АЛТЫНОРДА
Новости

Сәбит Досанов, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: Тарих ақиқаты мені де толғандырады

Taruh5 шілде күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин арнайы жиын өткізіп, еліміздің тарихын зерттеу, зерделеу мәселесі жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Сөйтіп тарихшылар мен зиялы қауым алдына қазақ тарихын тереңдеп жаңа әдіс-тәсілдермен зерттеп тарихи шындықты бұрмалаулардан арылту жөнінде нақты бағыт-бағдарлар жасау талабы қойылды. Содан бері БАҚ-тарда тарих тақырыбына арналған пікірлер жиі көріне бастады. Оған тарихшылармен бірге ақын-жазушылар да үн қосып атсалысқаны айқын байқалып отыр. Олардың пікірлері мен ұсыныстары халқымыздың тарихын жаңаша зерделеуге ықпал ететіні сөзсіз. Осы мәселеге орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер Сәбит Досановтан пікір тарттық.

 

– Сәбит Аймұханұлы, Сіздің есіміңіз, шығармаларыңыз елімізге ғана емес, шет жұрттарға да кеңінен танымал болғаны баршаға белгілі. Сіздің М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың, Қырғызстанның «Алтын қалам» ұлттық әдебиеті сыйлығының иегері болғаныңызды, Ресей әдебиет академиясының академигі, Ресей педагогикалық және әлеуметтік ғылым академиясының акаде­мигі, бірқатар университеттердің профессоры атанға­ныңызды білеміз. Мұнан өзге де сыйлықтар мен марапаттарыңыз да аз емес. Елу жылға жуық шығарма­шылықпен айналысып, қырықтан астам кітап жазыпсыз, оның бірқатары шет жұрттарда жарияла­нып жүр. Жалпы Сіздің шығармашылық зертханаңызға үңілсек ұлтымыздың мұң-мүддесі, соның ішінде тарих тақырыбына да қалам тартқа­ныңызды аңғару қиын болмаса керек. Сондықтан да дәл қазіргі күні Сізді қандай мәселе мазалап, толғандырып, алаңдатып жүргенін білсек деген оймен өзіңізді сөзге тартып отырмыз.
– Мені толғандырып жүрген мәселе жет­кілікті. Қырықтан астам кітап жазсам да менің айтыл­маған ой-толғамдарым аз емес. Солардың ішінде қазақ тарихының әлі де зерттеліп, зерделенбей келе жатқаны мені қынжылдырады. Өзіңізге мәлім 5 шілде күні Мемлекеттік хатшы Ұлттық кеңестің жиынын өткізіп осынау кемшілікті жою жөнінде мәселе қозғады емес пе. Бұл мәселе бұрыннан да айтылып келе жатқан болатын. Тарихшылардың, ақын-жазушылардың арасында тарихи оқиғаларға байланысты пікір қайшылықтары, дау-дамай айтылып келеді. Ал тарихымызды тәуелсіз ел болғаннан кейін жаңаша зерделеу, бұл ғылымды ұшқары ойлардан, жаңсақ пікірлер мен ұстанымдардан аршып, нақты ғылыми негізде жазып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесін өткір қозғап айтумен келе жатқан Елбасымыздың талабына орай Мемлекеттік хатшы осы тақырыпта жиын өткізді. Ал Елбасымыз тіпті 1996 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, «Тарих толқынында» атты кітабында, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында тарихымызды ғылыми негізде зерттеу мәселесін барынша өткір қозғағаны белгілі. Сөйтіп, Мемлекеттік хатшы өткізген жиыннан кейін тарихымызды зерттеу бірінші рет мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Бұл сүйінерлік жайт. Өйткені тәуелсіздік алғалы жиырма жылдан асса да тарихымыз кеңестік дәуірдегі ұстанымнан айырылмай келе жатқаны жұртшылықты қынжылысқа түсіргені де белгілі.
Ал кеңес дәуірінде қазақ тарихы түбірімен бұрмаланып, қазақта өркениет болмаған, қазақ халқы мүлде жабайы болды, орыстардың арқасында қазіргі заманғы мәдениетке қол жеткізді дегендей кемсітушілік рухында жазылып келді ғой. Зерттеулер мен тарихи ақиқатқа жүгінсек мүлде бұлай емес екенін қазіргі жұрт аңғара бастады. Тіпті алысқа бармай-ақ өткен ғасырдың бас кезін алсақ та қазақ зиялылары Орталық Азия елдерінде озық болған. Қазақ халқы Ресей боданы болғандықтан да езгіге, кемсітушілікке ұшырағанына мысалдар жетерлік. Орталық Азия елдерінде, тіпті өзбектер мен тәжіктерде де партия құрып, ұлт мүддесін қорғағандар, Мемлекеттік думаға депутат болғандар ұшыраспады. Ал қазақ қайраткерлері Мемлекеттік думаға дейін депутат болып сайланып, ұлтымыздың мүддесін қозғай бастады. Мәселен, 1905 жылғы Мемлекеттік дума жиынында Бақытжан Қаратаев ХVIII ғасырдан бастап Ресейдің аграрлық мәселесі қазақ жері есебінен шешілуі қолға алынып, құнарлы жерлер тартып алынғаны, бұл патшаның отарлау саясатын айғақтайтыны, қазақ байларының жерін патшаның арнайы жарлығымен тартып алу деген аса зор тарихи әділетсіздік екенін барынша өткір мәлімдеді. Бұл Ресейдің озық ойлы зиялыларына ой салғаны сөзсіз. Тіпті В.И.Лениннің өзі де Қаратаевтың ұсынысын қолдап сөйлеген. Осындай оқиғаларға ой жүгірткенде менің есіме Омар Хаямның мынандай жыр жолдары орала береді:
Жүректің түріп құлағын
Ойланып тағы қарашы.
Кімсің сен? Қайда тұрағың?
Енді қайда барасың?
Шығыстың ұлы шайырының сөзі бүгін де актуалды.
Қазіргі тарихшыларымыздың осындай ақиқаттың бетін ашуға қауқары жетіп артылады. Тіпті қазір елімізде тарихқа қатысты мемлекеттік төрт ғылыми-зерттеу институты бар емес пе. Нақты айтсам, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. Марғұлан атындағы археология институты. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты. 2008 жылы ашылған қазір білікті тарихшы, ғалым Бүркіт Аяған басшылық жасап отырған тарих институты аз уақытта көптеген зерттеулер жүргізіп, нәтижесін кітап етіп шығаруда.
Өзімізбен тағдырлас елдерді айтсам, қырғыздар 15 томдық «Қырғыз тарихнама» кітабын шығарып үлгерді. Өзбекстан мен Ресейде де бұл мәселе қызу қолға алынғаны айтпасақ та түсінікті. Осындайда Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің жиында сөйлегендегі мына бір пікірі ойыма орала береді: «Ұлттық тарихқа қызығушылық немесе немқұрайдылық халық мәдениетінің айқын және нақты өлшемі. Өзінің өткенін ұмытатын қоғамды болашақ та ұмытады. Бейнелері бей-берекет ауысып жатқан мына аса ауқымды әрі ұшқыр әлемдегі ең маңызды құбылнама мен адастырмас бағыт-бағдар өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау». Тәжиннің бұл сөзі біздің тарихшыларымызға бағыт сілтеп тұрған бағдаршам деуге лайық.
Өкініштісі, Кеңес өкіметі кезінде қазақ тарихы коммунистік биліктің ыңғайына жығылып шындықтан біраз ауытқыды. Бір ғана мысал 1980 жылы «Огонек» журналында Дмитрий Лихачевтің көлемді мақаласы жарияланды. Онда «Алтын Орда Куликов шайқасынан кейін күйрей жеңілді, болашағы бұлыңғыр тартты» деген сияқты бұрмалауға толы болды, ал шындығында Тоқтамыс хан бастаған Алтын Орда жасақтары Мәскеуді басып алып бұрынғыша билік жүргізе берді.
Олжас Сүлейменов өзінің зерттеулеріне сүйене отырып, әлемдегі ең ертедегі мемлекет б.з.д. ІІІ-ІV ғасырда өмір сүргенін, ол Шумер мемлекеті екенін нақты деректермен дәлелдеп жазды. Мұндай мысалдардан туатын қорытынды: біздің тарихшыларымыздың қазақ мемлекетінің тарихы XV ғасырдың екінші жартысынан басталады деген пайымдары күмән туғызады. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, қазақ халқы VIII-X ғасырда-ақ тас балқытып, темір қорытқан. Бұл не деген сөз? Бұл сонау ерте дәуірде-ақ қазақ халқы қолөнермен ғана емес, өнеркәсіппен де айналысқан, бұған қоса ұлан-байтақ ұлы далада самсаған сан қалаларымыз болған. Қазба жұмыстарының барысында бірнеше Алтын адам мен Үржар ханшайымы ұйқысынан оянды.
Тағы бір тарихи дерек, қазақ сүттің өзінен ғана 270 түрлі тағам дайындаудың технологиясын баяғыда-ақ игерген. Осындай деректер қазақ мемлекетінің тарихы XV ғасырдан емес, X ғасырдан бастау алады деп айтуға негіз бар. Біздің бұл болжамымызды қазба жұмыстарындағы жаңалықтар бекіте түсетініне кәміл сенемін.
Қазақ тарихы жайлы айтқанда күні бүгінге дейін «Көшпенділер» деген сөз жиі айтылады. Бұл да біржақты пікір. Әйгілі Сығанақ, Отырардан да бұрын көптеген қалалар салған қазақты тек көшпенді болған деген пікір жаңсақ екені айтпасақ та түсінікті болар.
– Жалпы, қазақ тарихына ғұлама тарихшы Бекмахановты айтпағанда жаңаша түрен салған Манаш Қозыбаев сынды тарихшылар ғана емес, жазушылар да болды емес пе?! Сәбит Мұқановтың, Олжас Сүлейменовтің, Ілияс Есенберлиннің, Мұхтар Мағауиннің, Софы Сматаевтың, Ақселеу Сейдімбектің, Қойшығара Салғариннің шығар­ма­лары арқылы қазақ халқының тарихы жөніндегі тарихи танымының көкжиегі кеңейе түсті. Өзіңіз де тарих жөнінде бірқатар еңбектер жаздыңыз. Соның ішінде Мемлекеттік сыйлық берілген «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясын да айрықша айтуға болады. Әрине, Қазақтың өткен жолдарын айқындау арқылы ғана емес, болашағымызға да бағыт-бағдар жасалмай алға жылжу, өсіп-өркендеу мүмкін емес қой. Сондықтан да тарих ғылымы ғана емес, жалпы елімізді алға сүйрейтін ең негізгі күш қандай деп ойлайсыз? Бұл жөнінде де қазір алуан пікірлер өріп жүр ғой.
– Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректер айғақтағандай, өркениетті елдердің даму жолына ой жүгіртсек, қоғамды алға сүйрейтін қуатты төрт локомотив болатынын ұғынамыз. Олар білім, ғылым, өнер және мәдениет. Осы төрт алып китке қуатты серпін беретін құдіретті күш адам капиталы екен. Елбасымыз сондықтан да адам капиталын дамыту жөнінде Жолдау­ларында нұсқап келеді. Дамыған елдерде мемлекеттік капиталдың 75 пайызын адам капиталы құрайды. Бізде бұл небәрі 21 пайыз ғана. БҰҰ даму индексі үш өлшеммен өлшенеді. Олар білім беру деңгейі, адам өмірінің ұзақтығы және тұрмыс деңгейі. Бұл индекс бойынша Қазақстан 67-орында екен. Ал елдегі қазына-байлық та 3 бөліктен құралады. Жерасты байлығы, өндіріс пен жылжымайтын мүлік және адам капиталы. Қай ел, қай мемлекет болса да қол еңбегімен емес, ең алдымен ой еңбегі арқылы дамиды. Оған мыңнан бір мысал: атақты Билл Гейтстің табысын үш еселесе Қазақстан байлығына тең. Ғылым, білім арқылы өркендеген елдің бірі – Жапония. Жер байлығы жоқ бұл ел әлемдегі электротехниканың 30 пайызын, автомобиль шығарудың 34 пайызын, жаңа технологияның 27 пайызын иеленіп отыр. Билл Гейтс былай деп мәлімдегені белгілі: «Біз баюды мақсат етіп, бар күшті байлыққа салдық. Нәтижесінде адами құндылықтардан айырылып қалдық». Ал адами құндылықтарды дамытып, жасампаз күшке айналдыратын құдірет әдебиет. Ағылшынның ұлы ақыны Дж.Байрон былай деген еді: «Мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдарды қозғау үшін бір-ақ тамшы сияның өзі жеткілікті». Әдебиетті жасайтын талантты Тәңір береді. Талант жолы ешқашан жеңіл болған емес. Анна Ахматованың: «Как мне жить с этой обузой, а еще называют музой» дейтіні содан. Ал өз елімізге келсек, қоғамымыздың қозғаушы күші жазушыларымыздың бүгінгі жағдайы мәз емес. Кітаптардың таралымы 2000-3000 данадан аспайтыны өз алдына, тіпті қаламақы да төленбейтін болды. Мұның өзі халықаралық конвенция тұрғысынан қарастырсақ авторлық құқықты бұзуға жатса керек. Ал кітап не үшін, кім үшін қажет? Түрлі ағымдағы діни кітаптардай емес, әсіре ұлтшылдықты, шовинизмді, империялық басқыншылықты, зұлымдықты, лаңкестікті, т.б. адамгершіліктен аздыратын шығармалар емес, қазақ ақын-жазушыларының қай-қайсысының болсын туындылары ізгілікті, адамгершілікті, патриотизмді насихаттауды өзек ететіні баршаға белгілі. Сондықтан да қаламгерлеріміздің еңбектері барлық оқу орындары мен кеңсе қызметкерлеріне түгелдей жететіндей жүздеген мың данамен таратылуға бюджеттен қаржы бөлу қажет деп ойлаймын. Жоғарыда Б.Гейтстің айтқанындай, қазір тек қана баюды адамдардың басты мақсатына айналдыру рухани байлықты аяқ асты ету салдарынан елімізде жемқорлар мен ұрылардың, тектілердің емес ептілердің айы оңынан туып тұр. Осындай жайтқа ашын­ғандықтан да:
Тексіздері төбеде,
Тектілері төменде.
Ұрылары ұшпақта,
Ұлылары қыспақта, – деп айғайлап айтқың-ақ келеді.
Алайда қанша айғайласаң да дауысыңды естір құлақ жоқ секілді. Мен мұны елімізді жайлап бара жатқан келеңсіздіктерге қынжылғаннан айтып отырмын. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Туған елін ең жақсы көретін адам елінің ең бір болымсыз кемшілігіне де қатал сын айтуы керек. Әттең, соны біз істемей отырмыз» деген сөзі осындайда ойыма орала береді. Күнделікті жаңалықты естіген сайын жүрегің қанжылап егіліп, қынжылысқа түсесің. Күнделікті газет беттерінен, теле-радиодан күн сайын жаңа бір ұрлықтың беті ашылып, тағы бір байшыкеш пен тағы бір шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын естисің. Мәселен, Даму банкінен 188 млн. доллар алған ТОО «БОЧВИ» басшысы Виктор Богданов 12 млн. долларды шетелге аударып жіберіпті. Ал Атырауда 1 млрд. теңгенің мұнайы ұрланған. Мұндай жаңалықтарды шұбыртып айта беруге болады. Бұрын мұндай оқиға жұрт үшін зор жаңалық болып, дуылдасып айтып жататын, ал қазір мұндай қылмыстарға халықтың еті үйреніп кеткен секілді.
Ал Қорғас кеденіндегідей қылмыс жем­қорлықтың шектен шыққанының бір белгісі. Осындай сорақы сұмдықтардан соң Білге қағанның: «Дүниеқоңыздық пен тойымсыздық есіңді алып, еркіңнен айырады» деген сөзі ойға оралады.
Мемлекетіміздің адымын аштырмай отырған тағы бір кесел – көзбояушылық. Мәселен, Индустрия және жаңа технология министрлігінің мәліметтеріне үңілгенде Қазақстанның индуст­рияландыру картасы бойынша 12 млн. доллар бөлінсе, оның көбі игерілмей қалыпты. Не деген жауапсыздық?! Бұл үшін шенеуніктер жауапқа тартылып, халық алдында есеп беріп жатқанын естіген емеспін. Тіпті мынандай да сорақылық та ұшырасып қалады. Ірі нысандар салынарда оны жер-көкке сыйғызбай мадақтап, мақтап құрылысы бітіп, пайдалануға берілгенде лентасын Елбасына қидырып, жұртты қуанышқа кенелткен оқиғалар аз емес. Алайда мұндай нысандардың кейін мүлде жұмыс істемей тоқтап қалғаны туралы фактілер де жеткілікті. Мәселен, миллиардтаған қаржы бөлініп, ел экономикасын ұшпаққа шығарады деп үміт еткен «Тұлпар» автомобиль зауыты, «Балқаш мырыш» зауыты, «Ютекс» мақта өңдеу кешені, «Биохим» зауыты, «Тас қала» цемент зауыты, «Азия керамика» керамогранит зауыты сияқты алыптар алғашқы өнімдерін берер-берместе жабылып қалды.Бұған қалай қынжылмассың?!
– Мұндай қынжылысты оқиғалар ғылым, білім саласында да аз айтылып жүрген жоқ қой. Бұл саладағы кемшіліктің түп-тамыры қайда деп ойлайсыз?
– Бұл да жоғарыда айтылғандай тек баюды, күнделікті табысты ғана ойлаудан туындап жатқан құбылыс. Тіпті мен айтар едім, ғылым, білімді дұрыс жолға қою үшін ұлттық ақыл-ой, еліміздің болашағын қорғайтын қимыл-әрекет қажет. Бізде реформаны аса сақтықпен жүргізудің орнына шет жұрттардың үлгісін көз жұмып көшіре беру белең алған. Сөйтіп, бізде ұлттық ұстаным басшылыққа алын­­ған жоқ. Сөйтіп, ең бірінші Ғылым академия­сына шабуыл жасалды. Тіпті бүкіл ТМД аумағында тек Қазақстан Ғылым академиясы ғана салмақты мәртебесін жоғалтып, қоғамдық ұйымға айналып қалды. Ал қоғамдық ұйым ғылымға қалай бағыт-бағдар беріп, ғылым дамытуды қалай қорғай алады? Ресейде осындай шабуыл басталған кезде Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов «Дін мен ғылым академиясы реформалауға жатпайды» деп үн көтерді. Жақында Ресей шенеуніктері Ғылым академиясын реформалауға тырысқан кезде орыстың атақты ғалымдарының бәрі дерлік қарсы шығып, оның жолы кесілді. Ресей Ғылым академиясының жылдық бюджеті 64 млрд. рубль. Нобель сыйлығының лауреаты, екі мәрте Еңбек Ері Николай Семенов басқаратын химиялық-физика институтында 12 мың адам жұмыс істейді. Осының өзі-ақ Ресей Ғылым академиясының қуатын, ғылымға жасалған қамқорлықты көрсетсе керек. Ал бізде реформа жасалғанда, заңдар шығарылғанда Ресейді өнеге ету дәстүрге айналғаны жасырын емес. Ал ғылымға қамқорлық жасауда Ресейді өнеге етпеген жайтты қалай түсінуге болады?
– Ал мұның себебін өзіңіз қалай пайымдар едіңіз?
– Меніңше реформа жасаушылар арасында қазақ тілін ана тілім деп білетін ұлтжанды шенеуніктер аз, тіпті мүлде жоқ болғандықтан да осындай ағаттықтар туындап жатыр ғой деп ойлаймын. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілсе де оны мойындамай жүрген шенеуніктерге таңданамын. «Білімділіктің ең басты факторы туған тіліңде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады» деген тұжырымын немістің ұлы философы Гегель бекер айтпаса керек. Ал бізде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілсе де оны менсінбей, үйренгісі келмей жүрген шенеуніктер қаншама! Осының себебін түсіне алар емеспін. Мұндайлар бір таңданарлығы ағылшын тілін, орыс тілін, Батыс мәдениетін білгенін мақтан тұтады да, қазақ тілін білуді қор санайтын секілді. Бүкіл әлемге кеңінен таралып, үстемдік жүргізіп отырған ағылшын тілінің сөздік қорынан қазақ тілінің сөздік қоры әлдеқайда бай емес пе?! Мәселен, ағылшынның ұлы драматургі Шекспир шығармаларының сөздік қоры он бес мыңға жетпесе, М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында 16 мың 983 сөз бар екені нақты дәлелденген. Қазақ тілі дүниежүзіндегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі екенін де мамандар нақты дәлелдегені белгілі. Ал осындай ғажайып тілді шенеуніктеріміз үйренгісі келмегендіктен қазақ тілін меңгеруге қаншама көп қаржы жұмсалса да билік қазақшаға бейімделмей келе жатқанын өз басым түсіне алмай-ақ қойдым. Кеңсе тілі қазақшаға бейімделмей қазақ тіліне жасыл көше ашылады дегенге сену қиын. Осындай кереғарлықты бір ғасыр бұрын болжап, алаңдаушылық білдірген кемеңгер Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деп ескертті емес пе?! Жүз елу жыл бұрын әлемде 15 мың тіл болса XX ғасырдың аяғында 800 тіл қалған екен. Соның жүзі ғана мемлекеттік тіл болады деген болжам бар. Оңтүстік Америкадағы үндістердің зяк тілінде сөйлейтін ең соңғы тұяғы Мэри Смит Джонс 2008 жылы өлгенде зяк тілі де бірге өлді. Бұл бір ұлттың ғана емес, адамзат қасіреті. Өгізге туған күн бұзауға тумасын десек, тіл туралы тілімізді тістеп не көшеде жөнсіз айғайлай бермей нақты әрекетке көшкен жөн: ең алдымен тіл инспекциясын құру қажет. Сосын ана тілін білмейтін шенеуіктерді өсіруді шектеу керек. Жоғары билік қазақша сөйлемей қазақтың өзі де қазақша сөйлемейді. Егер біз тәуелсіздік алмағанда енді 20-30 жылдан кейін зяк тілінің қасіреті қазақ тілінің басына да үйірілетіні әбден мүмкін еді. Алла тағала жар болып, тәуелсіздік алып тіліміздің мерейі өскені баршаға мәлім.
Сондай-ақ дін мәселесіне де сақтықпен қараған жөн. Кенияның тұңғыш президенті Джомо Кениата (1894-1978) деген қайраткердің мынандай сөзі әр қазақтың есінде болуы тиіс. Ол былай деп мәлімдеген еді: «Батыстың адамдары келгенде олардың қолдарында Інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Біздің көзімізді байлап шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда біздің алақанымызда інжіл, ал олардың қолында біздің жеріміз тұрды». Ал бұл мысал біздің шет жұрттардың дініне, тіліне, мәдениетіне көзсіз табынудың соңы қандай зардапқа ұрындыратынын аңғарта алса керек.
Түйіп айтсақ, өз тарихымызды өзіміз жазып, төрт құбыламызды түгендемей, мәдениетіміз бен әдебиетімізге ғылым, біліміміз бен өнерімізге мемлекеттің қуатты қолдауы, меценаттардың оң көзқарасы болмай, жемқорлар мен жұмысты ақсатқан шенеуініктерге тосқауыл қоймай, зиялы қауымның жағдайын толық жасамай, жоқ-жітіктерімізді толық түгендемей дамыған елу елдің қатарына қосылу мүмкін емес. Барымызды ешкім тартып алмайды, жоқ іздеген қазақпыз ғой, алдымен жоғымызды түгендейік, ағайын!
– Өзіңіздің ішкі толғанысыңызды, жүрек­жарды пайымыңызды бүкпесіз ақтарғаныңыз үшін рахмет пен алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ойларыңызға қанат бітіп, шығармаларыңыз молая бергей!

Сұхбаттасқан
Қуанбек БОҚАЕВ

http://anatili.kz/?p=15231