АЛТЫНОРДА
Новости

Намыс керек!

kazakҚазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына да жиырма алты жылға аяқ басты. Алайда мемлекеттік тілдің адымын ұзартуға қандай кедергілер бар? Ашығын айтсақ, ондай ештеңе жоқ! Бәрі өзімізден.
Баяғы намыссыздық, жалтақтық. Басқа ұлттың алдында қазақ тілінде сөйлесең, ол ренжіп қалатындай көреміз. Отбасыларында балаларымен орыс тілінде сөйлескенді мәртебе санайтын қазақтар жоқ емес. Бір топ қазақтың ортасына өзге ұлттан бір адам кіріп келсе, бәрі орысша шүлдірлеп ала жөнеледі. Келген адам қазақша біліп тұрса да орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болады.
Қазіргі күні мемлекеттік жиналыстар қазақ тілінде басталып, орыс тілінде аяқталатын баяғы Кеңес Одағы кезіндегі дәстүрімізге қайта оралған сияқтымыз. Жиналысты қойшы, бүгінгі мемлекеттік тілге әр ауданда, әр қалада мереке күндері өтетін іс-шаралар, тіл байқаулары, семинар, т.б. деңгейінде баға беретін болып алдық. Осылар арқылы қазақ тілі жақсы жүріп жатыр деп жар саламыз. Ал іс жүзіне келсек, мелекеттік тілден орыс тілінің мойны озып-ақ тұрады. Қай салаға барсақ та есік алдына ілген жарнамаларынан бастап, іс қағаздарына дейін орыс тілі алдыда екенін көреміз. Ол аз болғандай жаңағы жарнамалар енді ағылшын тілінде де берілетін болып жүр.
Қазіргі даму үрдісіне сай бұл да керек шығар. Алайда өз ана тіліміздің есебінен болмаса керек қой. Осының бәрінің басында өзіміздің қазақтар тұрғанына ішің ашиды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғамның барық саласында қолданылуы тиіс. Олай болса, соны іске асыруға өзге ұлт өкілдерінен гөрі қазақ ұлтының азаматтары көбірек мүдделі болуы керек.

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
Алматы облысындағы Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=31185