АЛТЫНОРДА
Новости

Мәскеу Тәжікстандағы насихатын күшейтпек

«Россия сегодня» агенттігінің бас директоры Дмитрий Киселев.Ресейдің «Россия сегодня» ірі ақпарат агенттігі Тәжікстанда өкілдігін ашқалы жатыр.

Ресейдің аса ірі «Россия сегодня» ақпарат агенттігі Тәжікстанда өкілдігін ашпақ. Қазір агенттік Тәжікстан билігімен келіссөз жүргізіп, журналист іріктеп, кеңсе ашуға дайындалып жатыр.

Әзірлік қызу жүріп жатқанымен, агенттіктің Мәскеудегі штаб-пәтері бұл ақпаратты жарияламай отыр. Телефон арқылы хабарласқан Азаттық тілшісіне «Россия сегодня» агенттігінің баспасөз қызметі өкілі Алла Надежкина «комментарий беруге дайын емес» екенін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин «шетелде Ресей мемлекеттік саясаты туралы ақпарат таратады» деген мақсатпен «РИА-Новости» агенттігі мен «Голос России» радиосын жауып, орнына «Россия сегодня» агенттігін құрған. Бас директор қызметіне Кремльді сынайтындарға қарсы күресімен танылған Дмитрий Киселев тағайындалды.

Бұған дейін Тәжікстанда бұл ақпарат құралының бір ғана тілшісі жұмыс істеген. Енді тұрақты жұмыс істейтін 20-25 журналист қабылданбақ. Ал Тәжікстан билігі агенттік өкілдігі ашылуына қарсы емес.

Тәжік парламенті депутаты Сухроб Шәріпов «БАҚ-тың көп болғаны қоғамға пайдалы. Ақпарат құралдарының көбеюі Тәжікстанның «ашық есік» саясатына сәйкес келеді. Ресей агенттіктерінің ақпараттық өнімдерін спутниктік телевизия арқылы алу оңай әрі бұған дейін олар Тәжікстан қауіпсіздігіне қатер төндірген жоқ» дейді.

Қазір Тәжікстанда Ресейдің он шақты ақпарат ресурсының өкілдігі — «Россия-1», 1tv.ru телеарналары, «Итар-Тасс», «Фото Итар-Тасс», «Интерфакс», «Регнум» агенттіктері, «Транспорт России» газетінің бөлімшесі бар. Екі ел арасындағы келісіммен «ТВ 201» телеарнасы мен «Солдат России» газеті жұмыс істеп жатыр. Жуырда «Российская газета» басылымы да «Тәжікстаннан хабар тарататын қосымшамызды ашамыз» деп хабарлады.

Ресейдің Тәжікстандағы ақпарат құралдарын көбейтуге не түрткі болды? БАҚ мәселелері жөніндегі сарапшы, профессор Иброхим Усмоновтың айтуынша, «парсы тіліндегі Ресей бағдарламалары 1936 жылдан, СССР Батысқа қарсы ақпараттық саясатты күшейтуді бастаған кезден бері тарайды».

 — Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде саяси, экономикалық және мәдени мүдделер ескеріледі. Егер Ресей аймақта хабар таратқысы келсе, таратқаны жөн. Орталық Азиядағы өзге елдерге де қатысты айтып отырмын. Яғни, Орталық Азия аймағы Ресейдің хабар тарату кеңістігіне енеді деген сөз. Бұрын халықаралық немесе шетел ықпалынан тыс саналған Орталық Азия қазір ықпал ету аймағына айналды, — дейді ол.

Ауғанстан территориясынан НАТО әскері шығып жатыр. Ресей Еуразия экономикалық одағын кеңейтуді көздейді. Бірақ Кремль саясаты кейбір пост-советтік елдерде қарсылыққа ұшырады. Сондықтан, «Россия сегодня» агенттігі Орталық Азиядағы ықпалын күшейте бастады.

Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Махди Собирдің айтуынша, «Ресейге көптеген параметрлері ұқсас Украинадағы жағдай Мәскеудің көп нәрсеге көзін ашты». Ол «Ресейге Еуропа «есігі» жабылатын тәрізді. Осы ретте Кремль Орталық Азия аймағындағы позициясынан да айырылып қалуы мүмкін екенін түсінді» дейді.

— Ресейдің негізгі үш стратегиялық құралы  — армия, теңіз әскері және ақпарат құралдары. Ал бұл елдің Орталық Азиядағы позициясының әлсіреуінің бір себебі — ақпараттық соғысқа мән бермей келуі. Енді Кремль бұл кемшілікті түзеткісі келеді, — дейді сарапшы.

Сарапшылардың пайымдауынша, «Россия сегодня» агенттігін тіркеу Мәскеу мен Душанбе арасындағы қарым-қатынастың маңызды белесі болуы мүмкін. Ал жаңа ақпараттық агенттіктің ашылуы елдің ақпараттық қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.

(Фарход Милодтың мақаласы орыс тілінен аударылды)   

http://www.azattyq.org/content/russia_today_in_tajikistan/26518475.html