АЛТЫНОРДА
Новости

Малала Юсуфзай АҚШ президентімен кездесті

376004FF-A61B-48FE-AE1C-416DF3B056D2_w268_r1АҚШ президенті Барак Обама мен оның әйелі Мишель Обама Ақ үйде пәкістандық 16 жастағы блогер қыз Малала Юсуфзаймен кездесті деп хабарлады Ақ үйдің баcпасөз қызметі. 


Президент пен оның зайыбы Пәкістанда әйелдер теңдігі жолында атқарған ынта-жігерге толы қызметі үшін Малала Юсуфзайға алғыс білдірген.

Кездесуде Малала Пәкістан мен Ауғанстанда бейбітшілікке қол жеткізудің ең тиімді жолы – аймақта білімге мол инвестиция құю болмақ деген ойымен бөліскен.

«Мен өздігінен ұшатын ұшақ шабуылдарынан бейбіт тұрғындар көп мерт болатындықтан оның тек өшпенділікті өршітетініне алаңдаушылығымды жеткіздім» деген Малала.

АҚШ Малаланың қыздардың білім алу құқығын қорғаудағы батылдығы мен арманын іске асырудағы табандылығын құптайды делінген Ақ үй таратқан хабарламада. Халықаралық қыздар күніне орай жасаған үндеуінде АҚШ президенті Обама әлемде болашақта өз елдерін басқаратын қыздар бар екенін, тек оларға өз тағдырын таңдауына мүмкіндік туғызу қажеттігін айтқан.

Жұма күні Малала Юсуфзай Еуропа парламенті тағайындаған Сахаров сыйлығымен марапатталған еді. Оған дейін Юсуфзай 2013 жылғы балаларға арналған халықаралық бейбітшілік сыйлығына, ресейлік журналист Анна Политковская атындағы сыйлыққа ие болған. Сонымен бірге ол биылғы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына басты үміткерлердің қатарында болды.

Бұдан бір жыл бұрын Пәкістанда «Талибан» адамдары мектептен қайтып бара жатқан Малала мен оның екі сыныптасын атып кетті. Мойны мен басына оқ тиіп, ауыр жараланған Малала Ұлыбританияда емделген, қазір ата-анасымен бірге сол елде тұрып жатыр.

http://www.azattyq.org/content/news/25134613.html