АЛТЫНОРДА
Новости

Кредит алушы бауырыма хат

Ассаламағалейкум! Бауырым, қал-жағдайың қалай? Үй-іші аман ба? Сені әлі кредит  алып жүр деген соң, өзіңе арнайы хат жазуға отырдым. Осы хат арқылы кредиттің қандай бақытсыздықтарға алып келетінін айтқым келеді, оқышы мені.

Сәл ертеректе осы кредитті өзгелердің алып жатқанына бей-жай қарайтыным бар еді. Сосын маған белді-беделді кісілердің «бұл елдің экономикасын қозғайтын күш» деген сөзі өткен. Кәсіп ашудың көзі кредит деп ойлайтынмын. Кейін түсіндім, олай емес екенін. Тіпті керісінше, кәсіпке тұсау салатынын. Сырттай қарағанда, шаруасы жүріп жатқандай болғасын, саған да кредит қалыпты болып көрінетін шығар. Сөйтсек, мүлде олай емес екен. Өмірдің өзі көрсетіп берген аянышты талай оқиғалар бар. Олардың кейбіреуімен өзің де таныс боларсың.

Есіңде ме, бауырым, осыдан 4-5 жыл бұрын банктер аялдамаларды несие беретін кеңселерге айналдырып  жібергенде, көбіміздің басымыз ауып қалған. Кәдімгі тегін ақша таратып беріп жатқандай әсер қалдырған. Тегін несие деп дуылдатқан. Жалған әсер екен. Кейін ұқтық. Сенің де осыны ұққаныңды қалар ем.

90-жылдардың басында туыстарым кішігірім дүкен ашып, саудамен айналысқан. Ол кезде дәл қазіргідей төпелеп кредит үлестіріп жатқан кез емес. Сонда мына бір сөзді жиі  еститінмін: «Пәленше қарызға ақша береді, сосын үстіне процент қояды да, аз уақытта көп ақша өндіріп алады екен. Ал адамдар қарызға батып, қайтара алмай қалыпты». Сонда бұл құбылыс маған, бізге, жақындарымызға қатысы жоқ, алыстағы шаруа боп көрінетін. Кішкентай болсам да, әйтеуір осы істің жөн емес екенін іштей сезетінмін. Кейін тығындаған жарнама мен аста-төк, оп-оңай алынатын тәсілдермен кредитті еш зияны жоқтай етіп сіңірді. Қазір көбіміз осы құрсаудың ішінде жүрміз.

Бұрын кредитті үлкен бизнесмендер ғана алатын. Үлкен шаруаға үлкен қаржы керек. «Банктен алмағанда кімнен аламыз, шағын дүниеге өзіміз-ақ ақша жияр едік қой!». Деді. Сосын тұтынушылық несиелер көбейді. «Бәрібір ақша жинай алмаймын, одан да, ай сайын төлеп тұрғаным тиімді емес пе?» Осындай да жауап айтылды. Іздесең, сылтау да, жауап та осылай табыла береді. Сен де осылай ойлаған шығарсың.

Алайда, әрбір құбылысты, оның пайда-залалына бір тұғыр, бір қағида биігінен баға бергеніміз жөн ғой. Ендеше, барлығымызды жоқтан бар еткен Алла Тағаланың қасиетті Құранына, «Бақара» сүресінің 275-аятына көз салшы:  «Алла сауданы халал, өсімді харам етті».

Білесің бе, осы аяттың өзі кредит алуға тоқтам болуы тиіс. Жаратушы Алла жаратылғанның жайын, оған ненің жақсы, ненің зиян екенін жақсы біледі.

Қазір кредит алып, шаруа бастапты десе қатты қорқам. «Е, неге?» дерсің. Шаруасы шатқаяқтап қала ма деп. Қазір мен көлігін кредитке алыпты десе қорқам. Бір күні сол тыйым салынған жолмен алынған көлігі аяғын аспаннан келтірмес пе екен деп. Қазір мен үйіндегі өзі-ақ ақша жинап ала алатын қарапайым ұялы телефоннан бастап теледидарға дейінгі бұйымдарды несиеге ала салушылардың келешегінен қорқам. Отбасына зардап келе ме деп.

Бауырым, білесің бе, менің көп таныстарым өздерінің үйлену тойларына алған кредиттерін әлі төлеп жүр. Осы уақыт аралығында сол отбасына тиесілі болған тамақ, киім, ата-анасына сый жасау дейтін жағдайлардан құр қалды сол отбасылар. Тапқан-таянғанын банк кассасына төлеп келеді. Осы үшін талай ұрыс-керісті өткерді. Күйеуі әйелін ақша таппағаны үшін, әйелі күйеуін кредит алғаны үшін кінәлады. Алла сақтасын, алда-жалда біреуі жұмыстан шығып кетсе, шаңырақ ортасына түскелі тұр. Мұндай мысал мың. Бәлкім мұндай оқиғаның шет жағасына өзің де куә болған шығарсың. Қарашы, қандай қиын. Айтарсың, «жоға, сол кредиттен бе деп». Дәл солай. Алла Тағала арам еткен нәрсенің зардабының міндетті түрде боларын ұмытпа.

Бір жақсылық жасасаң, ол міндетті түрде келесі бір жақсылыққа сеп болады. Ал жамандық жасадың екен, келесі бір жамандыққа жол аштым дей бер.

Жекжат ағамыз қоярда қоймай кредитке су жаңа көлік алған. Аз уақыт өтпей жатып, көлігін соғып алды. Қаңтарылды. Өмірін жеңілдетуі тиіс көлік қорасында тұрды. Банктің сенің жағдайыңа кірмейтінін ұмытпа! Кредиті ай сайын айлығын азайтып келеді. Әлі талай жылы бар. Көлігі тұр. Жөндеуге ақша керек. Тағы бір қарыз басталды. Байқайсың ба, бауырым, кредит қақпанына өз еркіңмен бір кірдің екен, сені қарыз қамыты бауырына алады. Сондықтан, есті жиып, бұл тажалдан басты ала қаш.

Тағы бір көзтаныс жігіттің өз бүйрегін саудаға салып жүргенін интернет бетінен жолықтырып қалып, «есі дұрыс па?» дескенбіз.  Есі дұрыс екен, тек кредиті өлтіріп барады. Ол ініміз үшін қазір денсаулық, болашақ өмір, отбасы маңызды болмай қалды. Бар мақсаты – бүйрегін саудаласа да, кредитінен құтылу. Ипотекалық несиеге байланған талай жанның баспанасынан ғана емес, басынан айрылған жағдайын естіген, көрген боларсың.

Байқайсың ба, туыстарыңа, көршілеріңе, жақындарыңа, олардың отбасына көз салшы. Кім кредит бәлесіне жұғысқан, сол отбасының жағдайы құлдырап барады. Жағдай дегенде тек қана материалдық игіліктерді айтып отырғаным жоқ, рухани құлдырау, тосын апаттар, ауру-сырқау, кедейшілік.

Талай жанның өліміне себепкер болғаны қоғамдық деңгейде көтеріле бермейді. Көрдің бе, «залалы жоқ, ұлтты, мемлекетті, қоғамды өркендетеді» деп жарнамаланатын кредиттің адамды қандай дәрежеде төмен түсіретінін. Мен де сенің төменге түскеніңді қаламаймын.

Бауырым, сені ұлтқа жаны ашитын, қоғамдағы құбылыстарға бей-жай қарамайтын жан деп білем. Ендеше, біздің сыртқы қарызымыз жыл сайын артып барады, Марченко бастаған банкирлер алуан түрлі жағдайларды сылтау қылса да, ұмытпашы осыны: сен алған кредит қазақ мемлекетін құрдымға батырып бара жатыр.  Бағаның қымбаттығы, әлеуметтік жағдайдың әлсіреуі, қоғамдағы бай мен кедейдің ара-жігінің алшақтауы –бәрі-бәрінде осы кредиттің қомақты жаман әсері бар.

Және бір жағдайды ұмытпашы, бауырым. Мәселе –кредиттің үлкен кішілігінде, одан ұзақ уақыт не жылдам құтылуыңда емес. Мәселе – кредит алған-алмағаныңда.

Алып қойған кредиттеріңе тәуба етіп, кешірім сұра. Алла мейірімді, кешіруші. Бауырым, кредитті енді алмауға бекінші. Өзіңнің, қоғамның дамуына қосқан үлкен үлесің осы болар еді.

Жоламан ДҮЙСЕНОВ

Ұлт порталы