Sorry, this entry is only available in Kazakh. For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бүгінде жалдамалы бала күтушілерге сұраныс көбеюде. Ғаламтор арқылы, таныс арқылы, бейтаныс арқылы болса да ұсыныс та, сұраныс та бір-бірін тауып жатыр. 

Өзегін жарып шыққан перзентін өзгенің тәрбиесіне беру, өзгенің баласын өз жауапкершілігіне алу екі жаққа да оңай емес. Бірақ онсыз айналып өтетін жол тағы да жоқ. Себебі біздің елдің ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық институтында бала күтуші деген түсінік болған емес. Біздің менталитет тек әже тәрбиесі деген түсінікке ғана басымдық берді. Бұл үрдістің табалдырығымыздан аттағаны кеше ғана…

Мамандар бала бағушыны те­рең зерттеп, сырына әбден қа­нық­қан соң ғана қабылдаған дұ­рыс дейді. Себебі, бұл кәсіпті ақ­ша табудың арзан жолына ай­налдырып алған алаяқтар жетеді. Қазір ғаламторға бас сұға қал­саңыз, «бала күтуші» деген сипат­тағы жарнамаларды көзіміз ша­лып қалады. Жалақылары да әр­­түрлі. Көбіне бұл жұмысты істейтіндер – мектеп бітірген, жоғары білімі жоқ жас қыздар. Егер тек балаңызға қарап отырса, онда 40-60 мың жалақы төлейсіз, егер бай-бақуатты жандар болса – 100-150 мыңға дейін. Бұл, әри­не, жұмыс беруші қойған талап­тарға байланысты екені айдан анық. Егер күтушіңіз үй шаруа­сына да араласып, тағам дайындап жатса, айлығы 80-90 мыңға дейін барады.
Қазір жалдамалы бала күту­шілер­ді тек ауқатты отбасылардан ғана емес, орта деңгейдегі жанұя­лардан да кездестіретін болдық. Алматының төңірегінде жыл сайын жаңа балабақшалар саны артып жатыр. Соған сәбиін ор­на­лас­тырамыз деп «үмітсіз шай­танның» жетегінде жүрген ата-ана қаншама?! Демек, бала бағу кәсібінің ақысы күннен-күнге шарықтауына басты себеп – ба­лабақша жетіспеушілігі. Жетіс­пеушіліктің салдарынан елімізде мыңдаған бүлдіршін кезекте тұр. Бір ғана Алматы қаласының өзін­де қаншама… Кезектің саны жа­қындағанда, бала мектеп табал­ды­рығын аттайтын уақыт жетеді. Амалы құрыған ата-ана қалтасы қалың болмаса да, күтуші жал­дауға мәжбүр болып жатыр. Бірақ сол күтуші әйелдердің мінезін зерттемей, тиыннан тиын құрай­мын деп таңнан қара кешке дейін жүрген ата-ана үлкен тәуекелге барады. Тәрбиешілердің біреу қа­тал, кейбірі мейірімді, ал біреуі тә­каппар. Қазір тәрбиешілерді «өкіл ана» деп атап жүр. «Өкіл ана­­ның» қолында өскен балада қан­дай тәлім-тәрбие алады? Тәр­бие­шінің тәрбиесі бүлдіршіннің пси­хо­ло­гиясына нендей әсер ете­ді? Осы сауалдардың жауабын іздеген ата-ана бар ма? Ананың ыстық ықы­ласына, махаббатына бөленбеген сәбиде мейірім бола ма?
Ертеректе аналарымыз әнмен әлдилеп, ертегі, жыр оқып, түн ұйқысын төрт бөліп балам деп шырылдап өсірген еді. Қазір әр­түрлі себептерден бұл үрдіс жо­й­ылып барады. Ата-әженің тәр­биесінен күтушіні артық са­­най­тын ата-аналар да көбейді. Қан­ша дегенмен күтуші тек жа­лақы үшін жүрген қызметкер емес пе?! Бұрындары ата-бабамыз үй­дегі алтын қазық – ана деп са­наған. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі демекші, ананың тәрбиесі бірінші орында тұр. Отбасында махаббат пен мейірім болса, баланың тәрбиесі де оң болады. Қоғамда әрбір ана бала тәрбиесімен айналысу керек. Зере әжеміз Абайды дәрет алған соң ғана емізген. Осының өзі ұрпақтарға берген тәлім-тәрбие, таусылмас қазына емес пе? Қазақ халқының асыл тұлғалары дара­ланып шығуына, асқақ рух сый­лауына, көкірек көздерінің ашы­луы­на әжелеріміздің берген тәр­­биесі айрықша болған. Ғалым­дар осы уақытқа дейін сонша­лықты мән берілмей келген тағы бір жаңалықты айтып отыр. Әжесі бар баланың ақылды болуы әжесі жоқтармен салыстырғанда ана­ғұр­лым жоғары екен. Ата мен әже­сінің бауырында өскен бала­лардың адами құндылықтарға де­ген бейімділігі жоғары екенін қазақ баяғыда-ақ дәлелдеген. Олар­дың зейіні мен санасы қа­лалық балалармен салыстырғанда озық. Мүмкін, бүгінгі заманауи технологияларды игеруде кемшін түсіп жатар, бірақ оны тез-ақ меңгеруге болады. Ең бастысы – ішкі сыйымдылықтың бос бол­мауында.
Ғалымдар әжесі бар балалар ақылдырақ болады деп неге ашық мойындай бастады? Олар «әжелер ықпалы» деген тәжірибе жүр­гі­зіпті. Әжесі бар балалардың зейіні мен есте сақтау қабілеті өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары бо­лып шыққан. Себебі, әжесімен ты­ғыз байланыстағы баланың санасы үнемі жаттығулар мен қайталаулардан өтіп отырады екен. Яғни әжесі жұмыс істемейді, қолы бос, сондықтан да немере­сімен бірге жүреді, бірге тұрады. Араларындағы әлеуметтік өзара ықпалдастық көп. Үлкен адам­дар­ды сыйлау, жан-жағында­ғы­лар­ға деген құрмет, табиғатты бүл­дірмеу, тірлікке бейімділік, мойныңа алған жұмысты соңына дейін тындырымды бітіру секілді адами құндылықтармен қатар, баланың сабақты игеруі, оқыған-тоқығанын есте сақтау қасиеті арта түседі. Ақылды ғана емес, жаны мен тәні сау бала аспаннан түспейді екен. Қанша жерден үлде мен бүлдеге бөлеп, елде жоқ ойыншықтарды сатып әперсеңіз де, балаға қажет рухани жақын­дық­тың орнын ешнәрсемен тол­тыра алмаймыз. Нағыз бала жылу мен сүйіспеншілікке құрылған үлкен тәрбиенің нәтижесінен ғана ақылды болып шығады деген қорытындыны қазақ халқы ұлы дала философиясында айтып қойған. Яғни бүгінгі заманауи технологияларды жаттанды түрде игеріп алған робот секілді адам­дарды ақылды деп штамптай бер­мей, баланың ішкі жан дүние­сінің қалыптасуына аса мән бер­геніміз жөн болар.
Қазақтың әжелерінің өнегесін тізіп беретін мысалдар көп. Абай­дың әжесі – Зеренің ұлағатты әң­гімелерінің өзі неге тұрады?! Зере әжесі Абайға көп ертегі айтып берген. Бала Абай әжесінің әңгі­мелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да жалықпай, ын­тыға тыңдай беретін. Кішкентай Абай­дан дана Абайға айналуына көп септігі тиген – әжесінің тәр­биесі. Тек қазақтың ғана емес, бас­қа да ұлттардың тарихында аты қалған тұлғаларының бойын­да бар ­ ана-әже­лерінің ақ сүтінен дарығаны бел­гілі. Қаншама ұлы ойшыл­дардың өздері мойындап кеткен. Алек­сандр Пушкиннің өкіл анасы Арина Родионованы да айтпай кетуге болмайды. Бала кезінде бағып-қағып, ертегі айтып тәр­биелеген сол мейірімді әйелді Пушкин өле-өлгенше ұмытпады. Тіпті оған бірнеше өлең арнап, соның аузынан естіген ертегілерді көркемдеп жазып, халыққа да ұсынған еді. Ақ жаулықты аналар ұрпағын жаза басудан сақтан­ды­рып, қайта өнегесімен өрісін ке­ңей­туге үлес қосқан.
Өз анасын сирек көріп, мейі­ріміне зәру болып өскен сәби өсе келе бірбеткей, болуы да ықтимал. Бізде күнкөрістің салдарынан көп жас отбасылар көше безіп жұмыс істеп жүр. Әрине, оңтүстік өңірлер­дегі ауыл-аймақтарда қазақылықтың қаймағы бұзыла қой­­ма­ға­ны анық. Ата-әженің мей­і­­­рім-шапағатын көріп өсетін бала баршылық. Ал қаланың қарты немере бағуды ойлай ма? Одан гөрі жалдамалы бала күту­шіге жүгінгенді жөн санай ма? Алматының көшесінде немере ерт­кен қарияларды сирек кездес­тіреміз. Бірде кешкілік аулада отыр­сам, жанымдағы орындық­тан қарт ананы көзім шалды. Ойнап, шулап жүрген балалар. Солардың арасынан бір қыз құлап қалып, «мама» деп жылады. «Әже­сі болар» деп жанына барып, қыздың үсті-басын қағысып әңгімеге тарттым. Әженің есімі – Айсұлу екен, Шымкенттен ке­ліп­ті. Қолындағысы жақындығы жоқ адамның қызы екен, яғни жалдамалы күтуші. Қызы осында жоғары білім алып жүр. Қызының жанында болып, бір тиын болса да үйге кірсін деп істеп жүрген жұмысы. Қазір баласын күтіп жүрген үйдің иелері – жақсы адамдар. «Қожайынның менде шаруасы жоқ. Өздері кі­шіпейіл, өте тамаша адамдар. Қыздары 4 айлығында осы үйге күтуші болып келдім. Содан бері бір жылдай уақыт өтті. Егер қолым тисе, үй шаруасына да көмектесемін. Айару – олардың бірінші баласы. Оны өзімнің қызымдай жақсы көремін. Әкесі-шешесі бизнесмен әрі банкте қызмет істейді. Күні-түні жұмыста жүреді. Өзім бағып-қағып өсірген қызым ғой. Жексенбі күндері байғұс бала ата-анасына тіпті жа­қындамайды. Мені «мама» дейді. Ол кісілерді жат көреді, қасына жақындамайды да. Шетелге ісса­парларға бірге шығып тұрамыз. Демалған күндері қыздарының бетінен сүйіп ойнағысы келеді. Бірақ қыз жанына жоламайды. Мені «мама» деп, қасымнан бір елі қалмайды. Сол себепті мені қастарына ерте жүреді. Анасына бармаған баланы көргенде, жүре­гім ауырады. Сәбиге ананың мейі­рімі керек. Мен де анамын, сәбиім басқа адамды «мама» десе, жаныма қатты батар еді. Өз қы­зымдай жақсы көремін. Сонда да анасына ана деп айтқызып үйре­тіп жүрмін дейді» Айсұлу апай.
Әке-шеше мейірімін, ата мен әженің аялы алақанының жы­луын сезінбеген баланың бола­шағы да бұлыңғыр болады емес пе? Бұл кісінің жүрегі таза, көңілі ақжарқын екені көрініп тұр. Бала бауыр басып қалған екен. Өз анасындай көреді. Бірақ өкініш­тісі, өкіл ананың аты өкіл ана емес пе? Сәбиге ата-анадан артық жанашыр, немереге ата мен әжеден артық күтушінің керегі жоқ екенін естен шығармайық.

Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ

http://aikyn.kz/articles/view/52693

Рубрика: