Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясы 15 жылдай уақыт көшіп-қонумен жүр. 220 адамдық ұжым кім көрінгеннің босағасын паналауда, кей концерттерге дайындық дәлізде жүргізіледі екен. Ал кеңес дәуірінен қалған ғимаратты кезінде пысықай басшылар сатып жіберген болатын, бүгінде ол жақтан классикалық әуен емес, даңғырлаған би әндері естіледі.

Қызылжарда мәдениет ұжымдары онша көп емес, солардың ішіндегі ең бе­дел­ділерінің бірі – облыстық филармония. Фи­лармония құрамында тоғыз ұжым бар. Үш оркестр, бір камералық хор, екі би ансам­блі, екі этно-рок ансамблі жұмыс істеу­де. «Қызылжар» халық аспаптар ан­сам­блі мен «Туған жер» би ұжымы – ел кө­ле­мінде өтетін Елбасы бастаған сыйлы қо­нақтарға арнал­ған концерттердің ұдайы қатысушы­сы. Рес­публикалық, халық­ара­лық байқау­ларда жеткен жетістіктері бір төбе. Міне, осындай беделді ұжым пана­сыз жүр.

Ботагөз АҚМАҒАНБЕТОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының директоры:

– Филармония ұжымы көшіп-қону­дан әбден мезі болды. Өнер коллед­жінде болдық, №10 мектепте, қуыр­шақ театрымен бірге ассамблея ғима­ра­тында жүрдік. Соңғы жылдары жеке­мен­шіктегі «Метро» ойын-сауық кеше­нін жалдап тұрып жатырмыз, бір ұжы­мы­мыз сыймаған соң қазақ мек­теп-гим­назиясына кетті. Шынымен де, тар, кейде аспаптарын даңғырлатып дәліз­де дайындалады. Немесе бірінен соң бірі кезекке тұрып, концертке да­йын­да­лып жүр. Өзіміздің жеке ғимара­ты­мыз болса деп армандаймыз.

 

 

Кезінде филармонияның өз ғимараты болған. Қалалық демалыс паркінің ішін­де­гі ең әсем жерде орналасқан-ды. Ал­айда же­кешелендіру кезінде «ғимарат апатты жағдайда, онда көп адам шоғыр­лануға бол­майды» деген желеумен пы­сықай бас­шы­лар сатып жіберіпті. Бүгінде филармо­ния ғимараты түнгі клуб қызме­тін атқарып тұр. Апатты жағдайда деген­дері оны сату үшін жасалған сылтау болып шықты.

Өткен жылдың соңында бір жақсы хабардың құлағы қылт еткендей болған. Ол кездегі Мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков бір сұхбатында облыс әкімі Серік Біләлов жаңа қазақ театрын салуға «батасын бергенін» айт­қан. Тіпті жер қарастырылып, жобалық-смета­лық құжаттарға қаржы бөлінетінін жеткізіп еді. Тар әрі тасалау жерде ор­наласқан Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-дра­ма театрына жаңа ғимарат салынса, ескісі филармонияның енші­сіне қалуы тиіс делінген. Алайда көп ұзамай басқарма бастығының басы істі болып қызметтен кет­ті, облыс әкімі Қы­зылжарды тастап, Сенат төріне бір-ақ секірді. Осы­мен фи­лар­монияның бас­па­налы бола­мыз-ау деген арманы са­ғым­ға айналды.

Жақында журналистерге сұхбат берген Мәдениет басқармасы бастығының орын­ба­сары Наталья Пульникова жақын бола­шақ­та бюджетте театр салуға қаржы қа­рас­тырылмайтынын айтып, тіптен көңілді түсіріп жіберді.

Наталья ПУЛЬНИКОВА, Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:

– Қазақ драма театры салынады деген шешім қабылданды. Театрдың қазіргі ғимараты спектакль қоюға жа­ра­майды, ол жерде қонцерт ұйымдас­ты­руға болады. Сондықтан театр жаңа ғимаратқа көшіріліп, олардың орнына филармония кіретіні айтылған. Бұл мақ­сатқа қыруар қаржы қажет. Тек жо­ба­лық-сметалық құжаттарға 40 мил­лион теңге керек екен. Ондай ақша жоқ. Сондықтан жаңа театр салу ал­дағы бес немесе 10 жылдан кейін ғана шешімін табуы мүмкін. 

Мәдениетті басқарып отырғандардың сөзіне қарағанда, Қызылжар филармония­сы әлі де он шақты жыл көшіп-қонып жүре тұратын сияқты. Сол секілді қазақ театры да тар ғимаратта қысылып-қымтырылып оты­ра бермек. Әдетте оңды-солды шашы­лып жататын Қызылжар бюджетінің қар­жы­сы қазаққа, қазақ өнеріне келгенде жетпей қалатыны қызық.

Автор: Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ, Қызылжар

 

http://alashainasy.kz/culture/42124/

Рубрика: