АЛТЫНОРДА
Новости

Қытай қазақтарының қалы қалай ?

Астана. 7 ақпан. Baq.kz — Иә, кезінде атты ғұн әскерінің әлсін-әлcін шабуылына төзбеген Қытай патшалығындағылар ақылдаса келе өз елінің батысындағы тау жоталарына тосқауыл қою үшін ұлы қорған салдырғаны белгілі. Сол қорған бүігінде қытай ғана емес бүкіл әлем мәдениеті асылдарының қатарына еніп отыр. Былайғы саяхатшының аңсарын аударатын да сол «Қытай қорғаны». Мұнан ел экономикасына түскен қаржы да қомақты.
Хош, айтпағымыз, бүгінде сол қорғанның бергі бетіне ауыз салған Қытай билігі ондағы ғұндардың ұрпақтарына өз «әмірін» жүргізіп бағуда. Бір қарағанда экономикасы қарыштап дамыған елдегі қаракөздердің «уайым-қайғысы» жоқ секілді сезіледі бізге. Жоқ, олай ойласаңыз қателесесіз. Себебі, соңғы 15-20 жылда алыстағы сол ағайынға «қара шекпенді» миллиардтың тізесі батып-ақ келеді. Олар «Ұлы қорғаннан» бері асып келеді… «Алаш айнасы» интернет-газеті шеттегі қазақтар жайлы жазған жазба-деректерін жариялауды одан әрі жалғастырады

 

Оның себептерін қарастырар болсақ:

Бірінші: Тілінен «безіндіру» саясаты жүргізілуде. Оның айғағы Қытай білім жүйесіне дендеп кірген «Қос тіл» оқыту жүйесі. Қытай-қазақ мектептері көбейді. 1980 жылдары ондағы таза қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 2000-ға жуық болса, қазір 200-ге жетер жетпес қалды. Дені қытайланған. Тіпті, Қытай білім және ғылым министрлігі тарапынан мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақша тәрбиесінде негізгі тіл қытай тілі болып бекітілді. Бұл жүйе сол елде тұратын тек қазақтың ғана емес, барша аз санды ұлттарға ортақ мұң. Иә, көпістігіміз соншалық, ондағы кейбір ағайын баласын қытай мектептеріне беріп те жүр. Дана Абайдың сөзімен «болыстықтың оқуын», қытай билігіне қызмет етудің, соған іркіліссіз өтудің төте жолы деп түсінеді. Ал, Қытай-қазақ «қос тілді» мектептерінде қазақ тілі пәні ғана қазақша жүргені болмаса, қалған пәндер дерлік «хансу» тілінде оқытылады.

«Айдаһар» құйрықты тілдің кесапаты

Биыл қытай үкіметі аз санды ұлттардың (қытай ұлтынан өзге жан саны аз ұлттар меңзеледі) оқуға түсуіне орталық қазынадан 21 миллиард 390 миллион юанъ қаржы ажыратты. Ал Шынжаң өлкесінің жергілікті қазынасына 128 миллион юанъ қаржы бөлген.

Қытай үкіметі неліктен «қос тіл» оқу-ағартуына мұншалық атымтай жомарттық танытып отыр? Оған деген қазақ ұлтының көзқарасы қалай? Әуелі бала бақшадан басталған тіл үйрету сабағы, баланы 6-7 жасында тілінен айыра бастады. Қытай тіліне деген мемлекеттік сұраныстың, оған қоса өзге тілге деген алғашқы қызығушылықтың жетегінде тіл шұбарланды. Кеңестік кезеңдегі Қазақтың орыстануы секілді. Аты «қос тiлдi» болғанымен, негізінде «Қазақ тiлi» мен «Әдебиет» пәнiнен бөлек пәндердің барлығы қытайша жүргізілді, ал жоғарғы оқу орындарындағы жағдай бұдан да сорақы, ондағы білім тек қана қытай тiлiнде ғана беріледі. Мемлекеттік тіл дәрежесіндегі қытай тілін білу аз санды ұлт тұлғаларының борышы мен міндеті болып табылады. Түрлі мекемелер мен жергілікті әкімшілік, сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін тұлғаларға қойылатын ең басты талап, қытай тілін білу. Онда тек біліп қоюмен шектеліп қалмай, мемлекеттік емтиханнан өту (8-дәреже бойынша) шарт.

Қазақ және де басқа аз санды ұлттардың байырғы қонысы болған Шынжаңда (Жаңа жер) қостілде оқыту үшiн ауыл, қыстақ тұрғындар балаларын қалашықтарға апарып оқытады. Үлкен Қалада «қос тiлдi» оқу мектептерінің ұлттық кластарында оқитын аз санды ұлт балаларының саны күрт азайып, қытай сыныптарында бiлiм алатын аз ұлттардың саны еселеп көбейген бұл күнде. Шынжаң автономиялы заңындағы «қытай тілі жергiлiктi ұлт тiлiмен қатар жүредi» деген тармақты қағаз жүзiнде қалып қойды.

Бұл күнде қытай қазақтарының бір кездегі шұрайлы, мәйекті тiлi көркеюдiң орнына, қолдану аясы тараюға бет бұрды. Басқа шығар жол таппаған қазақ қауымының бiр бөлiгi қытай тілін амалдың жоқтығынан үйренуде. Себебі үйренбесе, ел дамуына iлесе алмай, материалдық жақтан кедергілерге болуынан алаңдайды.

Қалаға келген ауыл қазағы тіл білмегендіктен мылқаудың күйін кешіп жүр. Барлық жерде қанатын кеңге жайған мемлекеттік тілді білмеуі шаруасын бітіруіне кедергі келтіруде. Ұлттың зиялы қауымы осы қиындықтарды ашып айтайын десе аяқ астынан «коммунистік партиямыздың, республикамыздың заң-саясатына қарсы тұрдың» деген қалпақ киіп жазалануы да мүмкін. Ең қиыны, жас баланың өз ана тілінде ежіктеп сөйлегені обал болып тұр. Екi тiлде оқыту жүйесi қазақ оқушыларының бiлiм алуына ауыр кедергi болуда. Шешімі бітпес осы іс жөнінде айтылған талап-тілектер құмға сіңген судай жоқ болады да кетеді.

Қазақ мектептерінің қытай мектептерімен біріктірілуі нәтижесінде, бұрыннан келе жатқан ұлттық салт-дәстүр сабақтары жойлып, оның орнын қытайдың (Хань) бес мың жылдық тарихы мен мәдениеті басты. Бойынан қазақылықтан тыс өзгеше қасиеттердің белгісі қылаң алып, бар жоғы біраз жылдың ішінде қытайланған бір буын өсіп жетіліп келеді.

Екінші: Қытайдағы «жоспарлы туу саясаты» ондағы қазақтың да санын шектеуде. Мәселен, осы күйінде кете берсе енді бір 50 жылда 2 миллион қазақтың Қытайдың «қызыл кітабына» еніп кетпесіне кім кепіл?

Ана құрсағындағы цензура

Осыдан біраз бұрын отандық БАҚ-та Қытайда екі бала тууға рұқсат берілді деген ақпараттың тараған болатын. Алайда, бір өкініштісі ақпараттың арғы-бергі жағы зерттелмей берілді. Негізінде Қытай халқының негізгі құраушысы саналатын «хан» ұлтынан басқа 56 ұлттың ішіндегі саны аз басқа ұлт өкілдері мен ауылдық жерде тұратын халқы бұрыннан-ақ екі, тіпті жекелеген жағдайлар бойынша үш балаға дейін туып келді. Қазіргі таңда «кәрі қоғамға» айналған Қытай үшін жастардың санын көбейту басты мақсат болып отыр. Сол себептен жекелеген провинцияларды сынақ алаңы етіп таңдап осы саясатты жүргізу жұмыстары енді ғана басталып жатыр. Аталмыш саясаттың біз білмейтін қыр-сыры көп: «Егер ерлі-зайыптылар өз отбасында бір ғана перзент болса ғана олар дүниеге екі сәби әкеле алады» делінген, тағы бір тармағында. Сондықтан Қытай халқы жаппай екі баладан туатын болыпты деген дұрыс емес. Мысалы сынақ алаңы ретінде таңдалған Жыжияң (Zhe jiang) провинциясында бүгіннен бастап екі балаға дейін туу саясаты күшіне енді. Осы мәселеге қатысты біршама түсініктемені қытайлық бір досымнан алдым.

Тағы бір айта кетер жәйт, Шынжаң өлкесіндегі аз санды ұлттардың демографиялық өсіп өнуіне де кедергілер түрлі жолдармен жасалып жатыр. Ауылдағы отбасыларға екі перзент, ал қаладағыларға бір перзентті болуды (Жоспарлы туу саясатын) қатаң талап етіп келеді. Әрі қамсыз халықты жоспарлы тууға бойсынғаны үшін материялдық көмек деген желеумен (3000 юанъмен) силап та жатыр.

Бәрін айт та бірін айт қазақтың тілі енді біраз жылда жойылып кетуі де ғажап емес. Ұлылардың «тіл жойылса ұлт та жойылады» деген ескертуін тағы бір қайтара еске түсірдік. Ондағы көзі ашық көкірегі ояу ағайынның ендігі бар үміті атамекенге ат басын бұрып, жоғалып бара жатқан тіл мен ділді сақтап қалу.

Үшінші: Қаракөздердің иелігіндегі жер аумағының тарылуы. Оның айғағы «отырықшылыққа» көшу. Судың тұнығы мен шөптің шүйгінін жеген қазақтың жаз жайлау, қыс қытсауын «мәдениетті» түрде тартып алып, шығарға жол қалдырмайды. Есесіне, алдаусыратып, көп қабатты тұрғын үйлерден 5-6 бөлмелі бір пәтер берді.

Төртінші: Қытайдың шекаралық аймақтарына қоныстанған қазақтардың атамекенде болып жатқан өзгерістерге көп қанық емес. Сондықтан тілдің жойылып кетпесі үшін отандық телеарналар, ондағы қазақ елшілігі қытайдағы қазақтардың радио-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, ондағы қазақтардың түйткілін шешіп берсе құба-құп болар еді.

Дегенмен, Қытай оқу-ағартуынан үйренеріміз бар. Мәселен, бүгінде қаншама шетелдік Қытайды білім алуға құмар. Мәселен, бір ғана Шинху университетіне түсудің өзі қиынның қиыны. Ондағы білім де Еуропаның болсын, Американың болсын еш елінен кем емес.

Оқусыз-білім жоқ, білімсіз-күнің жоқ

Сыртқы саясатта, бейбіт қатар өмір сүрудің бес принципі ұсынылған: «мемлекеттің иелік ету құқығы мен территориясының тұтастығын өзара құрметтеу; бір-біріне шапқыншылық жасамау; бір-бірінің ішкі саясатына килікпеу; тең тұрып өзара пайда келтіру, әрі бейбіт қатар өмір сүруді» қатаң ұстанған, қытай елінің ағарту ісі әлемнің талай елін тамсантып отыр. Ұлылардың «алыс болсада қытайдан барып білім ал» дегені тектен-текке айтылмаса керек. Ежелгі төрт өркениетті (компас, қара дәрі, қағаз жасау техникасы және баспа техникасы) ойлап тауып, адамзат мәдениетінің ілгерілеуіне үлесін қосқан көршінің әр қашанда өзінің құмырсқадай еңбекқорлығымен таудай табыс жарататын тамаша қасиетіне қызығып қарасақ та, кейде қызғанып қалатын жәйіміз тағы бар.

Әуелі әңгімені ағарту ісінен бастасақ, он мыңнан астам геометриялық пішіндегі иероглиф әліппесінен таратып, күнделікті сегіз сағаттық оқу түзімі, бес күндік оқу күні мен қатаң бағалау режимі әрбір жасөспірімнен үздіксіз ізденуді талап етеді. Сол себепті педагогтар талапкерлерге салалық білім берумен қатар қытайдың сан мың жылдық тарихынан дәрістер оқиды. Мәселен, өздерін алып айдаһардың ұрпақтар санайтын қытайлардың ең алғашқы ата-бабалары Хуаңдиды әпсаналарда айтылуынша алтын қанатты айдаһар көкке алып кеткен-мыс. Бұл күнде зәузаттары дәстүрлі Шаған (көктем) мерекесінде түрлі шырақтардан аңыз кейіпкерінің мүсінін сомдап, алып айдаһардың биін билейді.

Бұл елдің жоғарғы оқу орындарына қабылдау емтиханы біздегіден өзгеше. Тоғыз жылдық міндетті оқу-ағартудан соң, үш жылдық білім алу арқылы мемлекеттік бір тұтас емтихан қабылданады. Онда бір қызығы, еліміздегі ұлттық біріңғай тестілеуден өзгеше емтихан формасы қолданылады. Гуманитарлық сала мен техникалық салаға сай орталық оқу-ағарту министірлігі тарапынан дайындалған универсалды (талдау, сараптау, логикалық ойлау) сұрақтары басқыштарынан өткен жас талапкер өз дәрежесіне сай келетін жоғары оқу орнын таңдауына тура келеді. Бірақ өкініштісі, қытай өкіметі біздегідей жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік грант тағайындамаған. Бұл жағынан еліміздің игі бастамасы өзгелерге өнеге болмақ.

Ұрпақ тәрбиесі- ұлт болашағы деп шешкен бұл елдің ұстаздар қауымына артар жүгі ауыр, сондықтан орта тап саналатын мұғалімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, әрі білімін толықтыру мақсатында үкімет тарапынан қысқа және ұзақ мерзімді қайта даярлаудан өткізуді мықтап қолға алып отыр. Мұндағы білім жүйесінің басты ерекшелігі – ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру. Бастысы адам капиталын негізге ала отырып, әрбір жасты өз елі мен жерін шынайы қадірлейтін азамат етіп тәрбиелейді. Социалистік білім жүйесін қытайлық ерекшелікке икемдеп, “ХХІ ғасырдағы білімді көтерудің іс-жоспарын” өз еліндегі ішкі саясатпен ұштастыра отырып жүзеге асыруда. Ең бастысы, білім жүйесін мемлекет қамқорлығына алған. Түрлі ақпараттық технологияның, бәсекеге негізделген нарықтық қатынастардың, оқу үрдісінің өрістеуін алдын ала болжаған Қытай үкіметі білікті маман қалыптастыру жолында, тағлымшылдық іліміндегі ізгілік пен рухани — адамгершілікке негізделген идеологиялық, патриоттық тәрбиеге басты мән берген. Сонымен қатар бұл елде базалық білімді нығайту, қатаң регламенттендірілген. Оқу түрін көп салалы жүйеге ауыстырып, оқу жоспарының шашыраңқылығын азайтқан. Пәндік білімнің кешенділігін арттырып, оны практикалық іс-әрекетке, шығармашылыққа бағыттаған.

«Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады.» демекші, жас өркеннің салауатты, мәдениетті болып тәрбиеленуіне әуелі ата-ана тәрбиесі, одан қала берді мектеп тәрбиесінің алар орны өзгеше. Сондықтан да еліміздің бастауыш тәлім-тәрбиесінде, оқу жоспарына ұлтымыздың ұмыт қалған салт-дәстүрі мен ұлттық тарихы, мәдениеті жөніндегі сабақтарды көптеп орналастырса, жаһандану үрдісінде жұтылып бара жатқан қоғамның дертіне азда болса шипа тапқан болар едік.

Автор: Нұршат ТӨКЕН

http://baq.kz/kk/diaspora/912