АЛТЫНОРДА
Новости

Нұрсұлтан Назарбаев: Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседі

Нұрсұлтан Назарбаев: Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді  бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседіӨткен жұмада Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан – 2050»  Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы болып өтті. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!
Қадірменді қауым!
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясының ашылуымен бар­шаңызды шын жүрегімнен құттық­таймын!
Ұлы Жамбыл ақынның «Жігерлі болса ер болар, Бірлікті болса ел болар» деген сөзі бар. Бүгінгі сессияның өзегі – бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті біздің осындай бірлікті Ел болмысымыздың кепілі. Мәдениет – тіршіліктің тірегі, ортақ игіліктерді ұлықтап, ұлтты ұлы істерге ұйыстырудың бірегей тетігі. Бейбітшілік, руханият пен келісім: бәрінің тамыры – мәдениетте. ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық!
Келісім – экономика мен сая­сат­тың, қауіпсіздіктің, өмірдің заңы. Біз келісім мәдениетін дәстүр ретінде ұрпаққа мұра етуге тиіспіз. Келісім мәдениеті Мәңгілік болуы керек.

Құрметті Ассамблея мүшелері!
Құрметті отандастар!
Мен сіздердің бәріңізді Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ХХІ сессиясы жұмысының басталуымен құттық­таймын!
Осы залға біздің үлкен Отанымыз­дың барлық өңірлерінен өкілдер жиналып отыр! Біздің форумға бірлескен адал Еңбегімен елімізді құрып және дамытып жатқан түрлі жастағы, ұрпақтар мен кәсіптердегі қазақстандықтар қатысып отыр. Мен өзінің қажырлы және еңбектегі даңқымен біздің достығымызды қорғап, мәңгілікке бекіткен барлық ардагерлерді ерекше құттықтаймын. Мен менімен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған және сол идеяға адал болғандардың бәріне ризамын. Олар күнделікті жұмысында бейбітшілік пен келісімнің ұлы қағидаттарын қорғап және дамытып келеді.
Осы залда көптеген жастар, соның ішінде біздің Тәуелсіз­ді­гі­міз­дің құрдастары отыр. Мен бұ­дан толеранттылық, достық пен бауырластық идеяларын қазақстан­дықтардың жаңа буынының бүкіл ғасырларға қабылдауының жақсы нышанын көремін. Бұл біздің босқа жұмыс істеп жатпағанымызды білдіреді! Бұл бейбітшілік пен келісімді сақтаушы ретіндегі Ассамблеяның сенімді тірегін кез келген сөзден артық бейнелейді. Бүгін біздің сессиямызға шетелдік меймандар мен дипломаттар қатысып отыр. Мен Қазақстанның барлық шынайы достарын шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті сессияға қатысушылар!
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен біз өңірлерде, қалаларда, аудандарда, ауылдарда мыңдаған кездесулер өткіздік. Осыдан екі онжылдыққа жуық уақыт бұрын, Ассамблеяны құра отырып, біз әлемдегі барлық мәлім болған модельдерден де озық шыға білдік. Біз халықты ортақ патриоттық тұғырнамада топтастырудың бірден-бір сенімді тетігін таптық. Оның мәні әркімге де түсінікті және қарапайым адами сұраныстарды – жұмысты, отбасындағы әл-ауқатты, балалар үшін білім беруді, денсаулықты, тұрғын үйді, қауіпсіздік пен демалысты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім – әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!
Ассамблея әр кезде де уақытпен бірге қадам жасауда. Оның қолдауы біздің Тәуелсіздігіміз тарихының барлық тағдыршешті сатыларында шешуші болып келді. Мен бірлік пен топтасқандықтың қоғамның ең басты құндылықтары екенін қайталаудан ешқашан жалықпаймын. Соның арқасында біз экономиканы көтердік, халықтың әл-ауқатын нығайттық, елдің болашағын көрсеттік. Біз 2030 Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуына қол жеткіздік.
Бүгінде біздің бірлігіміз – ол жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену – ол біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады.
Бірінші. Ол этностық, тілдік, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқылығы. Бізде қысым жасаудың кез келген түріне, бейбітшілік пен келісімге қол сұғушылықтың кез келгеніне мейлінше жол жоқ және ол заңмен қатаң қудаланады.
Екінші. Ол біздің экономикамыздың дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін ортақ жауапкершілік. Түрлі этностағы қазақстандықтар индустрияландыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, ғылымға, білім беруге, денсаулық сақтауға, спортқа белсенді атсалысады. Біздің экономикамызда ешкім этносына қарап бөлінбейді. Бәрі көпұлтты ұжымдарда тату-тәтті еңбек етеді.
Үшінші. Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесі және барлық этностар мен олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешімін тапқан. Биыл біздегі тілдер туралы алғашқы заңнамаға 25 жыл толады. Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседі. Міне, ширек ғасырдан бері біз тіл саясатында айқын бағытпен келеміз – мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз және бүкіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз. Бүгінде тұрғындарының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейтін және ойлайтын елдер көп емес. Қазақстан солардың қатарында, бұл біздің ұлттық байлығымыз. Біз үш тұғырлы тілді дамыту бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Бізде 15 тілде 60 БАҚ жарық көреді, оның ішінде этномәдени орталықтардың 34 газеті мен 26 сайты бар.
Төртінші. Мемлекеттің зайыр­лылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ. Сонымен бірге біздің еліміз зайыр­лы және дін мемлекеттен бөлінген. Біз сондай-ақ діни ұрандар ұстанған экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз.
Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз.
Бесінші. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру – қазақстандықтарды жұмыспен қамту, біздің бүкіл еңбекшілеріміздің өмір сапасы үшін басты шарт. Еңбек, жауапкершілік және тәртіп – тек осылай ғана бүкіл Қазақстан дами алады.
Алтыншы. Қазақстандық мәдениет елдегі бүкіл этностардың мәдени қатпарларының тығыз қарым-қатынасы арқасында қалыптасады. Бізде қазақ өнері мен дәстүрлері дамуда, сонымен бірге бүкіл этностардың мәдени мұраларының дамуы да қамтамасыз етілген. Біз өз еліміздің, кез келген этносқа жататын біздің отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа, қосқан үлестерінің артып келе жатқанын мақтан тұтамыз.
Жетінші. Қазақстан халқы Ассамблеясы – ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея – бүкіл азаматтардың бүкілхалықтық өкілдері мүдделерінің инновациялық моделі және біздің жас демократияның табысты құралы. Ол бүкіл ел бойынша 820 этномәдени бірлестіктер қызметін шоғырландырады. Бұл дегеніміз, 70 мың белсенділер. Ал осы жұмысқа барлығы 3 миллионнан астам адам қатысады.
Ассамблея халық егемендігін шоғырландырушы саясатүстілік органға айналды. Ассамблеяның депутаттық тобының құрамына бүкіл парламенттік партияның өкілдері болып табылатын 25 мәжілісменнің кіруі үлгі тұтарлық жағдай. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этнос­тар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етеді. Тек өткен жылы ғана Ассамблея 10 мың іс-шара ұйымдастырып, оларға 3,5 миллионнан астам адам қатысты. Көптеген өңірлерде Достық үйлері құрылып, жұмыс істеуде, оларда жыл сайын 720 мыңнан астам адам болып тұрады. Біздің Ассамблеяны 2020 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Сұрау салынған қазақстандықтардың 97,5 пайызы біздің Ассамблея біздің бүкіл халықтың мүдделерін бейнелейді деп есептейді. Бұл жақсы мойындау.
Қазақстандық бейбітшілік руханият пен келісім мәдениетінің 7 арқаулық қағидаттары осындай. Бұл енді біздер өз ұрпақтарымызға ұлт байлығы ретінде беретін ортақ мәдени мұрамыз.

Құрметті сессияға қатысушылар!
2050 Стратегиясы бізді ХХІ ғасырдың күрделі жағдайында шынайы да қиын жұмысқа бағыттайды. Біз – ашық елміз. Сондықтан біз күмбез астында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бізді бүкіл әлеммен мыңдаған экономикалық, саяси және қарапайым адами қарым-қатынастар байланыстырады. Бізге жаһандық және өңірлік сипаттағы көптеген сын-қатерлермен бетпе-бет ұшырасуға тура келеді. Ол туралы мен өз Жолдауларымда ашық та тура айтып жүрмін.
Турасын айтайын, бейбітшілік пен келісімді нығайту – 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың басты критерийі. Ағымдағы жүзжылдықта әлемнің қандай күрделі болатынын өзіміз жаһандық саясатты көріп отырған оқиғалар нақты бейнелеуде. Бүгінде Украинадан жетіп жатқан мәліметтерді жүрек сыздатпай оқу мүмкін емес. Бұл ел біздің ТМД бойынша жақын әріптестеріміздің бірі. Бізді өзара тиімді қызметтестіктің он жылдығы ғана байланыстырмайды. Бізге тарихтың ортақ парақтары да тән. Дүрбелең жылдарда Қазақстан біздің елімізге күштеп көшірілген, Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуацияланған және осында жүрек қалауымен өнеркәсіп алыптарын тұрғызуға және тыңды көтеруге келген жүздеген мың украиндар үшін екінші үйге айналды.
Биыл біз тың эпопеясы басталуының 60 жылдығын атап өтеміз және елдің астық қамбасын құру үшін жұмыс істегендердің бәрін еске түсіреміз. Мен ауыр жағдайда тыңды көтеріп, ашық далада инфрақұрылым тұрғызғандардың бәрін құттықтаймын. Бүгінде біздің азаматтарымыздың үш жүз мыңнан астамы – олар украиндар. Украина жерінде оны фашизмнен азат ету жолындағы шайқастарда ерлікпен қаза тапқан мыңдаған қазақстандықтардың аруақты рухтары жатыр. Мыңдаған қазақ Украинада білім алды. Сіздер менің солардың бірі екенімді білесіздер. Онда мен металлург өнерін үйрендім. Сондықтан біз қазақстандықтар украин халқы үшін алаңдаушылық білдіреміз және украин қоғамында тұрақтылық пен бірліктің тез орнығуына туыстық көңілмен сенім артамыз. Біз ­украин халқының ішкі проблемаларды сырттың араласуынсыз, барлық мүдделі тараптармен бейбіт келісім жүргізе отырып, өздерінің шешуі керек екеніне сенімдіміз.

Құрметті отандастар!
ХХІ ғасыр бізге Бес Мызғымас Шындықты көлденең тартады.
Біріншіден, тұрақты экономика – ол тұрақты қоғам, әр адамның тұрақты өмірі. Кейбір елдерде бұл шындық түрлі партиялар мен топтардың саяси көксегендеріне орай жиі-жиі екінші кезекке ысырылады. Ал бізде экономиканы дамыту – өзіміз күн сайын шешімін тауып келе жатқан ең басты «2050 Стратегиясы».
Екіншіден, мемлекеттің Тәуелсіздігі Конституция мен заңдар мүлтіксіз сақталғанда ғана, ең алдымен ел азаматтарының өздері сақтағанда ғана мызғымайды.
Үшіншіден, этносаралық қарым-қатынастар, азаматтық тең құқылық мәселелері, тіл саясаты – мұның бәрі саяси ойындар үшін алаң емес. Оларды «кейінге» қалдыруға болмайды. Оның үстіне мойындамауға және билік үшін таласта дәйек ретінде арсыздықпен қолдануға болмайды. Ол мемлекет үшін де, халық үшін де, әрбір адам үшін де қауіпті. Сондықтан шовинизмді немесе ұлтшылдықты ашық неофашизмнен оп-оңай аттап кетуге болатындай өте әлсіз сызықтық ғана бөліп тұрғанын әркім де түсінуі керек.
Біздің халқымыздың және бүкіл ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысында сұрқия сипатты обаны Жеңіп шығу үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғанын әркез есте сақтауға тиіспіз. Ол әркезде де отбасында, мектеп пен ЖОО-да, еңбек ұжымдарында әрбір жаңа буынды тынымсыз тәрбиелеудің тақырыбы болуы керек. Фашизмді талқандаған Жеңістің ешқашан санадан өшпеуінің маңызы зор! Сондықтан 9-мамыр – барша үшін де маңызды күн.
Астана әкіміне даңқты генерал Иван Васильевич Панфиловқа ескерткіш орнату және астаналық жаңа көшелердің біріне оның есімін беру мәселесін қарастыруды тапсырамын. Таяуда ғана, сәуірдің басында Ресейдің Псков облысының Невель қаласында біздің жерлесіміз, павлодарлық Әбілқайыр Баймулдин 1944 жылдың қаңтарында жерленген орталық алаңға оның есімі берілді. Жеңіс күніне орай оның зиратына қола мүсін орнатуға дайындалуда. Біз бүкіл соғыс батырларын есте сақтап, құрметтегені үшін Ресей халқына алғыс айтамыз. Біз Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық қазақстандық батырлардың аты-жөндерін біліп, оларды құрметтеуге міндеттіміз. Жастарға патриоттық тәрбие беру ісін, әсіресе, фашизмді талқандаудағы Жеңістің алдағы 70 жылдығы шеңберінде Ассамблея жұмысының басты бағыты ретінде дамыту қажет.
Төртіншіден, кез келген елдің интеграциялық таңдауы – бұл халықтың әл-ауқат мәселесі. ­Саяси конъюнктураға емес, мықты экономикалық прагматикаға негізделген интеграция ғана табысты және тиімді болады. Ол адамдардың өмірін жақсартып, еңбекпен қамту және бизнес үшін лайықты жағдай туғызады, экономиканы дамыту үшін кең мүмкіндіктер береді. Міне, нақ осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Беларусьпен және Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одақ құрады.
Осында, Алматыда, осы интеграциялық бірлестік құру туралы тарихи шартқа қол қою жос­парланып отыр. Мен 1994 жылы ММУ қабырғасында ілгерілеткен Еуразиялық одақ құру туралы идеяның 20 жылдығында келісім жасалатынының символикалық мәні бар. Біз ХХІ ғасырда бірге технологиялық секіріс жасау үшін экономикалық одақ құрамыз. Үш ел жаһандық бәсекелестікке төтеп беруде бір-біріне көмектесу үшін интеграцияланады. Оның қатаң болатынына ешқандай күмән жоқ. Мен ХХІ ғасырда еуразиялық интеграцияға басқа стратегиялық тиімді балама жоқтығына сенімдімін.
Цифрдың объективті тілі Қазақ­станның Кеден одағы елдерімен тауар айналымы ол құрылған уақыттан бері 88 пайызға өсіп, 24 миллиард доллар құрағанын айтады. Оның ішінде осы елдерге біздің экспорт 63 пайызға артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Қазір барлық интеграциялық қадамдардың «халықтық дипломатиямен», бірінші кезекте, Ассамблея тарапынан кең қоғамдық қолдаумен бекігені маңызды.
ХХІ ғасыр – интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз – дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция – ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды.
Бесіншіден, әлем үлкен өзгерістер жолағына аяқ басты. Халықаралық қатынастар айтарлықтай дағдарысты басынан кешіп жатыр. Мені жетекші ядролық державалардың ядролық материалдарды физикалық қорғау саласындағы ынтымақтастықты тоқтатуы ықтимал деген ақпарат алаңдатады. Бұл әлемдегі барлық ядролық таратпау үдерісіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, соңғы ондаған жылдарда осы салада, оның ішінде, жақында өткен Гаагадағы Жаһандық саммитте қол жеткізілген барлық табыстарды құрдымға жіберуі мүмкін. Біз халықтың ерік-жігеріне арқа сүйей отырып, Семей ядролық полигонын жаптық, сөйтіп, ядросыз мәртебе иелендік. Біз, қазақстандықтар, ядролық өзін-өзі жою қатерінен ада бейбітшілік идеалына сенімді қалпымызда қаламыз.
Бүгін біз халықаралық саясаттағы өткір дағдарысты көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан мен Ресейдің ізгі ниетті көршілер, одақтастар және стратегиялық әріптестер екенін мәлімдеймін. Біз өткен жылы ХХІ ғасырдағы ізгі көршілестік және одақтастық туралы шартқа, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойдық. Таяу уақытта екі ел осы келісімдер бойынша барлық ратификациялық процедураларды өткізеді. Ресеймен қарым-қатынас – біздің сыртқы саясатымыздың маңызды тармағы. Тағы да атап көрсеткім келеді: Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай – біздің көршілеріміз және сондықтан бізде қашанда ең жақын достық болған, бар және бола береді.
Жаһандық саясаттағы қазіргі жағдай – бұл әлем құрылысының көпқырлылық жағына қарай ауысу парадигмаларының драмалық актісі. Бұл туралы мен алғаш рет «G-GLOBAL» бастамасын ілгерілете отырып 2012 жылы-ақ айтқан болатынмын. Мен егер халықаралық құқықта, сыртқы саяси практикада, мемлекетаралық қатынастар тәсілдерінде терең өзгерістер жүзеге асар болса, қазіргі жаһандық сын-қатерлер еңсеріледі деп есептеймін. Сондықтан біздің «G-GLOBAL» қағидаттары туралы ұсыныстарымыз әлемдік қоғамдастыққа қай кездегіден де пайдалы. Мен олардың әлемнің дамуына қазіргідей бей-берекет емес, конструктивті сипат беруге қабілетті екеніне сенімдімін.
Ассамблеяның бай халықаралық байланыстары бар. Мен барлығыңызды «G-GLOBAL» идея­сын ілгерілету үшін өздеріңіздің халықаралық байланыстарыңызды пайдалануға шақырамын. Сондай-ақ, Ассамблея­да еліміздегі Астанада өтетін ­«ЭКСПО-2017» Бүкіләлемдік көрмесі мен Алматыда өтетін «Универсиада-2017» сияқты аса ірі халықаралық шараларға дайын­дыққа қатысу бойынша өзінің нақты іс-қимыл жоспары болуы тиіс. Осы шараларда біз әлемге мәде­ниетімізді, еліміз халқының полиэтностық толеранттылығын, бейбітшілік пен келісім жағдайындағы табыстарымызды көрсетуге тиіспіз.

Құрметті сессияға қатысушылар!
Біздің қоғамымыздағы тұрақтылық пен бірлік – Стратегия жолымен дамуымыздың аса маңызды факторы. Сондықтан толеранттылық пен келісімнің қазақстандық моделін одан әрі ілгерілету бойынша бірқатар жаңа шаралар қабылдау қажет.
Бірінші. Алдағы жылы Ассамблея құрылғанына және референдумда ел Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Бұл – біздің жылнамамызды біртұтастандыратын екі ұлы оқиға. Нақ Ассамблея өзінің алғашқы екі сессиясында 1995 жылғы Конституцияны қабылдауды қолдады. Ол барлық қоғамдық институттар арасынан алғаш болып халықты референдумда Конституция үшін дауыс беруге шақырды. Сондықтан келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынамын. Үкіметке Ассамблеямен бірлесе отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығын өткізу бойынша Ұлттық іс-шаралар жоспарын дайындап, жүзеге асыруды тапсырамын. Осымен байланысты алдағы жылы Астанада Қазақстан халқы форумын өткізуді ұсынамын.
Екінші. Бір жарым ай бұрын, 1-нау­рызда, Ассамблеяның 20 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының жаңа кезеңі басталды. Әр қалада, аудан орталығында, ауылдар мен селоларда жұмыстарға ерекше екпін түсірілуі тиіс. Әр үйге, әр отбасына жететіндей деңгейде жұмыс істелуі керек. Бүгін Ассамблея туы астында құрылған жергілікті жерлердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту қажет.
Үшінші. Ассамблеяның өңірлік деңгейдегі құрылымдарын күшейту. Менің тапсырмам бойынша барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында кіші ассамблеяларды дамыту тұжырымдамасын қабылдау керек. Ассамблея Хатшылығына Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында Достық үйлерін салудың барлық мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырамын. Елордамыз Астанаға қатысты айтатын болсам, ол толерантты этносаралық қатынастардың лайықты үлгісі болуы керек. Мұнда Тілдер туралы заңның барлық талаптары үлгілі орындалуы тиіс. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымы, қала көлігі, көшелер, даңғылдар мен өзге де қала нысандары толықтай заңнама талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде нұсқаулануы шарт.
Бүгін бұл барлық жерде қамтамасыз етілмеген, автобустардағы аялдамалар, неге екені белгісіз, тек бір ғана тілде хабарланады, олардың маршруттарының нұсқаушалары да бір тілде. Неге Астананың кіші ассамблеясы мұны бақыламайды, заңдылықтарды сақтауға жауапты өкілетті органдардың құлағына неге жеткізбейді?! Бұл еліміздің басқа да барлық қалалары мен елді мекендері үшін маңызды. Алдағы Бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай қала топономикасы мен нұсқаушаларды ағылшын тілінде қамтамасыз ету қажет. Мұның «Универсиада-2017» қабылдау мен «Олимпиада-2022»-ні өткізу құқығына күресу міндеті тұрған Алматыға да қатысы бар.
Екіншіден, 2015 жылды «Астана – бейбітшілік пен келісім қаласы» ұраны аясында өткізіп, бұған барлық республикалық этномәдени бірлестіктерді тарту қажет.
Төртінші. Бүгін Ассамблеяның барлық ағымдағы жұмыстарын басқаруды қамтамасыз ете алатын механизм құру мәселесі пісіп-жетілді. Үкіметке 2014 жылдың 1-маусымына дейін Алматыдағы Достық үйі арқауында ҚХА қызметін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік мекеме, сондай-ақ облыс әкімдерімен бірлесіп, кіші ассамблеялардың жұмысын қамтамасыз ететін өңірлік мекемелер құрудың барлық мәселесін қарастыруды тапсырамын.
Бесінші. Өңірлік ассамблеялар хатшылықтары меңгерушілерінің мәртебесін жоғарылату қажет. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке облыстарда, Астана және Алматы қалаларында ҚХА хатшылығы меңгерушісінің лауазымын Мемлекеттік қызметшілер лауазымдары реестрінің D2 категориясына ауыстыруды тапсырамын.
Алтыншы. 22-сәуірде «Жасыл Ел» – «Зеленая страна» Жастар еңбек жасақтары республикалық штабының мерейтойлы 10-ыншы маусымы ашылады. Бұл – біздің жастарымыздың патриотизмі мен еңбексүйгіштігінің тағы бір жарқын көрінісі. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 200 мыңнан астам жас қатысып үлгерді. Олар 44 миллионнан астам ағаш отырғызып, 111 мың гектар жерді абаттандырды! Мен еңбек жасақтарының барлық сарбаздарына шынайы сәлемімді жолдап, оларға Отанымыздың игілігі жолында жемісті жұмыс тілеймін! Үкіметке бір ай мерзімде «Жасыл Елді» әрі қарай дамыту бойынша ұсыныс енгізу қажет. Маған жастар өкілдері кейбір өңірлерде бұл жұмыстың мүлдем ақсап жатқаны туралы бірнеше мәрте шағым айтып қайрылды.
Бұл – жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні бар аса маңызды шаруа. Жасыл Ел дегеніміз – Мәңгілік Ел. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік Жасыл Елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде ық, суықта пана, ыстықта сая болатын Мәңгілік Бәйтерек тұрпатты Жасыл Елді табыстауымыз қажет.
Осы шаралардың барлығы Ассам­блеяның қоғамдағы рөлін нығайтуға, оның біздің ортақ қазақстандық үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін жауапкершілігін арттыруға қызмет ететін болады.
Қымбатты достар!
Бірде менімен әңгімелесуі кезінде, өкінішке қарай, жақында ортамыздан кеткен біздің аса көрнекті ақынымыз Фариза Оңғарсынова үлкен істер жасау – бұл баршаға белгіліге бір нәрсе қоса білу, өз жаныңның бір бөлшегін, жеке тәжірибеңді бере білу дегенді данышпандықпен меңзеген еді. Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті – бұл әр күн сайын біздің қасиетті жеріміздің өсіп-өркендеуіне өзінің жаны мен жүрегін салып жүрген барлық 17 миллион қазақстандықтың жанды шығармашылығы. Бізде әр этнос басқа этностардың өрнектерімен үйлестіре отырып, өз өмірінің өрнегін құрып келеді. Және бәріміз бірге Қазақстан атауындағы ғажайып, түрлі-түсті, баға жетпес Ұлы Тарих полотносын салудамыз.
Жақында «Казправдадан» жерлесім, қарағандылық, украин мәдени орталығының жетекшісі Николай Матияшиннің бүгінде қазақстандықтар бейбітшілік пен келісім ауанына «шомылып», рақат сезімге бөленуде деген пікірін оқыдым. Бұл баға жетпес сөздер! Мен адамдар достықта, түсіністікте өмір сүріп жатқан біздің қоғамымызда әлем әрқашан жарқын және кең болатынына сенімдімін.
Бүгін біздің сессиямыз екі күннен кейін барлық отандас-христиандар бір мезгілде атап өтетін Пасха мейрамы қарсаңында өтіп, сонымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – сенім-нанымына қарамастан, барлық қазақстандықтардың мейрамы. Дәл сол секілді, бәріміз мұсылмандар мен Қазақстанның басқа да конфессияларының мерекелерін бірге атап өтеміз. Көктемнің осы жарқын күндерінде мен барлық қазақстандықтарға бейбітшілік, ізгілік, өзара түсіністік пен игілік тілеймін.

Құрметті отандастар!
«Дамудың сыры – бірлікте, Табыстың сыры – тірлікте» екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар.
Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Сонда ғана «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан! «Саусақ ашса – қылдырық, жұмса – жұдырық» екенін көкейге берік түйе отырып, ұлы мақсаттарға бірге сапар шегейік, қымбатты отандастар! Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болсын! Еліміз жарқырап, жайнай берсін!

Жиын күнделігінен

Қазақстан – ортақ үйіміз

Юлиана Отто,
№30 Павлодар орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
– Мен Павлодар қаласында өскен неміс қызымын, менің аталарым осы жаққа жер аударылған. Ал өз ата-анам осында туған. Мен қала баласы болсам да кішкентай кезімнен қазақ тілін үйрене бастадым. Бүгін мен қазақ жерінің қадірін, қазақ елінің бақытын жаныммен сезінемін. Ол үшін өз анама осы сахнадан мың да бір рет алғыс айтқым келеді. Әрине, тіл мәселесі өте нәзік әрі шетін. Біздің ел бұл мәселені қазақ халқына тән даналықпен тұрақты жолмен мәңгілікке негіздеп шешіп келеді. Бүгінгі күні қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 25 жыл толғалы отыр. Бүгінгі күні біздің облыста көптеген ата-аналар балаларын қазақша оқытуда. Қазір өзге ұлт өкілдерінен шыққан 600-дей оқушы, 1500-дей мектеп жасына дейінгі бүлдіршін және 500-дей студент қазақ тілін үйренуде.

Игорь Мухин, орманшы:
– Міне, 40 жыл мен Ақмола облысының орман шаруашылығында еңбек етіп келемін. Орман – мен үшін үйім де, өмірім де, мақтанышым да. Ал менің көз алдымда Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, мүмкін емес істі атқардыңыз. Жан-жағын еш тосқауылсыз жел аймалаған Астана айналасын жасыл желекке малындырып, кәдімгі орман өсірдіңіз. Бұл 110 мың гектар жерді алып жатқан орманда қандай ағаш жоқ десеңізші. Сізге орманшының атынан Қазақстанымызды орманға айналдырғаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Және осы мінберден тағы бір ұсыныс жасасам деймін. Астана «ЭКСПО-2017» алқабында Бейбітшілік пен келісім аллеясын жасайық, ал біз, орманшылар оған қажетті небір ағаш көшеттерін даярлап беруге әзірміз.
Ағаштар да адам баласы тәрізді, оған назар аударып, мәпелеп, баптаған сайын ол жасанып, жайнай түседі. Біздің тәлімбақтарда ағаштар мен бұталардың 23 түрі егіледі, біз олардың көшеттерін балаларымыздай аялап, үлкен ағашқа айналып, тамыр жайып өсетін жеріне жөнелтіп жатырмыз. Сіз де, Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Қазақстанымызды аялап, өсіріп, «Стратегия – 2050»-ді өмірге әкеліп, Отанымыздың гүлдей жайнауына бар күш-жігеріңізді жұмсап келесіз. Мен Сізден назарыңызды «Жасыл ел» бағдарламасына аударуыңызды өтінемін. Бағдарлама аяқталды, алайда біз оның келешекте жалғасқанын қалаймыз. Сізге шын жүректен біздің еліміздегі тұрақтылыққа, жер-жерде мәдениеттің дамып, тыныштық пен келісімнің орнағанына алғыс айтамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев: Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді  бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседіБэлла Газиева, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола облысы бойынша ғылыми-сараптамалық орталығының мүшесі:
– Мен Ақмола облысында, тағдырларын қазақ жерімен мәңгіге байланыстырған депортацияланған ингуштер отбасында өсіп, тәрбиелендім. Әжем Лейла Козоева маған өздерін репрессияланған немістердің отбасына қалай орналасқандары жөнінде айтып берген еді. Менің әжем үлкен мейрамдарда үй иесінің сүтке салып қалай картоп әзірлегенін мәңгіге есінде сақтап қалғанын да жиі айтатын. Аштықтың, қиындықтың тауқыметін тартқан жандарға бұл баршылықтың, аман-саулықтың, жақсы өмірге деген сәулелі үміттің бір символындай болып көрінген екен. Сол кезде әжем өскен соң өз үйінде әрдайым картоп пен сүт болуы үшін, одан таршылық көрмеу үшін аянбай еңбек етуге сөз беріпті. Сол уақыттан бері біздің отбасымызда еңбек ең маңызды ұғымға айналды. Біз әрдайым мол етіп дастарқан жаямыз. Себебі қазақстандықтар бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында молшылықта өмір сүруде. Биылғы жылы чешен-ингуш халықтарының депортацияланғанына 70 жыл толды. Бұл – біздер үшін тарихтың қаралы күні. Алайда бұл датаға бүгін 70 жыл ішінде біз кім болдық деген тұрғыда қарайтын болдық. Ең бастысы, біз – мықты, тәуелсіз, қалыптасқан мемлекеттің азаматтарына айналдық. Мен – қазір жоғары оқу орнында сабақ беретін ұстазбын. Филология ғылымдарының кандидатымын, «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын. 
Бізге өңірлерде де мықты университеттер ауадай қажет. Сол кезде жастарға сапалы білім алу үшін басқа елдер мен қалаларға барудың қажеті болмайды. Кампус түріндегі студенттік қалашықтарды құру тек қана жергілікті ғана емес, сондай-ақ шетелдік студенттерді де өзіне тартар еді. Университеттер – жастардың азаматтық белсенділігінің орталығы. Бізге «ЭКСПО-2017»-ге дейін мықты волонтерлік қозғалыс құру қажет. Себебі бүгінде жастардың 70 пайызға жуығы 2017 жылғы мегажобаның белсенді қатысушылары болып, болашаққа ұмтылған Қазақстанды әлемге танытқысы келеді.

«Қазақ халқына мың алғыс!»

Денис Тен, Сочи олимпиадасының қола жүлдегеріДенис Тен, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері:
– Мен ең алдымен Олимпиада күндерінде бізді қолдап, қамқорлық жасағаныңыз үшін Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, шын жүректен алғысымды білдіремін. Сонымен бірге Сіздің спортты жақсы көретініңізді білемін. Сіздің жігеріңіз мың градустық пештің түбінде ғана емес, спортта да шыныққан. Әрине, ол кезде спортпен кәсіби түрде айналысу үшін сіздерде жағдай болған жоқ. Есесіне, қазір Сіз спортшылардың бәріне тамаша жағдай жасап отырсыз. Бүгінгі күні елімізде 35 стадионның жұмыс істейтіні соның айғағы. Алда 2017 жылы Алматыда болатын Универсиада тұр. Сонымен бірге біз Қазақстанның 2022 жылы Қысқы Олимпиада өткізу құқын жеңіп алатынынан үміттіміз. Мәнерлеп сырғанау жоғары өнердің тілімен сөйлейді. Осы спорттағы әрбір спортшының басты ­арманы – бір секіргенде бес рет айналуға қол жеткізу. Ондайды жасай алған спортшы бірден чемпион болады. Сіздің «Стратегия – 2050» жоспарыңыз Қазақстанның бір секіргендегі 50 рет айналғаны болғалы тұр. Біз оған қол жеткізсек, ХХІ ғасырдың ұлы чемпиондары қатарына енер едік. Мен бұл биікке қол жеткізе алатынымызға 100 пайыз сенемін.

Шухрат Марасулов, дәрігер:

– Мен – дүнгенмін. Былтырғы жыл дүнгендердің қазақ жерін мекен еткендеріне 135 жыл толды. Ол бір бабаларымыздың басына қиын күндер туған, туған жерінен безген алапат кезең екен. Дүнгендер қазақ халқының жанашырлығының, ізгі жүрегінің арқасында сол зұлматтан аман қалды. 2013 жылдың 15-қыркүйегінде Масанчи ауылында қойылған ескерткіште «Қазақ халқына мың алғыс!» деп тасқа қашалып жазылды. Нұрсұлтан Әбішұлы, 15 жыл бұрын Астанада Сіздің бастамаңызбен жаңа заманғы емхана тұрғызылды. Бүгінде ол еуропалық стандартқа сай Ұлттық ғылыми-медициналық орталыққа айналды. Ал тура 10 жыл бұрын Сіз жаңа кардиохирургиялық клиниканың тұсауын кестіңіз, 7-сәуірде онда тұңғыш ота жасалды. Бүгін сол алғашқы пациент ортамызда отыр. Ол – Атыраудан келген Кәдірбек аға Қожахметов.
Біздің кешегіміз бен бүгінгімізді мүлде салыстыруға келмейді.  Балалар кардиохирургі ретінде мынаны айта аламын. Бұрын отадан кейін көз жұму 95 пайыз болса, қазір ота жасалғандардың 90 пайызы толық сауығып кетеді. Бұл, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қазақстандықтардың денсаулығы үшін үзбей жасап келе жатқан қамқорлығыңыздың арқасы. Бүгінгі күні еліміз бойынша жыл сайын 15 мың жүрекке ота жасалады. Бізге тек өзіміздің емес, өзге елдің де азаматтары қаралады. Мәселен, соңғы 3 жылда АҚШ, Қытай, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктерінен 120 адам келіп, емделіп шықты. Еліміздегі медицинада аз жылдың ішінде өте бір заманауи технологиялар ендірілді. Бірақ дәрігер ретінде Елбасының сөзін қайталағым келеді. «Денсаулықтың 80 пайызы адамның өзіне байланысты». Ол – өз өміріңе, денсаулығыңа деген жауапкершілік.

http://anatili.kz/?p=19325