АЛТЫНОРДА
Новости

Луганскіде сепаратистер әскери бөлімді басып алды

Украина Ұлттық гвардиясы Луганскіде шекара отряды полкіне қарасты әскери бөлімді басып алғаны туралы ақпаратты растады. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, ұрыс он сағатқа созылған.

Бірақ сепаратистердің «украин әскерилері берілді, алаңға тізіліп тұрды және араларында жараланғандар көп болды» деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Ұлттық гвардияның дерегінше, әскери бөлімнің жеке құрамы қауіпсіз жерге көшірілген және үш сарбаз жараланған.

Украин әскері мен 300-ден аса ресейшіл сепаратист арасындағы атыс 3 маусым күні кешке қарай басталған. Шайқас кезінде күшті жарылыс болып, оның соңын ала тұтанған өрттен әскери бөлімнің автопаркі жанған. Атыс кезінде автомат, минометтер мен пулеметтерден атқан. Ұлттық гвардия сепаратистер тарапынан 6 адам қаза тауып, 20 адам жараланғанын айтады.

Луганскідегі жағдай 2 маусымға қараған түні шиеленісе түскен. Автомат және гранатометпен қаруланған бірнеше жүз сепаратист бұл түні қаладағы шекара әскерінің бөліміне шабуылдаған. Екі жақ арасындағы ұрыс 20 сағаттан астам уақытқа созылған.

Сол күні облыстық әкімшілік ғимаратында жарылыс болып, сегіз адам қаза тапқан. Сепаратистер ғимаратқа әуеден соққы берді деп украин күштерін айыптаған. Бірақ украин жағы әкімшілік ғимаратын сепаратистердің өздері зениттік кешеннен атқан дейді.

Мұның алдында Луганск облысында сепаратистер оқ-дәрі зауыты мен аэродромды бақылауына алып, Украина қарулы күштерінің радиоэлектрондық барлау орталығының ғимаратын басып алған еді.

http://www.azattyq.org/archive/news/20140604/330/330.html?id=25409666