айдың өзінде Ресей аумағында Су-24М бомбалаушы ұшағы мен Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырады.

Екі айда орын алған алты ұшақ апаты

14 шілде күні Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск өлкесінде Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырап, экипаж бортындағы екі ұшқыш қаза тапқан еді. Оқу-жаттығу жоспарын орындап жүрген ұшақ Хабаровскіден 80 километр қашықтықтағы елсіз жерге құлады. 62266 әскери бөліміне тиесілі Ту-95 МС стратегиялық бомбалаушы ұшағы Амурск облысында орналасқан «Украинка» аэродромынан ұшып шыққан. Оқу-жаттығу жоспары бойынша  көкке көтерілген ұшақтың бағыты – «Украинка» – Хабаровск – «Украинка». Апатқа ұшыраған кезде ұшақта ядролық қару болмапты. Мұны Ресейдің әскери құрылымдарының мамандары растап отыр. Ал әуе кемесінің экипажындағы 7 адам ұшақ құламастан бұрын ұшақ бортынан парашютпен секіреді. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, экипаж капитаны апаттық жағдай туралы хабарлағанда, ұшу алаңының жетекшісі экипаж мүшелеріне борттан секіру туралы бұйрық берген. Апат туралы мәлімет жарияланғаннан кейін Ресей Қорғаныс министрлігі іздестіру және құтқару жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Экипаж мүшелерін іздеу үшін Ан-12 ұшағы мен екі Ми-8 тікұшағы жұмылдырылып, табылған экипаж мүшелері медициналық бақылауға алынды. Сондай-ақ, министрлік апат себебі анықталғанша ТУ-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының әуеге көтерілуіне тыйым салды. Алғашқы болжамдар бойынша, Ту-95МС ұшағының құлауына қозғалтқыштағы техникалық ақаулар әсер еткен болуы мүмкін. Ал Ресейдің вице-премьері Дмитрий Рогозин ұшақтың барлық қозғалтқыштарының бір мезетте өздігінен істен шығуы мүмкін еместігін айтады. Оның айтуынша, кінәрат жанармайдың сапасында болуы ықтимал. Ресейлік тергеушілер Ту-95МС ұшағының апатқа ұшырауына байланысты «ұшу немесе ұшуға дайындық ережесін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ту-95 – Кеңес дәуірінен келе жатқан ең жылдам стратегиялық бомбалаушылардың бірі. Бұл бомбалаушы ұшақ ең алғаш 1952 жылдың 12 қарашасында әуеге көтерілген. Ал апатқа ұшыраған Ту-95МС аталмыш бомбалаушы ұшақтың заманауи нұсқасы. Ту-95МС өз жұмысын 1982 жылы бастады. Бұл ұшақтар – Ресейдің стратегиялық авиациясының негізі әрі әскери әуе күштеріндегі ең қауіпсіз әуе кемесі саналып келген. Жетілдірілген бомбалаушы ұшақтардың тек радиоэлектронды жабдықтары ғана өзгертілді. Ал планер(моторсыз ұшатын жеңіл аппарат) мен қозғалтқыштары бұрынғы қалпында қалды. Сол себепті де, бұл ұшақтардың қауіпсіздігіне ешқандай да күмән болмағандығын айтады ресейлік мамандар. Алайда ресейлік мамандардың үміті ақталмады.

Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары осымен екінші рет апатқа ұшырап отыр. Маусым айының басында Ресей қарулы Күштерінің мақтанышы саналатын Ту-95 бомбалаушы ұшағы Амур облысының «Украинка» әскери аэродромында апатқа ұшырап, бір адам қаза болды. Стратегиялық бомбалаушы-зымыран тасығышы аэродромның ұшу-қону сызығынан көтерілмек болғанда  төтенше жағдайға тап болған. Яғни, ұшақ «Украинка» аэродромында оқу-жаттығу жоспарына сай сөреге шыққан сәтте отқа оранып, осы апаттан кейін де Ту-95 ұшағының ұшуына тыйым салынған еді. Төтенше жағдайдың себептері қозғалтқыштардың бірінің тұтануымен байланыстырылды.

Ту-95 ұшақтарының апаты Ресей Қарулы Күштерінің мазасын қашырғаны рас. Бірақ біз айтқан екі ұшақ апаты Ресей әуе кеңістігіндегі биылғы жазда орын алған апаттардың алғашқысы емес. Маусым айы басталысымен Ресейдің әскери әуе күштерінде екі бірдей апат тіркелді. 4 маусым күні МиГ-29 жойғыш ұшағы Ашулук полигонының маңында құлап түсті. Дәл осы күні Воронеж қаласында қонуға әзірленген Су-34 жойғыш-бомбалаушы ұшағы да апатқа ұшырады. МиГ-29 ұшағы Астраханьға жақын маңда дайындықтан өтуі тиіс еді. Оқу-жаттығу дайындығы кезінде күтпеген жерден жойғыш ұшақтан техникалық ақаулар пайда болып, ұшақтың апатқа ұшырауына соқтырды. Аталған МиГ-29 ұшағының тағы бір жойғыш әуе кемесі 3 шілде күні Краснодар маңында құлады. Бұл ұшақтың апатқа ұшырауына борттан шыққан өрт әсер еткен болуы мүмкін. Арада үш күн өткенде Хабаровскіде Су-24М бомбалаушы ұшағы жаттығу миссиясы кезінде апат болып, екі бірдей ұшқыш қаза тапты. Ал Қорғаныс министрлігі өз кезегінде бұдан соң ұшақ апатына қатысты тергеу жүргізіп, тергеу аяқталғанша барлық Су-24 бомбалаушы ұшақтарының ұшуына тыйым салды. Ал 2 айдың ішінде 6 бірдей әскери ұшақтың апатқа ұшырауы Ресейдің әскери әуе күштеріне үлкен салмақ салғаны анық. Алайда жаз маусымында орын алған алты ұшақ апатының нақты себептері әлі күнге дейін аталған жоқ. Мұның себебі беймәлім. Бізге белгілісі, көптің көкейінде Ресейдің әскери әуе қауіпсіздігіне деген күдік арта түсті.

Халықаралық сот  ақиқатты анықтай ма?

Өткен жылдың шілдесінде әлемді дүр сілкіндірген әуедегі апат  әлі де ешкімнің есінен шыққан жоқ. Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған малайзиялық «Боинг-777» ұшағында болған 298 адамның барлығы қаза тапты. Оның 192-сі Нидерланды азаматтары, 44-і Малайзия азаматы, оның ішінде 15 экипаж мүшесі бар. Ұшақ бортындағы жолаушылардың 27-і Аустралия, 12-сі Индонезия, 10-ы Ұлыбритания азаматтары болған. Сонымен қатар, 4 неміс, 4 бельгиялық, 3 филиппиндік, Канаданың бір тұрғыны және Жаңа Зеландияның бір азаматы осы апатта ажал құшқан еді. «Malaysia Airlines» әуе компаниясына тиесілі «Боинг-777» ұшағының апатқа ұшырағанына биыл 1 жыл толды.

Алапат апатқа бір жыл толуына орай биылғы жылдың 17 шілдесі күні Украинада қаза тапқан жандарды еске алу шарасы өтті. Аталмыш шарада сөз сөйлеген Украина президенті Петр Порошенко «Боинг-777» ұшағының апатқа ұшырауына Ресейдің қатысы бар екендігін тағы да айтты. Бұл туралы Украина президенті бұған дейін де мәлімдеме жасаған. Алайда ресми тексеру жұмыстары бойынша бұл апаттың артында кім тұрғаны әлі анықталған жоқ. Нидерландының тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша «Боинг-777» ұшағының Украинаның Донецк облысы аумағында апатқа ұшырауына «Бук-М1» зениттік кешенінен атылған зымыран тиюі себеп болған деген болжам жасалды. Ал бұл істің соңғы нәтижелерін Нидерланды тергеушілері осы жылдың соңына дейін жариялауы тиіс. Сондай-ақ, Украина көшбасшысы бұл іс бойынша халықаралық сот құру қажеттігін кезекті рет ұсынды. «Бүгінде 298 адамның ажал құшуына себеп болғандарды анықтап, оларды халықаралық әскери сот алдында жауапқа тарту ардың ісі», – деді Петр Порошенко қаралы жиында сөйлеген сөзінде. Ал Мәскеу өз кезегінде ресми тергеу аяқталғанша халықаралық сот құру жұмысқа кедергі келтіретіндігін бірнеше рет мәлімдеген.

«Боинг-777» ұшағының апатына кінәлілерді жауапқа тарту үшін халықаралық сот құру туралы қадамды істің тергеуіне жауапты Нидерланды маусым айында бастаған болатын. Осы мақсатта Нидерланды үкіметі одақтас елдермен келіссөздер жүргізуді бастап кетті. Нидерланды үкіметі ең оңтайлы шешім БҰҰ-ның халықаралық соты екендігін алға тартуда. Бұл әуе апатына қатысы бар елдермен ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндік туғызбақ. Қазіргі уақытта ұшақ апатын тергеу жұмыстары жалғасу үстінде. 22 маусым күні Малайзия ұшағының апатқа ұшырау себебін анықтаумен айналысып жатқан халықаралық сарапшылар апат аймағындағы жұмыстарын тәмамдады. Әзірше апат себебінің бірнеше нұсқасы бар. Халықаралық мамандардың анықтаған деректері бойынша, әуе лайнерін жойғыш зымыран соққан болуы мүмкін. Ал екінші нұсқа ұшаққа жерден ұшырылған зымыран тигендігін алға тартып отыр. 2 шілде күні ресейлік «Алмаз-Антей» концерні де өз болжамын ұсынды. Олардың айтуынша, әуе кемесіне «Бук-М1» зениттік кешенінің зымыраны соққан. Ал бұл зымыран Украина бақылауындағы Зарощенское елді мекенінен ұшырылды деген болжам жасап отыр «Алмаз-Антей». Ал АҚШ үкіметі «Боинг-777» ұшағының құлауына байланысты істе Ресейдің көптеген сұрақтарға жауап беруі қажеттігін айтуда. Қалай десек те, «Боинг-777» ұшағының апатқа ұшырауына байланысты тексеру жұмыстарының нәтижелері әр түрлі. Ал нақты шешімнің қандай болары әзірге беймәлім.

Тексеру жұмыстарына басшылық ететін Нидерландының халықаралық сот құру туралы жоспарына қатысты Еуроодақ та өз пікірін білдірді. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғарғы төрағасы Федерика Могерини: «МН17 ұшағының апатқа ұшырауына қатысы барлар жауапқа тартылып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2166 қарарына сай сотқа берілуі қажет. Бұл орайда Еуроодақ пен одаққа мүше елдер халықаралық сот құру ұсынысына бірауыздан қолдау білдіреді», – дейді.  Могеринидің айтуынша, азаматтық авиациядағы ұшуға қауіп төндіру халықаралық тыныштық пен қауіпсіздікті бұзу болып есептеледі.

Айта кетейік, аталмыш идеяны Ресей президенті Владимир Путин мен Нилдерланды премьер-министрі Марк Рютт телефон арқылы талқылаған болатын. Владимир Путин Марк Рюттпен әңгіме барысында халықаралық сот құруға байланысты Ресейдің позициясын түсіндіруге тырысты. Ресей президентінің айтуынша, малайзиялық әуе лайнерін атып түсіргендерді жазалау үшін халықаралық сот құру идеясын қолдап отырған мемлекеттер асығыс шешім қабылдаған.

Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі халықаралық сот құру туралы ұсыныстың нақты жауабын тамыз айына дейін жариялайтын болады. Маусым айында Нидерланды билігінің халықаралық сот құру туралы ұсынысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқыланып жатқанда, БҰҰ-дағы Ресей Федерациясының тұрақты өкілі Виталий Чуркин «бұл бастаманың саяси шоуға айналып кетпеуін қадағалау керектігін» ескерткен болатын.

Қазіргі уақытта Нидерландының Қауіпсіздік кеңесі Донецк облысында құлаған «Боинг-777» ұшағына қатысты қорытынды баяндаманың бір нұсқасын әзірледі. Аталмыш құжат Ресей, Украина, Малайзия, Нидерланды, АҚШ, Ұлы-британия, Аустралия мемлекеттеріне танысу үшін жөнелтілген болатын. Нидерланды әзірлеген құжатқа байланысты Ресей тарапынан маңызды ескертпелер болып тұр. Ал ресейлік мамандар аталмыш істің тергеу нәтижелеріне қатысты сауалдарын Нидерландыға жолдайтын болады.

Әсел ӘНУАРБЕК

http://turkystan.kz/