АЛТЫНОРДА
Новости

Путиннің сөзінен соң рублі бағамы нығая түсті

Бүгін Ресей президенті Владимир Путиннің ресейлік қаржы институттары «рубль бағамын тұрақтандыру шараларын қабылдап жатқаны» туралы мәлімдемесінен кейін Мәскеу қор биржасында рубльдің еуро мен АҚШ долларына шаққандағы бағамы өсті.

Доллар ең қымбат бағамға жеткен қарашаның 7-сі күнгі деңгейінен шамамен екі жарым рубльге, еуро — үш жарым рубльге арзандады.

Владимир Путин бүгін Пекинде Азия — Тынық мұхит аймағы экономикалық саммитінде Ресейдің қаржы органдары рубль бағамын тұрақтандырудың барлық шараларын жасайтынын мәлімдеген. Путин бұған қоса Ресей капитал ағымына шектеу қою ниеті жоғын да айтты.

Қарашаның 7-сі күні Ресей Орталық банкі рубль бағамын ұстап тұру үшін барлық тетіктерді, оның ішінде кең ауқымды валюталық интервенцияны пайдаланатынын мәлімдеген.

Ресей рублі өткен аптада соңғы 15 жылда болмаған деңгейге дейін құлдырап, доллар мен еуроға шаққанда бірнеше рет қатты арзандады.

Орталық банктің ресми дерегі бойынша, биыл қазан айында рубльді тұрақтандыру үшін валюталық интервенцияға 29 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалған.

Сарапшылар Ресей рублінің құнсыздану үрдісін әлемде мұнай бағасының арзандауымен, сыртқы саяси жағдайлармен, оның ішінде Украинадағы дағдарысқа қатысты Ресейге қарсы салынған санкциялармен байланыстырады.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141110/330/330.html?id=26683254