АЛТЫНОРДА
Новости

Наурыз мейрамында Астанада 40-тан астам іс-шара өтеді

Астана. 18 наурыз. Baq.kz Күн мен түн теңеліп, табиғат шуағын төгетін Наурыз мейрамын қарсы алуға бүкіл ел дайындалуда. Шығыс халқының жаңа жылы саналатын осы басты мерекеге астаналықтар да үлкен әзірлік жасауда. Халықтық серуен, концерттер мен дөңгелек үстел, спектакльдер – барлығы 42 іс-шара жоспарланған.

 

Негізінен қаладағы мерекелік іс-шараның кіндігі «Қазақ елі» монументі алдындағы алаң болып табылады.
22 наурызда сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін қала тұрғындары мен қонақтарына театрландырылған көріністер мен Қазақстанның аймақтарынан келген шығармашылық ұжымдардың мерекелік концерті ұсынылады.
Олардың әр қайсысының өздерімен бірге алып келген шығармашылық нөмірлерін қала тұрғындары 21 наурыз күні 18.00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында көре алады.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік концертке Қызылорда облысының «Дидар» және «Дударай» этно-фольклорлық ансамблі, Павлодар облысының «Томирис» би ансамблі мен «Мирас» вокалды тобы, «Әдемі» дуэті, Алматы облысының «Айжан қыз» халық биі ансамблі, Солтүстік Қазақстан облысының «Арт-Думан» тобы, Ақмола облысының «Көкшетау», «Он алты қыз» халық биі ансамблі, «Айнакөл» фольклорлық ансамблі, «Сұңқар» квартеті, Алматы қаласының «Айша Бибі» фольклорлық ансамблі, «Ладушки», «Қоңыр», «Алаш ұлы» топтары қатысады.
Сондай-ақ, концертте өнер қайраткерлері Ғазиза Жұмекенова, Әлмырза Ноғайбаев, Әбдірейім Өміров, Рамазан Стамғазиев және басқалар өнер көрсетеді.
Спорт алаңында «Қазақша күрес», «Тоғыз құмалақ», «Бұқа тарту», тағы басқа ұлттық спорт түрлері ойналады. Зергерлік бұйымдардан, ою-өрнектен, былғары мен киіз бұйымдарынан, т.б жасалған декоративті-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Бұл күні таңертеңгі 10:00-де қала әкімдігінің алдындағы Орталық алаңда халықтық серуен, мерекелік концерт, декоративті-қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі мен мерекелік сауда көрігі қызбақ.
22 наурыз 19:00 сағатта «Қазақстан» орталық концерт залында Әлия Әбікенованың «Ән гәккуі» жеке концерті өтеді.
22 наурыз күні кеште 18:00-ден 22:00-ге дейін Орталық алаңда Астананың шығармашылық ұжымы мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Ақылбек Жеменей, Қайрат Нұртас, «Алдаспан» тобы, Маржан Арапбаева және басқалар қатысатын жастар би кеші ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамы мерекесі 22.00 сағатта отшашумен аяқталады.

http://baq.kz/news/24958