АЛТЫНОРДА
Новости

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, продюсер: Терме өзіндік энергетикасы бар ғажап дүние

Қыдырәлі БОЛМАНОВ, продюсер: Терме өзіндік энергетикасы бар ғажап дүние— Қазақтың термесін эстрадалық жанрда орындауда, этнорок бағытында елімізде алғашқы сүрлеу салғандардың бірісіз. Бұл уақыт талабынан туындаған идея ма, әлде басқалай жоспарыңыз болды ма? Мұны жалпы көпшілік қабылдайды деп ойлайсыз ба?

— Эстраданы идеологиялық құрал ретінде пайдалануымыз керек. Бұл өте керекті дүние. Терең толғауға толы терме қазақтың басты дүниесі. Ең басты арманым ертеңгі күні біздің ұлттық өнерге назар аудартатын, насихаттайтын, атадан балаға мұра болып келе жатқан асыл қазыналарымызды ары қарай жеткізетін жастарымызды тәрбиелеп шығару еді. Терме деген ақыл, нақылға толы қазақтың бар болмысын білдіретін, өзіндік энергетикасы бар, ғажап дүние. Ол неге тек қана ауылдарда, анда-санда теледидарда, мерекелерде киіз үйлерде ғана орындалуы тиіс? Оған тек сәл ғана әр беріп, эстрадаға бұру керек болды. Бірақ, жалпы мақамын бұзбай, кішкене амал жасау керек-тін. Сөйтіп 1991 жылы Нұрымның термесін осылай сахнаға алып шықтым. Алғашында «ақсақалдар қалай қабылдар екен?» деген қорқыныштың болғаны рас. Бір жағынан жастарға насихаттау керек-тін. Эстраданың болмысына ұлттық бір элементті енгізу, сыналап кіргізу керек болды. Сондай амалдың бірі – терме, Сондай амалдың бірі – «Ұлытау».

— Соны стильмен көрерменнің көзайымына айналған «Ұлытау» тобының алдағы уақытта қандай жаңалықтары бар?…

— «Ұлытаудың» алғашқы альбомын «Парамон Пикчерс» атты студияда әлемдік аты бар Хим Палма деген дыбыстық режиссерға жасаттық. Бір альбомымыз 50 мың евроға түсті. Сапалы альбом енді өзіне жұмыс жасауда. Көпшілік альбомды сатып алып, журналға жазып дәріптеуде. Осының арқасында Мәскеуге концертке шақырды. Қазақ деген халық бар, оның Құрманғазыдай күй құдіреті бар екендігін дәлелдеу үшін ойлап тапқан амалымыз – «Ұлытау». Елдің есінен кетпейтіндей дүние жасауды мақсат етіп қойып едік, шүкір соған қол жеткіздік. Алдағы арманымыз — осындай тәсілмен келер ұрпақты тәрбиелеу, олардың болмысына сіңдіру. Қазақ тарихында тұңғыш рет Голливудтан бас жүлдені алып келу деген ерен еңбек екені рас. Ол әркімнің маңдайына жазылмайтын бақ. Сексенге жуық елдің арасынан топ жарып шығу оңай емес, әрине. Бұл тек қана «Ұлытаудың» ғана емес бүкіл қазақтың абыройы…

Бір қуанарлығы «Ұлытаудың» тұсауы кесілгелі бері оған еліктеп домбыра тартуға ниет еткен балалар көбейіпті. Осындай еңбекпен ұлттық өнерді дәріптегеніміздің өзі үлкен жеңіс. Осылайша ұлттық өнерді құлағына сіңірген бала ертең дәстүрлі музыкаға ден қояры сөзсіз. Әйтпесе таңертеңнен кешке дейін көретіндері шетелдің жартылай жалаңаш клиптері мен киносымақ бірдеңелері. Оның орнына ұлттық дүниеге сусындатсақ, қанекей. Клип түсіріп, ұлттық дүниелерімізді дәріптеп, таза салт дәстүрімізді эстрадаға сыналап кіргізуіміз керек. Ұлттық болмысымызды эстрада арқылы дәріптеуге болады. Одан басқа амал жоқ. Талантты адамдарымыз көп емес. Талант деген Алладан берілетін бақ. Талант берді ме, ол да сын. Байлық берді ме, ол да сын. Кедейлік те сын. Сондықтан да қолымыздан келгенінше көңіл бөліп, халық бар, Үкімет бар қолдауымыз керек. Сонда өнерге таланттар қорықпай келеді…

Еуропалықтар «Ұлытауды» мойындайды. Жоғары бағалайды. Мақсатымыз қазақтың бас аспабы домбыраны, ұлттық өнерді бүкіл әлемге таныту. Алдағы күндерде алпауыт компанияның көмегімен топтың жаңа альбомы жарық көрмек. Батыс жұртшылығын тәнті еткен тобымызға алпауыт компания символикалық алтын диск тарту етті.

— Музыкада шекара жоқ десек те, топ мүшелерін тек өз қандастарымыздан жасақтау ойыңызда жоқ па?

— Егер маған өзіміздің жігіттер келіп «мен мына аспапта керемет, әлемдік деңгейде ойнай аламын» деп ол өнерді әрі қарай іліп алып кете алатын болса, әрине жол ашық. Әлемдік музыканттардың алдында ұялмай ойнап, сынынан сүрінбей өтетіндер болса қанекей. Мен кезінде іздеп көрдім. Оған көп уақытым кетті. Нағыз таланттар келіп тұрса, мен жоқ демеймін…

— Жұбайыңыз Қарақат сахнада өте паң көрінеді. Үйіңізде ыдыс-аяқ сылдыры жиі естілмей ме? Жалпы, отбасындағы екі адамның да өнер иесі болуы қиындық тудырмай ма? Қарақатты гастрольдік сапарға баруына рұқсат етесіз бе?

 

— Мен көптеген хаттар алып тұрамын. Хат иелерінің басым бөлігі Қарақатты «өркөкірек сияқты» деп жазып жатады. Бірақ Қарақат керісінше тәрбиелі ортада өскен, көрегенді жан. Мешітте ақ некесін қидырған жарым болғаннан кейін менің оған, оның маған сыйластығы басым. Қарақаттың жалғыз өзін гастрольдік сапарға шығуына рұқсат етпеймін. Аса бір жақын туыстас адамдардың тойына ғана болмаса, басқа шақыруларға жалғыз бара бермейді. Ері жұмыста жүргенде отбасылы әйелдің сапарда жүргені өте бір жараспайтын қылық. Әр елдің өз салты, әдет ғұрпы бар. Қарақаттың парасат пайымы, түсінігі зор.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Гүлбану Есім


Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/kyidyiral-bolmanov-prodyuser-terme-ozndk-energetikasyi-bar-gajap-dunie-61883/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі