Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

©Алаш айнасы иллюстрациясы«Қызға – қырық үйден, қала берді, есіктегі қара күңнен тыйым» деп үкілеп өсірген көзінің қарашығын сыңсу айтып шығарып салған қазақ кезінде алып қашу дегенге үдере қарсы шықты. Енді ше, бар тәтті-дәмдісін аузына тосып, бар жақсысын иығына іліп, бетін желге қақтырмай өсірген қызы үйінен безсе, қай ата-анаға абырой болсын?! «Бақсам, бақа екен» дегендей, енді бүгін сол алып қашумен де жылап көрісетін заман келгендей. Сүйінші сұрайтын нәрсе емес, бірақ «ауруын жасырған өледі» деген емес пе?! 

«Бауыржан-шоудағы» құда мен құдағи­дың интермедиясы есіңізде болса, сонда «үйіңе арнайы шақырайын демей­сің» деп кейіген құдағиына құдасының «өй, мен сені қалай шақырамын, егер сен менің үйімнен онсыз да шықпайтын болсаң» дей­­тін жері бар еді ғой. Әзілдесе де, шымбайға батар шындықты айтқан қуақы құданың сөзін дәл бүгін қыздарымызға, келіндерімізге айтуға болады. Әрине, бәріне бірдей емес, оның ішінде өз аяғы­мен барып, жігіттің үйіне кіріп алатын­дарына. Ол қалай дерсіз? 

• Бірінші жағдай:

Бір таныс отбасымыз табысты бизнес­пен айналысып жүріп, Алматыдан ипотека­ға үш бөлмелі үй алды. Бірақ көшіп келген соң көп ұзамай дағдарысқа тап болып, кәсіптері кері кете бастады. Ақыр аяғы тіпті ипотекаға алған үйлерінің айлық төлемі ауыр соғатын жағдайға жеткен соң, олар бір бөлмелеріне қыздарды пәтерге алады. Арада уақыт өткенде ол үш қыздың екеуі кетеді де, біреуі «барар жерім жоқ, үй қыз­метшісі есебінде болса да, мені қалдыры­ңыздаршы» деп жалынған соң, әлгі үйдің анасы қызды қалдырады. Содан не керек, күндердің күні ол қыз бұл отбасындағы үлкен ұлдың қойнынан бір-ақ шығады. Бір қызығы, таңертең бір төсектен тұрып, бір бөлмеден шығып келе жатқан жігіт пен қызға үй іші үдере қарамаған. Тағы бір таң­ғаларлығы, екеуіне «ең құрығанда мешіт­ке барып, некелеріңді қидырсаңдаршы» демеген, тойды қоя беріңіз енді, құда түсіп бармаған. Соңында әйтеуір қыздың аяғы ауырлап, айы-күні жетуге шақ қалғанда «ертең бесік алып келгенде ұят болар» деп, құдалардың алдынан өткен. 

• Екінші жағдай:

Құрбылас қыздардың бірі аяқастынан бір жігітпен танысты. Танысқан күннен көп өтпей жігіт қызды үйіне ертіп апарып, солайша, қыз өзін сол үйдің бір мүшесіндей сезініп, жиі-жиі баратын болды. «Мама­мыз­дың туған күні еді» дейді бірде, екін­ші­сінде «тәтті тамақ пісіріп қойдым, кел деп жатыр» деп кетеді. Сөйте-сөйте, күн­дер­дің күні әлгі «мамасы» «пәтерге ақша құртып қайтесің, біздің үйде-ақ тұра бер­сеңші деді» деп келді. Біз, құрбылары, өре түрегеліп, «қанша дегенмен, оң жақта отыр деген атың бар, жөнін, салтын жасамай, жігіттің үйіне кірген қазақ қызына ұят бола­ды» дестік. Алғашында тыңдағансып біраз жүрді. Бір күні жұмыстан оралсақ, құрбы­мыз киімдерін жинапты да, ешкімге айт­пай, әлгі үйге тайып тұрыпты. Тілдей қа­ғаз­ға «қыздар, қорықпаңдар, көп өтпей то­йыма шақырамын, көресіңдер» деп жазып кетіпті. Әрине, той болып жатса, жақсы ғой, қыздың да бір амалы бар болар деп көндіктік. Содан ай өтті, тіпті жарты жыл да өтті, той түгіл, құрбымыздан хабар жоқ. Бір күні жылап келді. Сөйтсек, қызы­мыз «жігіттің үйіне кіріп алсам, күнде үйін­де жүрген қызды көріп, жауапкершілікті сезі­нер, құда түсіп барар» деп ойлаған ғой. Ал әлгілер қыңқ етпеген соң, жігітке жайлап айтқан, естімеген адамдай елемей жүре берген. Соңында не керек, «өз аяғыңмен келдің, бізге не дейсің» дегенге дейін ұласып, той түгіл, қыз ол үйден безіп кетуге мәжбүр болады. 

• Психолог пікірі

Әбдуәлі Мамәділ, психолог:

– «Қарап тұрған жігітке қыз артылар» заман келетінін айтқан баяғы билердің сөзі бар. Сол – дәл бүгінгінің кейпі. Жалпы, бұл – қай жағынан болсын, ер мен әйел арасындағы баланс, яғни тепе-теңдік, үндестік, гармонияның бұзылуынан. Сан жағынан да, сапа жағынан да. Өз аяғымен кіріп алған келіннің  мейлі жақсы ниеті болсын, мейлі басқа ойы болсын, оны солай етуге мәжбүрлеп отырған жағдайлар бар деген сөз. Егер қыз барлығын жиыстырып, өз үлесін өзі алмаса, оныкін біреу алып қояды, яғни қыздар көп, біреу болмаса, біреу әлгі үйдің табалдырығын аттауы әбден мүмкін. Бұл жерде қыздарды ақтаудан да, қаралаудан да аулақпын. Қазіргі заманның бір заңдылығы сияқты нәрсе – ол. Психолог болған соң, түсіністікпен қараймын да, бір жағы. Бұл да болса – қыз балалардың тұрмыс құруға деген әрекеті. Бұл – сондай-ақ өзін-өзі сақтау инстинкті де. Егер ер адам әлжуаз, бір шешімге келе алмайтын болса, онда тізгінді қыз өз қолына алып, жігіттің үйіне де өзі кіруге мәжбүр осылай. 

Кірпікте арың ілулі, кетпесін жас боп үзіліп…

Иә, заман шығар, әлеуметтік жағдай, психологиялық аспектілер шығар… Бірақ ұлттық иммунитет деген ше? Қадір-қасиет, ар-намыс деген қайда? Бәрін тек әлеуметтік жағдайға жаба салу әділетті емес, себебі қыз, ең бірінші, өз бағасын біліп, екіншіден, өз тағдырын өзі шеше салмай, ата-ана, ел-жұрттың абыройын да ойлауы керек. Соғыс кезінде еді «бас-басыңа бай қайда, жүзі қара, шал да болса, тиіп ал екеуара» деген ұранға құлақ салатын. Бүгінде, бәлкім, жігіт аз, қыз көп деген сөз де кей қыздарға қорқыныш тудыратын шығар, бірақ солай екен-ау деп, алдымен өз арын аттап, сосын ата-ана, ел-жұртты жерге қаратып, жігіттің қойнынан бір-ақ шығу керек пе? Әрине, өзі солай кіріп алған келіннің не қадірі қалсын? Бірақ жігіттің де жұрты бар ғой, олар өз ұлдарына «балам, ол да бір үйдің қызы ғой, қалағаның сол болса, құда түсейік, болмаса, болары болып, бояуы сіңбей тұрып, қызды үйіне жіберейік» деп неге айтпайды?!

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/oz-ayagyimen-kelgen-keln-majburlk-pe-mangurttk-pe-30913/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Рубрика: