АЛТЫНОРДА
Новости

Классикадан туған классика

Әдеби шығармаларды кино етіп шығаруға шешім қабылдау кез келген режисердің қолынан келмейді. Ондайға бел буғанымен, туындыны классикалық тұғырдан түсіріп алмау да сын. Бұл жолда еңбек етіп, кітаптағы шығарманы кино етіп шығарған киногерлер де жоқ емес. Бүгін біз кино саласында ең үздік деп танылған әдеби шығармалар желісінде түсірілген кинофильмдерге тоқталмақпыз. Ендеше, қолыңыздағы кітапты бәр сәтке ысырып, теледидарды сөндіріп, мына жазбаға ден қойыңыз.

«Онегин» (1998)


А.С.Пушкиннің бұл классикалық туындысын лентаға түсіру де анау айтқандай оңайға түспегені мәлім. Әсіресе, шетелдіктерге! Бірақ 1998 жылы АҚШ пен Ұлыбритания Пушкиннің «Евгений Онегин» өлеңінің желісінде кино түсірді. Кинофильмдегі Онегниннің рөлін британдық дарынды актер Ральф Файнс сомдады. Ол көпшілік көрерменге «Ағылшын емделуші» кинофильміндегі рөлі арқылы таныс.

Кинофильм желісі бойынша, ақсүйек отбасыдан шыққан Онегин Санкт-Петербург қаласына қатты ауырып жатқан ағасына келеді. Бірақ ол ағасын ажалдан аман алып қала алмайды. Мұрагерлік құқыққа ие болу үшін Евгений уақытша болса да, сонда тұрақтауға шешім қабылдайды. Бір күні ол Ленскийсмен кезігіп қалады.

Олар жас жағынан келгенде, бір-бірімен шамалас. Бірақ екеуі екі түрлі жан: Ленский қызба және қиялшыл жігіт, Онегин, керісінше, ұятсыздау жігіт. Бірақ бұл қасиеттеріне қарамай, олар өзара ортақ әңгіме тауып, уақыт өте жарасып кетеді. Бірде Ленский Онегинді қалыңдығы Ольга Ларинаның үйіне қонаққа шақырады. Ал Ольганың Татьяна атты әпкесі бар. Онегинді бір көргенен есі кеткен Татьяна оған сезімге толы хаттар жолдай бастайды. Бірақ оны елейтін Онегин жоқ. Татьянаға арналған балда ол оның сіңлісі Ольганың асты-үстіне түсіп жүреді. Бұл жайтқа ызаланған тек Татьяна ғана емес еді. Онегиннің Ольгақа көңілінің ауып жүргенін жақтырмаған Ленский қонақ жігітті жекпе-жекке шақырады.

Пушкиннің шығармасы – өткен дәуірдің көрінісі. Сондықтан фильмді көріп отырып, ерекше күйге түсесің. Романтикалық оқиғаларды сүйетін кинокөрермен кино шығысымен-ақ бұл фильмді аса жоғары бағалады. Әлі күнге дейін көрерменін жоғалтпаған «Онегинді» неге әдеби шығарманың желісінде түсірілген үздік кинофильм деп атамасқа?

«Анна Каренина» (2012)

Тағы бір классикалық туынды «Анна Каренина» кинопрокатқа 2012 жылдың қыркүйек айында ғана жарық көрді. Фильм режисері Джо Райт та өзгеден қалмай атақты орыс жазушысы Л. Толстойдың белгілі романын экранға алып шықты. «Анна Каренина» осы уақыт ішінде «Оскар» жүлдесінің ноимнацяларын жеңіп алды. Кинодағы костюмдері де үздік деп танылды.

Граф Алексей Каренинге сезімсіз тұрмысқа шыққан Анна өз өміріне көңілі толғандай болып ғұмыр кешіп жүреді. Оның жалғыз ғана қуанышы – кішкентай ұлы. Аннаның тып-тыныш өмірі граф Вронскиймен кезігуінен кейін қарбаласа бастайды. Ол Вронскийдің өзін күйіп-жандырған сезіміне шыдай алмастан оның көңілдесі атанады. Бірақ абыройлы графтың жарының басқа еркекпен көңіл қосуы жұртты шулататын ұятты іс еді.

Бұл кинофильмді көруден көрермен әлі де жалыққан жоқ. Кітаптағы шығармадан туындаған кино түсіру идеясы желге ұшпай, халықтың қошеметіне ие болды.

«Тәкаппарлық және теріс ұғым» (2005)


Ал енді орыстардың шығармасынан ағылшын ұлтының туындыларына өтпекпіз. Бұл жолы да бізді режисер Джо Райт қуанышқа бөлейді. Ол 2005 жылы Джейн Остинның «Тәкаппарлық және теріс ұғым» атты «әйелдер» романының желісінде керемет кинофильм жасап шығарды. Мұнда да басты рөлді Кира Найтли сомдайды. Лонгборн жерінде қарапайым ғана өмір жылжып жатады. Тек Беннет отасында бітпейтін бас ауыртатын мәселе бар еді. Олардың Элизабет, Лидия, Джейн, Китти және Мэри атты сұлу да, сымбатты 5 қызы бар. Бірақ отағасы бірде-бір ұл балаға жарыған емес. Осыған қынжылған әке мен шеше бес қызына күйеу бала іздеу үшін өздері білек сыбана кірісе бастайды. Олар отбасымен көңілді бал ұйымдастырады. Кешке бойдақ Бингли мен Дарси мырзалар да келеді. Оқиға осы кезден бастап өрби береді.

Әйел жазушы Джейн Остин өз уақытында әдебиетті әйелдер рухымен байытты. Автордың айтқысы келген ойын дөп басып, ел сүйіп көретін кинофильм түсірген Райт та ерледі.

«Дориан Грей» (2009)


Енді біз әйелдер әлемінен қажырлы ерлер әлеміне өтеміз. Британдық кинорежисер Оливер Паркердің «Дориан Грей» атты мистикалық драмасы Оскара Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» деген шығармасының желісі бойынша түсірілді. Бұл жүзпайыздық британдық кинофильмде сырбаздық та, мысқыл да, ағылшындарға тән эстетика да жоқ емес. Аздаған аңқаулығы бар Дориан Грей атты жас жігіт Лондонның шет аймағынан астанаға көшіп келеді. Осында ол қала өмірімен танысу арқылы көптеген байлармен араласады. Нағыз қызық осында орнайды.

Бұл фильмнің де осы күнге дейін көрермені азайып көрген жоқ.

«Салтанат аркасы» («Триумфальная арка») (1984)


1984 жылы Уоррис Хусейн Эрих Марияның атақты «Салтанат аркасы» атты романының желісімен кинофильм түсірді. Кинофильмнің сауыттылығы мен өтімділігін қоспағанның өзінде, ол авторға қомақты қаржы алып келгенін қоса айта аламыз.

«Салтанат аркасы» әрі драма, әрі трагедия, әрі ерекше махаббат хикаясы. 1939 жыл. Еуропа бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында. Париждік эмигранттар үйі құпия эмигранттарға толы. Олардың арасында дәрігер Равик те бар. Ол астыртын түрде доктор Вебердің ауруханасын қарайлап, түні бойы ұйықтамайды. Сондай бір түні ол көпірден құлап өлуге даяр тұрған әйелге кезігеді. Онымен сұхбаттаса келіп, дәрігер белгісіз әйел есімінің Жоан Маду екенін біледі. Равик әйелге ажал отынан бас тартуына көмектеседі. Әйел осы шешімге келу жолын түсіндіріп береді. Ол белгісіз әйелді өз үйіне әкеліп, қонақ етеді. Фильм осы қарқынмен жылжи береді.

Бұл шығарма да бүгіндері лентамен айналып, талай көрерменнің қошеметіне тойды. Дәл мұндай басқа да шығармалар жоқ емес.

Кітапты киноға айналдырып, көрерменге рухани ләззат сыйлаған кинорежисерлердің еңбегі өлшеусіз екенін мойындау керек-ақ.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: kino-serial.tv

 

http://massaget.kz/madeniet/kino/10279