АЛТЫНОРДА
Новости

 Кітап – адамзаттың асыл қазынасы

Ақпараттық-технологиялық ғасырдың жоғары дамыған қарқынына қарамастан кітаптың адам өміріндегі алатын орны, мәртебесі жоғары болып қала беретіні сөзсіз. Алайда бүгінде кітапқа, оның келешектегі тағдырына байланысты алаңдаушылық та жоқ емес. Күллі технологиялар сандық, электрондық жүйеге ауысып жатқан кезеңде дәстүрлі кітап құралы сақтала ма, жоқ па деген мәселенің айтылып қалып жүргені аян. Осы ретте кітап өндірісінің бүгіндегі жай-күйі қалай, оның қандай мәселелері бар, баспагерлердің кітап саласындағы жобалары мен қолға алып жатқан келелі дүниелері қай бағытта өрбуде? Осы және өзге де көкейкесті мәселелерге таяуда Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында болып өткен халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» кітап және полиграфия көрмесінде жауап алғандай болдық.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен Қазақстан баспагерлері және кітаптаратушылар ассоциациясы «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы бірлесіп өткізген маңызды шараға Қазақстан және шетелдердің бас­палары қатысып, белсенді атсалыс­ты. халықаралық «Ұлы Жібек жолымен»  кітап және полиграфия көрмесі осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Бүгінде бұл көрменің беделі жоғары. Көрменің өтуі барысында білікті баспагерлер басқосып, қазіргі өркениет заманындағы кітап және баспа өнімдерін шығару мәселелері турасында өздерінің ой-пікірлерімен алмас­ты.

Әріптестік байланыс жөніндегі шарттар жасалып, ол шарттың негізінде кітап индустриясы саласын дамытудың жаңа перспективалары айқындалды. Қалай дегенмен, «Ұлы Жібек жолымен» көрмесінің маңыздылығы тек бас­пагерлер үшін ғана емес, сонымен қатар қарапайым оқырмандар үшін де пайдалы болғаны сөзсіз. Бұл күні алыс­тан ат арытып келген меймандар, қала тұрғындары да көп жиналды. Талғамы биік оқырмандар өздерінің сүйікті баспаларының өкілдерімен емен-жарқын сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.

Аталмыш көрмеге жиыны 13 мемлекеттен 100-ге жуық баспалардың қатысқаны айтарлықтай көрсеткіш екені сөзсіз. Белгілі себептермен бұл көрмеге қатыса алмаған баспаларды қоспағанның өзінде мұндай көрсеткіштің өзі де біраз жайттан хабар берсе керек. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрасының орынбасары А.Нұрмаханов кіріспе сөзімен ашып, халықаралық «Ұлы Жібек жолымен» атты көрмесінің маңыздылығына тоқталды, кітаптың елші ретіндегі елдестіруші рөлі туралы келелі пікірін ортаға салды. Көрменің тұсаукесер рәсімін жасау құрметі белгілі қаламгерлер Мұрат Әуезов пен Мұхтар Шахановқа тапсырылды. Қазақстан баспагерлері және кітаптаратушылар қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Кітап палатасының директоры Жанат Сейдуманов, Беларусь Рес­публикасы Ақпарат министрінің бірінші орынбасары Л.Ананич, Украинаның Алматы қаласындағы бас консулы Л.Протасова, «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы Алматы қаласы филиалының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов, Тәжікстан баспа үйінің директоры М.Бадалов, Қырғызстан Ұлттық кітап палатасының директоры К.Мамынкулов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым ­Жайлыбай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқаров сынды тұлғалар көрменің салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысты.
Қонақтар мен делегация мүшелері кең сарайдай көрме залына жағалай орналасқан баспалардың өнімдерін тамашалады. Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Қытай және т.б. елдерден келген баспа өкілдері өздерінің алдыңғы қатарлы өнімдерін көрме сөрелеріне орналастырыпты. Көрмеге атсалысқан баспалардың ұсынған кітаптарының тақырыптық бағыттары да алуан түрлі болды. Мұнда көркем әдебиет, ғылым мен техника саласындағы кітаптар, сөздіктер, энциклопедиялық жинақтардың көптеген түрлері қойылған. Аталмыш көрмеге еліміздің беделді бас­палары да қатысты. «Атамұра», «Фолиант», «Алматы кітап», «Көкжиек», «Өлке», «Мектеп» және т.б. баспалардың өнімдері мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Еліміздің баспа және полиграфия саласында 20 жыл бойы табысты қызмет етіп келе жатқан «Атамұра» баспасы бұл көрмеге өздерінің ең танымал, сондай-ақ жаңа өнімдерін әкеліпті. Олардың арасында «Атамұра» сериясымен шыққан белгілі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен қатар, ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар да мол. «Атамұра» бас­па корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммедтің айтуынша, «Атамұра» баспасы кітап шығару ісінде ең алдымен кітаптың мазмұнына, сапалы безендірілуіне үлкен көңіл бөледі екен. Баспаның соңғы кездегі шығарған кітаптарының қатарында «Қазақтың тазысы», «Гүлдер», «Қазақтың салт-дәстүрлері» және т.б. кітаптарды ерекше атап өтуге болады.
Қазақстан кітап саласында сапалы қызметімен көрініп жүрген баспалардың бірі – Астана қаласындағы «Фолиант» бас­пасы. 1996 жылы құрылған баспа бүгінде сан-салалы тақырыптарды арқау еткен кітаптарды шығаруда белсенді жұмыс істеп келеді. «Фолиант» баспасының бұл көрмеге әкелген кітаптары шетелдік және отандық баспалардың өнімдерімен бәсекелес бола алатындай дәрежеде екені аңғарылады. Мұны айтып отырған себебіміз, баспаның өнімдері сапа және мазмұн, безендірілу тұрғысынан алғанда талғамы биік оқырман қауымының сұранысына ие болары сөзсіз. Баспа бүгінде «Нартұлға», «Бабалар сөзі» серия­сымен бірнеше кітаптарды шығарып, оның сыртында көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын, көркем әдебиет, ғылыми-танымдық энциклопедияларды да шығару үстінде.
Қытай Халық Республикасынан атбасын тіреген қазақ ағайындардың да баспасы осы көрмеде лайықты орын алғанын атай кеткен орынды. Үрімжі қаласындағы «Баспалар тобы» корпорациясы директорының бірінші орынбасары Шәріпхан Әбдіәлидің айтуынша, Қытай жерінде қазақ кітаптарының шығу қарқыны жоғары. Баспа сонымен қатар аударма саласында да лайықты жұмысымен көрініп келеді екен. Мысалы, әйгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің «Менің атым қызыл» романын аударып, баспадан шығарды. Енді 2012 жылғы Нобель сыйлығының иегері, қытай жазушысы Мо Яннің туындыларын аударуды қолға алыпты.
Үш күнге жалғасқан көрме аясында «Ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтерудегі кітаптың рөлі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция, мемлекет тарапынан шыққан кітаптарды насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің стенді ұйымдастырылды. Әртүрлі аталымдар бойынша баспагерлерді, баспа ісімен айналысатын ұйымдарды марапаттау рәсімдері өткізілді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлескен «Кітаптан туындаған ұлы кинолар» атты жоба аясындағы қазақ киносының қара шаңырағында өмірге келген туындылар насихатталып, отандық кино өкілдері, мектеп оқушылары және студенттермен кездесулер өткізілді. Қазақстан Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, Қазақстан баспагерлері мен кітаптаратушылар ассоциациясы, Қазақстан Жазушылар одағы және «Жас өркен» ЖШС жариялаған жоғары сынып оқушылары арасындағы республикалық «Жауқазын» әдеби шығармалар бәйгесінің қорытындысына орай жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Алматы қаласындағы 7 аудан мектептері мен жоғары оқу орындарында қырыққа жуық қазақтың белгілі ақын-жазушыларымен әдеби кездесулер өтті.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

http://anatili.kz/?p=13406