АЛТЫНОРДА
Новости

МУЛЬТФИЛЬМ КӨРУ ДЕ ЗИЯН

adc51ead444a4d1b8acd0b494dbf684e (1)Бала тәрбиесінде теледидардың алар орны бөлек. Бүгінде әрқилы ақпараттық технологиялар баланың күтушісіне айналды. 
Мойындау керек, тілі былдырлап, енді ғана қылық шығарып келе жатқан бүлдіршін күнұзаққа көкжәшікке телміріп, сансыз мультфильмнен көз алмайды. Әйткенмен, сан түрлі мультфильмдердің пайдасынан гөрі зияны көп екен. Бұл – мамандардың пайымы.

Үлкен экранға жол тартатын мультфильмдер көркемдік тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да баланың санасына кері әсер етеді екен. Психологтардың мәлімдеуінше, қарапайым ғана мультфильмдер баланың дамуын тежеп, бірнәрсеге тәуелді етіп қояды. Ал ең сорақысы, кейбір мультфильмдер баланың бойында психологиялық ауытқудың алғашқы белгілерін қалыптастырады екен. Сонымен қатар психологтар бала өздігінен жүріп, сөйлеуді меңгермегенше оны пассивті көрермен ретінде экран алдына отырғызуға болмайтынын айтады. Өйткені теледидарға телмірген баланың қимыл-қозғалысы, сөйлеп үйренуі тежеледі. Тағы бір қызық жайт, мамандардың пайымдауынша, екі жарым-үш жасар балақайлар көбіне қанық түсті мультфильмдерді емес, ақ-қара түсті туындыларға зер салуы тиіс. Себебі қанық түстер баланы алаңдатады әрі сана-сезімі енді ғана дамып келе жатқан бүлдіршін экрандағы қозғалыстардың жылдамдығына ілесе алмай қалады екен. Ал есейіп келе жатқан балаға оқиға желісі жылдам өзгеретін мультфильмдерді де көруге болмайды. Мұның да өзіндік себебі бар, әртүрлі атыс-шабыс пен түрлі эмоционалдық өзгерістерді бақылап отырған баланың бойында эпилептикалық құбылыстар орын алуы мүмкін.

Бір қарағанда қарапайыым суреттерден тұратын экрандық туындының баланың санасына ешбір әсері жоқ сияқты. Алайда теледидар алдында мультфильмге зер салып отырған баланың қимыл-қозғалысы мен эмоционалдық күйінен өзгерістерді аңғаруға болады. Мәселен, бүгінгі таңда балалар арасында кеңінен танымал «Маша и медведь» туындысын Ресей мен Украинада көрсетуге тыйым салынды. Бұған себеп те жоқ емес. Кішкентай ғана Машаның басынан өткен хикаялар баланың бойында әртүрлі мінез-құлықтың қалыптасуына сеп болады екен. Мәселен, Машаның қиғылақ салып, өзінен үлкен аюдың мазасын алуы баланың бұзықтық жасауына жол ашуы мүмкін. Әртүрлі құбылыстарды  бойына тез сіңіретін бүлдіршін Машаның іс-қимылын қайталамайды деу тағы қиын.

Кеңес Одағының тұсында мультфильмдер қатаң қадағалаудан өткен. Әрбір эпизод, әрбір көріністің балаға қалай әсер ететіндігін мамандар егжей-тегжейлі қадағалайтын. Соның арқасы шығар, бала кезімізде көрсетілетін мультфильмдер жақсылық жасауға үгіттейтін еді. Кеңестік мультфильмдердің бейкүнә кейіпкерлері баланың өмірге ашық әрі таза қаруына жол ашатын. Соңғы жылдары кез келген елдің экранын батыстық туындылар жаулап алды. Жасыратыны жоқ, мол қаражат табу мақсатында әрқилы көріністен тұратын мультипликаторлық өнімдерді жалма-жан нарыққа шығаратын пайдакүнемдердің саны артты. Бұл күнде мультфильмнің баланың санасы мен дамуына қалай әсер ететіндігн зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі мультөнімдер қастандық пен талғамсыздыққа, надандық пен арам пиғылға тұнып-ақ тұр. Атыс-шабыс пен жеккөрушіліктен тұратын көріністер балаға оң әсер ете қоймайтыны тағы белгілі.

Баланы теледидар алдына отырғызып, мультфильмге алданғанын демеу санайтын ата-ана оның адам психологиясына қаншалықты зиян келтіретінін елеп-екшемейді белгілі. Алайда экраннан көрсетілген әрбір туынды арқылы бүлдіршіннің мына әлемге, өмірге көзқарасы қалыптасатынын психологтар әлдеқашан дәлелдеп кеткен. Мультөнімді шығарушылар түрлі атыс-шабыс экшн баланы еріксіз баурайтынын жақсы біледі. Сондықтан да ешбір мән-мағынасы жоқ көріністен құралған мультфильмдер де жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті. Англия, Автралия, Норвегия, Канада сынды елдерде кері әсері бар мультөнімдермен күрес басталды. Дәл қазіргі кезде авторлық анимацияға ден қойып, әдеби сюжеті мен талғамды графикасы бар туындылар экранға жол тартады. Көршілес Ресей де балаларға арналған мультипликациялық өнімдерді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Мамандар психологтарға бірқатар шетелдік мультфильмдерді көрсеткен. Психологтардың шығарған үкімі көптің көңілін көншітпеген. Мультфильмдегі қыз балалардың образы романтика мен құпия-сырдан жұрдай. Мұндай образды тамашалаған бүлдіршіннің бойында қатігездік қалыптасады. Психологтар мультфильмдер балалардың интеллектуалдық дамуына да кедергі болатынын айтып, дабыл қаққан.

Балаларға арналған мультфильмдер әлемді шулатып жүр. Мәселен, көпшілікке кеңінен танымал «Покемон» мультхикаясының 38-бөлімін көрген 685 жапондық бүлдіршін ауруханаға түскен. Дәрігерлер балалардың бойынан эпилептикалық құбылысты байқаған. Қазақ балаларының сүйікті мультфильміне айналған «Телепузики» туындысының авторлары қорқынышты мәлімдеме жасады. Children’s BBC телеарнасының бұрынғы продюсері Сара Грэм «Телепузики» мультфильмінің сценарийін голлюциогендердің әсерімен жазғанын мойындаған. Ресейде 2005 жылы мультфильмнің салдарынан шу шықты. «Симпсоны» және «Гриффины» мультфильмдері бала психологиясына кері әсер етеді деп мәлімдеген ата-аналар туындыны көрсеткен телеарнаны сотқа берген еді.

Мамандардың пайымдауынша, ата-аналар балалардың сүйікті мультфильмдерін бір мезет өзі көріп, ой елегінен өткізуі тиіс. Мәселен, мультфильм таңдау барысында кейіпкерлердің іс-қимылы мен мимикасы үйлесімді болуы керек және туынды қандай да бір оқиғаны арқау етуі тиіс. Екіншіден, туындының сюжеті бала үшін аса маңызды образдар мен оқиғаларға толы болғаны дұрыс. Мәселен, 5 жасар балаға махаббат хикаясын немесе бұзықтық жасайтын, зорлық-зомбылыққа шақыратын туындыны көрсетпеген жөн. Үшіншіден, мультфильм баланың әлемге, өмірге көзқарасына әсер етпеуі керек.

Әлем психологтарының мультфильмдерге алаңдауы бекер емес. Бүгінгі күннің балалары агрессияға бой алдыруға бейім. Күнұзаққа теледидар алдынан шықпайтын бүлдіршін кейбір сұраққа мүдірмей жауап беруден қашады. Балалардың бойында ұялшақтық, ойын ашық жеткізу бәсең. Оның үстіне күнде теледидардан зорлық-зомбылыққа толы көріністі көрген баланың бауырмалдық, өзгеге қамқор болу сияқты асыл қасиеттерді де таба алмайсыз. Әрине, қарапайым ғана суреттен тұратын туындыны зиянды деу де қисынсыз шығар. Дегенмен түймедей нәрсе түейдей қауіп төндіретінін ұмытпағанымыз жөн.

…Алып Алматының ықшамаудандарының ауласында төрт бала ойнап жүр. Қолдарына ағаштан «қару» жасап алған 5-6 жасар бүлдіршіндердің өзгелермен шаруасы да жоқ. Ойын баласына зер салып, балалық шақтың қызығына қанық болып тұрмыз. Бір сәтте балалардың үлкені: «Сули фа арқылы кімнің қандай кейіпкер болатынын таңдаймыз» деді, содан бірі «Кунг Фу Панда», бірі «Спайдермен», енді бірі «Пакемон» болды. Әлгі «Сули фадан» жеңілген балаға барлығы «Сен Ертөстік боласың» деп бұйрық берді. Қазақ балаларының қазақ ертегі кейіпкерін де ұмыт қалдырмағанына іштей қуандық. Кенет «Ертөстік» атанған бала: «Мен Ертөстік болғым келмейді. Ол ойын барысында үнемі жеңіліп қалады ғой. Мен оданда «Пакемон» болайыншы» деп қиылып тұр. Міне, бүгінгі қазақ баласы «Ертөстікті» місе тұтпайды. Одан гөрі «Пакемонды» таңдайды. Батыс мультфильмі қазақ баласының психологиясына ғана емес,  тіл мен ұлтқа деген құрметіне де кері әсер етеді. Бұл тек бір ғана мысал. Ал сіз аулаға шығып, балалардың ойынына зер салып көріңізші… Экрандағы жағымсыз кейіпкерді ойын баласының бойынан оңай аңғарасыз…

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz/articles/view/34049