АЛТЫНОРДА
Новости

Мемлекеттік рәміздерге немқұрайлы қарауға жол жоқ!

Астана. 20 ақпан. Baq.kz- Бүгінгі таңда еліміздің мемлекеттік рәміздері әрбір азаматтың патриоттылық, отаншылдық сезімдерін қалыптастырып отыр деп айта аламыз ба? Керісінше, халықаралық байқау-жарыстарда рәміздеріміз ауыстырылып, мемлекетіміз, күллі қазақ халқы ұятқа қалдырған. Халықаралық жарыстарды қоспағанның өзінде еліміздің ішіндегі мемлекеттік органдарда, басқа да мекемелерде, республикалық жарыстарда Әнұранның орнына шетелдік әндер қосылып, Мемлекетті Ту мен Елтаңба теріс ілініп, жыртылған фактілері жиілеп кетті.

«Мұны атқарушы биліктің ел заңдарын өздерінің орындамай отырғандығынан, мемлекеттік органдардың мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, сыйлау үлгісі бола алмағандығынан деп білеміз. Сондықтан да,– деп «Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың блогына ашына хат жазады – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңын басшылыққа ала отырып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның пайдалу тәртібін бұзған кейбір мемлекеттік органдар, ведомстволар, жергілікті атқарушы органдарды тиісті жауапкершілікке тартуларыңызды талап етеміз».

Мемлекеттік рәміздер көп жағдайда мекемелердің алдында, ішінде дұрыс орналастырылмайды. Мемлекеттік Тудың жыртылған немесе теріс айналдырып ілінген жайттар орын алды. «Сондықтан, мемлекеттік рәміздерге байланысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін құзіреттіліктеріңізді пайдаланып, республикалық маңызы бар қалалар, облыс әкімдіктеріне Қазақстан Республикасы мемлекеттiк рәмiздерiнiң тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында пайдаланылуын (тiгiлуiн, орналастырылуын ) бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға тапсырма берулеріңізді талап етеміз. Өйткені, Заңның 12-бабында «Жергiлiктi атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттiк рәмiздерiнiң тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында пайдаланылуын (тiгiлуiн, орналастырылуын ) бақылауды жүзеге асырады» делінген. Осы бапты басшылыққа ала отырып, облысқа қарасты қала, аудан, ауылдардағы мемлекеттік органдардағы «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңның орындалуын тексеруді талап етеміз»,– дейді ұйым мүшелері.
«Рух пен тіл» қоғамдық ұйымы көтеріп отырған көкейтесті мәселе облыс әкімін де бейжай қалдырмаған сыңайлы. Өңір басшысы Б.Ізмұхамбетов осы ұйымның атынан хат жазған Санат есімді бауырымызға,ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет сезіміне алаңдаушылық білдіргеніне ризашылық айтыпты. Содан кейін Атырау облысында хатта баяндалған жайттар бойынша қандай іс-шаралар жасалып жатқанын баяндап беріпті: «Атырау облысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258-ІІІ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орналастыру туралы Ережені бекіту туралы» 2007 жылғы 2 қазандағы №873 Қаулысы және ҚР СТ 988-2007, ҚР СТ 989-2008 стандарттары талаптарына сәйкес қатаң бақылауда.
Сондай-ақ 2009-2010 жылдары облыс бойынша барлық мемлекеттік мекемелердің қас беттері, жергілікті және аумақтық атқарушы, құқық қорғау органдары, барлық деңгейдегі соттар басшыларының кабинеттеріндегі, ғимараттарының қас беттері мен ту тұғырлардағы мемлекеттік рәміздер, елтеңбалы бланкілер, мөрлер, жалпы орта және арнаулы орта, жоғарғы білім беретін мекемелердегі стенділер ауыстырылып ҚР СТ 988-2007, ҚР СТ 989-2008 сай жаңартылды. Бұл жұмыстар Қазақстан Респуликасының стандарттау және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді. Атап айтқанда, күні бүгінге дейін облыс бойынша 629 мекемелердегі 574 Ту, 462 Елтаңба, 241 Мөр, 145 стендтердің стандартқа сәйкестігі тексеріліп, жаңартуға жататындары ҚР қолданыстағы құқықтық нормативтерге сәйкес жаңартылды».
Бақтықожа Салахатдинұлы жыл сайын 4 маусым- ҚР мемлекеттік рәміздері күніне жергілікті жерлерде, ұйымдарда, мекемелерде ауқымды шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарында, балабақшаларда ҚР Мемлекеттік Әнұранды айту, мемлекеттік рәміздер туралы насихаттық шаралар, викториналық сұрақтар және танымдық кештер тұрақты өткізілетін көрнеді. Осы мәселелерді жүйелі түрде қадағалау және үйлестіру бойынша облыс әкімі жанындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссия жұмыс жасайды. Әкім мемлекеттік рәміздерді насихаттау жастарды патриотизмге тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болғандықтан бұл шаралар мақсатты түрде жалғаса беретінін айтты.
Дәулетқали Асауов

http://www.baq.kz/news/23586