Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Ресейлік режиссер Александр Замыслов қазақ журналистерінен қазақ тілін үйреніп жүр. Ресейде танымал болған бірқатар ток-шоулардың режиссері қазір «Еуразия 1» арнасында бірнеше қазақ тілді бағдарламаларды жасауға атсалысып жүр.

Режиссердің айтуынша, ол негізгі күшті арнаның бірегей қазақ тілді аудиториясын қалыптастыруға салып жатыр.  Аталған бағыттағы режиссердің алғашқы қадамдары қазір «1 арна Еуразиядан» беріліп жатқан «101 кеңес», «Маралбек» ток-шоуларынан көрініс табуда.

«Телевидениенің тілі ортақ тіл. Маған өзім қазақ тілінде телебағдарлама жасауға мүмкіндік бергені үшін командама алғысымды білдіргім келеді. Біздің арамызда үлкен сенім орнаған. Онсыз ешқандай нәтиже болмас еді. Болашақта қазақ тілін еркін меңгергеннен кейін бұдан да үлкен жетістікке жетеріміз сөзсіз», – деді А.Замыслов.

Дәл қазір режиссердің қазақшасын «101 кеңестің» жүргізушісі Еркебұлан Мырзабек пен Маралбек Сағынған ұстартып жүр.

«Қазір ол кісі Ресейден Қазақстанға көшіп келген. Жақында азаматтық алатын ойы бар. Белгілі режиссерді шақырту «Еуразия 1» арнасының қазақ тілді бағдарламаларының рейтингісін көтеру үшін жасалған қадам еді», – деді арнаның арнайы жобалар қызметінің креативті менеджері Гауһар Әлдібекова.

Белгілі режиссер бұрын «Профессия – репортер», «Путь патриарха. Памяти Алексия II», «Большая игра президента», «Соловки. Место силы», «Энрике Карузо»,«Последний герой 1-5», «Фабрика звезд -7» бағдарламаларында қоюшы-режиссер қызметін атқарған.

Айта кетерлігі, осы аптада арнада «ФИФА: Футбол 14» атты бағдарламаның тұсаукесері болмақ. Ток-шоу жанрындағы жобада теңбіл доп өнерінің басты жаңалықтары талқыланатын болады.

Аталған жоба Александр Замысловтың қатысуымен түсірілген үшінші бағдарлама болып отыр – ҚазАқпарат.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/articles/view/51095

Рубрика: