АЛТЫНОРДА
Новости

Ресейдегі қазақтар туралы толымды туынды жарық көрді

АСТАНА. 8 қаңтар. BAQ.KZ — Алматыдағы «Атажұрт» баспасынан белгілі жазушы-журналист, дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Журналистер академиясы «Алтын жұлдыз» дипломының иегері Серікқали Байменшенің «Дәнекер» деп аталатын эссе-әңгімелер жинағы жарық көрді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлап отыр.

Аты айтып тұрғандай, бұл кітап — алыстағы ағайынды атажұртпен жалғайтын дәнекерлікті дәріптеуімен, игі мақсатқа ізашар болатын адами ізгілікті ізеттеуімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қазақ ұлтын ұлықтайтын атаулар мен белгілерге, арманда өткен арыстардың өмір-ғұмырына қатысты тың деректер байыпты баяндалады. Кітаптағы кез келген туынды тарих-таным-тағылым-тәрбие тізбегі аясында, сол мақсатқа сай түзілген.
Қаламгер Серікқали Байменшенің есімі Ресей қазақтарына жақсы таныс. Ол — Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде еңбек еткен жылдары екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға Ресей жерінде тұрып жатқан отандастарының абзал істерін насихаттап, атамекенге жеткізуге көп үлес қосқан азамат. Ол, әсіресе, ел газеті «Егемен Қазақстанның» Ресейдегі тілшісі міндетін қоғамдық негізде қоса атқара жүріп, газетте көптеген көкейкесті шығармаларын жариялады.
Автор республикалық басылымдарда жарық көрген осы еңбектерінің бірқатарын «Дәнекер» кітабына енгізіпті. Олардың ішінде «Кішіаралдағы кесене», «Жақсыны іздеу», «Әй, қап!», «Құбаш, Пушкин, Шәкәрім», «Тұрар тұрған үй», «Құпия құлпытас», «Бесеудің бесігі», «Қиырдағы қазақ жұрты», «Мәскеулік» Момышұлы», «Жеңіскер жыр», «Ақжүрек», «Алматы» стансасы», «Теңбіл доп», «Серпін», «Асылзада», «Соңғы сұхбат», «Путин жолы» сияқты әңгіме-эсселері бар. Автор бұл еңбектерінде Ресей өміріне, осы елдегі қандас бауырларға, қазақстандық атауларға қатысты көптеген келелі тақырыптарды қозғайды.
Аталған кітапты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы 2000 дана таралыммен шығарған екен. Бұл аз таралым Қазақстанның өзінен де ауыспайтын шығар, сол себепті, Қауымдастық басшылығынан осы кітаптың Ресей қазақтарына да жетуін ойластыруды сұраймыз. Сонымен бірге, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қазақстан елшілігімен бірлесіп Мәскеуде Ресей қазақтары үшін осы кітаптың арнайы таныстырылымын ұйымдастырса, құба-құп болар еді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Орынбасар Қуандықов.

 

http://baq.kz/kk/diaspora/890