Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Караганда«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы Қарағанды облысында шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Бағдарлама аясында мыңдаған жұмыс орындары ашылып, өндірілген өнім көлемі ұлғайып келед. Бұл туралы облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысында мәлім болды.

Отырыс басында күн тәртібінде тұрған мәселе – шағын және орта бизнес қызметіне араласпау, оларды қолдау бойынша мемлекеттік органдардың атқарып отырған жұмыстары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілдері талқыланды.

Аталған мәселе бойынша алдымен экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының міндетін атқарушы Данияр Тастанов пен облыс прокуроры Асқар Секішевтің баяндамалары тыңдалды.

Өткен жылы қаржы полициясы мемлекеттік және бақылаушы органдардың лауазымды тұлғаларының бизнес өкілдеріне қарсы заңсыз әрекеттері бойынша 13 қылмыстық іс қозғап, 8 адам жауапқа тартылыпты. Биылғы жылдың өткен кезеңінде 4 сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленген.

Прокуратура органдары болса кәсіпкерлікті қорғау туралы заңнаманың орындалуына айрықша мән берілетініне тоқталды.

Ол үшін барлық прокуратураларда кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша жедел топтар құрылған. Олардың негізгі қызметі кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін заң аясында қорғауға бағытталған. Жыл басынан бері кәсіпкерлер тарапынан түскен 18 хабарлама қаралып, оның 10-ы расталған. Жедел топтардың іс-қимылы нәтижесінде 3586 кәсіпкердің құқығын бұзудың жолы кесіліп, 8 лауазымды тұлға жауапқа тартылыпты.

Бұдан соң шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Жұмасұлтанов баяндап берді.

Ол «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өңірлік Үйлестіру кеңесінің жалпы сомасы 62 млрд. теңгені құрайтын 287 жобаны мақұлдағанын, оның 34 жобасы биылғы жылдың еншісінде екендігін айтып өтті.

Аймақта «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасының төртінші бағыты кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыты бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің 9 орталығы жұмыс істейді.

«Істі бастаушы кәсіпкерлер» немесе «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 4 мың адам оқытылған. «Жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау» жобасы бойынша кәсіпкерлерге 5 мыңнан астам арнайы қызмет ұсынылды. Nazarbayev University бизнес-мектебі базасында 43 кәсіпкер біліктілігін шыңдаған. Шетелдік серіктестермен әріптестікті дамытуға бағытталған «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша 23 кәсіпкерге қолдау көрсетілді.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында шағын және орта бизнес көрсеткішінің артқаны байқалады. Экономиканың бұл секторында жұмыс тапқандардың саны 12,8%-ға артып, 204 мың адамды құрады. Өнім көлемі 158 миллиард теңгеге жетті, өсім – 8,4%. Бюджетке түсетін салық және басқа да түсімдердегі шағын және орта бизнестің үлесі 2011 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға ұлғайып, 46,5 миллиард теңгені құрады», – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бұл 33 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап, жаңадан 6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген.

 

Отырыс барысында Шахтинск және Саран қалаларының әкімдері Александр Аглиуллин мен Сергей Касимовтың, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат Бимағамбетовтың аталған өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Облыс басшысы жиынды қорытындылай келе шағын және орта бизнестің жұмысына кедергі келтірмеу, рұқсат беру жұмыстарын жеңілдету мәселелері бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды.

 

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды

Рубрика: