АЛТЫНОРДА
Новости

Несібелі емес, несиелі ұрпақ өсіп келе жатыр….

©Алаш айнасы иллюстрациясыСоңғы жылдары елімізде балалар үйі азайып, бала асырап алуға ниет білдірушілер саны артқаны жайлы ақпараттарды жиі есітіп, көңіліміз біразда болса көтеріліп жүргені рас. «Патронаттық отбасыларды көбейтіп, жетімдер үйін мүлде жауып тастаймыз» деп жанталасып жүрген жайымыз да бар. Алайда сыр елінен жеткен мына бір хабар жағамызды ұстатты. Айдың күннің аманында, әке-шешесі тірі, ақыл-есі бүтін, дені сау бола тұра баласын жетімдер үйіне тапсырды деген не сұмдық?!

Анар Ізден, «Ұмай» балалар үйінің директоры:

— «Ұмай» үкіметтік емес ұйымы он алты жылдан бері қиын жағдайға кезіккен отбасы балаларын қамқорлығына алып келеді. Қырық төсектік жетімдер үйінің бір орнына бастапқыда 5-7 баладан келсе, қазір өтініш берген ата-аналардың саны 2-3 есеге артқан. Соңғы бір айдың өзінде 7 отбасы өз сәбилерін ұйымға өткізуге ниет білдірді. Барлығына ортақ мәселе — несие. Нақты өзінің мекен-жайы тіпті баспанасы жоқ отбасылар, көлік, техника, телефон сияқты тұтынушы заттарын несиеге алады. Банк болса бере береді. Ал одан қиналып жатқан тек балалар.

 

Сыр елінен жеткен ақпаратқа қарағанда, Қызылордада бір айда жеті отбасы балаларын асырай алмай жетімдер үйіне тапсырыпты. Ата-аналарды мұндай қадамға итермелеген банкке берешек болған несие қарызы көрінеді. Әрине азматтардың өз шама-шарқын бағамдамай банктен несие алғаны құптарлық емес. Алмақтың бермегі бар екенін ескерулері тиіс еді. Банктердің де азаматтың төлем қабілетін терең зерттемей, несие бере беруі де түсініксіз. Біз бауыр еті баласын жетімдер үйіне тапсырып отырған ата-аналарды ақтағалы отырғамыз жоқ. Алайда, бұл жерде ең басты зардап шегуші бала екенін ескеруіміз керек. Сондықтан Үкімет, жергілікті билік балалардың жағдайын ойлауы қажет-ақ. Балаларды көзін жәутеңдетіп, жетімдер үйіне тапсыруға жол бермей, банк пен борышкер екеуінің арасына арағайын болып, несие қарызын кешіктіріп төлейтіндей мүмкіндік туғызуы керек емес пе? Өйткені, жоғарыдан жарлық келмесе, біздегі банктер азаматтардың өтінішін ескеріп, қарыз төлеуді кешіктіре бермесі әмбеге аян. Банктер борышкердің қарызын тоқтата тұруы былай тұрсын, кешіктірілген әрбір күніне үстеме ақы қосып, қарызын одан сайын арттыра түсуге әзір. Ол банктердің саясаты. Баланың жағдайына банк ешқашан бас ауыртпайды. Олар үшін ең маңыздысы — пайда.

Психолог мамандар да бұл жерде балалардың зардап шегетінін айтады. «Олардың бойында ата-анасына деген ашу-ыза қалыптасуы мүмкін. Ондай балада қоғамға деген де теріс көзқарас қалыптасуы ықтимал. Сондықтан бұл мәселеге тек ата-ананың проблемасы деп қарамай, қоғамның проблемасы деп қарауымыз керек» дейді психолог мамандар.

Раушан Рустемова, балалар психологы:

— Біз бұл жерде ата-аналарды кінәлаудан гөрі оларға түсінісушілікпен қарағанымыз абзал. Банктен несие алып, төлей алмай жатқандар қаншама? Олардың арасында бір кезде отбасылық табысы жақсы болған азаматтар да бар. Мұндай жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан бұл мәселеге жеке азаматтың проблемасы деп емес, қоғамның бір әлеуметтік проблемасы деп қараған жөн. Өйткені осы бір мәселе бірнеше әлеуметтік проблеманы туындатады. Балаларды жетімдер үйіне тапсыру, баспанасынан айырылу, отбасының ажырасуы, тағысын тағы. Бұл жерде ең басты зардап шегуші бала. Қоғам осыны ескеруі қажет.

Расымен де жекелеген азаматтардың бүгінгі проблемасы қордаланып, ертең-ақ қоғамның күрделі бірнеше әлеуметтік проблемасына айналуы әбден мүмкін. Сондықтан да ертең бірнеше проблема туындамас үшін, бүгін бір проблеманы шешкен абзал болар.

Автор: Қалдар Көмекбаев

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/nesbel-emes-nesiel-urpak-osp-kele-jatyir-63579/

материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі