АЛТЫНОРДА
Новости

Киіз үйдің қадірін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?

Киіз үйдің қадірін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?Бағзы заманнан көшпелі тіршілікте өмір сүрген қазақ халқына киіз үй өте қолайлы баспана еді. Ерте кездің ескі шежіресін жадына тоқыған қазыналы қарттарымыз оның 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін айтады. Киіз үй бір жерден екіншісіне көшкенде тігу мен жығуға өте қолайлы болды. Қысқасы, ұлан-ғайыр даланың арғы-бергі қиырына қоныс аударып үйренген қазақ халқы үшін одан қолайлы баспана жоқ-ты. Қазір ата-бабадан аманатқа айналған жәдігерді тек мақтаныш тұтамыз. «Тек» деген сөзді текке айтып отырған жоқпыз. Өйткені ғарышпен екі араны күнделікті жол етіп алған бүгінгі кезеңде біздің өткен тарихымызға көз жұма қарай бастағанымыз жасырын емес. Осы күндері мейрам кезінде ғана ақ шаңқан киіз үйлер көзге түскені болмаса, қалған уақытта мұражайдан суретін көретін мұрағатқа айналып бара жатыр емес пе?!

Әңгіменің ашығын айтайық, қазір қазақ елінде оны жасайтын адамдар кемде-кем. Рас, кезінде алтын қолды шеберлер аз болған жоқ. Тіпті кешегі ұлттық ұстынымыз ұмытыла бастаған кеңестік кезеңде де Қазақстанда киіз үй жасайтын арнайы кәсіпорындар жұмыс істегені белгілі. Қазір ше? Олардың барлығы да көзден ғайып болды. Бүгінгі таңда қолыңа шам алып іздесең де, киіз үй жасайтын шеберлерді таба қоюың – екіталай нәрсе.

90-жылдарға дейін Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында осындай баспана жасауға көңіл бөлінді. Аталмыш аудандағы Қалғансыр елді мекенінде киіз үй жасалған еді. Қазір сол адамдардың барлығы жұмыссыз қалды. Болмаса күнделікті күйбеңмен тіршіліктің басқа түрлерін кәсіп етіп жатыр. Ал біз болсақ, оны сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Әрине, «кісідегінің кілті аспанда» болатыны тағы да белгілі. Қарақалпақ жерінде жасалатын киіз үйлердің ең арзаны 3 мың АҚШ долларынан кем емес.

Жарылқасын КЕНЖЕБЕКОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты:

– Рас, киіз үйді қарақалпақ ағайындардан удай бағаға сатып алатын болдық. Біз үшін ол тек мейрамда керек дүние секілді. Жаз айларында оның ішін де тынығудың өзі керемет емес пе? Жалпы, оны туризм саласында пайдалануға әбден болады. Біріншіден, шетелден келген меймандар біздің ұлттық байлығымызды бағалайды. Екіншіден, біз осы арқылы өзіміздің ұрпағымызды тәрбиелей аламыз. Үшіншіден, бүгінгі күні саны азайып бара жатқан алтын қолды шеберлерден көп құпияны үйреніп аламыз. Қысқасы, киіз үй біздің ұлтымыздың бренді емес пе? Өкінішке қарай, оған қазір ешкім көңіл бөліп отыр ған жоқ. Өткеніміздің тамырына балта шауып жатқан секілдіміз. Бір ғана киіз үйдің босағасынан шаңырағына дейінгі бөлшектердің жүзден астам атауы бар екен. Қазекем ол турасында 500-ден астам мақал-мәтелді артта қалдырыпты. Яғни киіз үйді зерттейтін болсақ, талай-талай томға айналар еді.

Рас, бүгінгі ұрпақ киіз үйді ұлттық мейрам кезінде ғана көреді. Сондықтан олар ішіндегі бұйымдары жайында мардымды ештеңе айта қоюы екіталай. Тағы да айта кетерлігі, киіз үй бөлшектерінің қандай ағаш түрлерінен жасалатыны жөнінде бүгінгі буын түгіл, орта жастағы адамдардың өздері де жөнді ештеңе біле бермейді. Осылай кете берсе, ертеңгі ұрпақ оны тек интернет пен теледидардан ғана көреді емес пе? Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ пен есікті үйшілер арнайы жасайды. Олар дың айтуынша, ағаш қаңқасы үйеңкі мен талдан дайындалады. Ал киіз үйдің ағаш есігі мен есіктің маңдайшасы, табалдырық және өзге бұйымдарына самырсын ағашы кәдеге жаратылады. Қызығы, киіз үйге шеге қолданылмайды. Тіпті оның құрамында сына да болмайды екен.

Сайділда СӘДУАҚАСОВ, Сырдария ауданындағы қолөнер шебері:

– Менің аталарым да аймаққа белгілі ұста адамдар болды. Оны Тереңөзек маңайындағы жұрт әлі де жақсы біледі. Олар кезінде киіз үй жасаумен де айналысты. Бұл тіршілікке өзім де көңіл бөлдім. Өкініштісі, қазір киіз үйге қажетті шикізат көздері де азайып кетті. Бұрын Сырдың жағасында үйеңкі, самырсын және талдар көп еді. Бүгінгі кезеңде ол ағаштар мүлдем азайып кеткен. Менің ойымша, біз, аға буын, осы кәсіптің қыр-сырын қазіргі жастарға үйретуіміз керек. Оны кәсіптік мектептер жанынан құрамыз ба, осы жағын ойласқанымыз орынды болар еді. Ата-бабаларымыз ақ шаңқан киіз үйлерді Ақорда деп атап жататын. Оның сыры мынада секілді. Аталмыш ардақты дүниеміз арқылы ұлтымыз дүниетанымы қалыптасты. Қазір ғаламдық деңгейде жаһандану жүріп жатқан уақытта біз ұлттық ұстынды сақтап қаламыз десек, осындай құндылықтарды өз деңгейінде бағалай білгеніміз абзал. Өркениетті өмірдің көшіне ілескен елдер де өзінің өткенін өзге жұртқа әспеттеп көрсетіп жатады. Біз ше? Әзірге осы жағы олқы соғып тұрған жайы бар…

КЕРЕК ДЕРЕК:

Кереге санына қарай киіз үйлер 3-4 қанаттан 30 қанатқа дейін барады. Олардың кеңдігі 3,5 метрге жетсе, биіктігі 1,7 метрге жетеді.

Алаш айнасы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/din_islam/kiz-uydn-kadrn-umyityip-bara-jatkan-jokpyiz-ba-65822/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі