АЛТЫНОРДА
Новости

Келбеті ерекше 10 актриса

hghhjАктриса болу үшін міндетті түрде әдемі болу керек деген заң жоқ. Көп жағдайда режисерлер түр-сипаты ерекше, көрерменнің жадында сақталып қалатын ерекше келбетті актрисаларды таңдауға тырысады. Романтикалық фильмдерден өзге, триллер, драма, қорқынышты фильмдерде рөл сомдауда актрисаның ойыны ғана емес, келбеті де маңызды.

Шарлотта Генсбур (Charlotte Gainsbourg) танымал актер әрі әнші әкесі Серж Генсбурдың өнер жолын жалғастырды. «Меланхолия» және «21 грамм» фильмдерінде басты рөлді ойнап қана қоймай, Голливудтың үздік актрисаларының бірі екенін мойындатты. Сонымен қатар, әншілік қырынан да танылып, стилистер мен дизайнерлердің музасына айналды. Дәл оның бейнесінен «Сайлент Хилл-3» бейнеойынының кейіпкерін жасап шыққан және дәл ол Balenciaga сән үйінің креативті директоры — Николя Гескьердің шабытын шақыратын ару.

«Айдаһар татулы қыз» Руни Мара (Rooney Mara) томпақ еріндерімен, көлемді кеудесімен мақтана алмайды. Бірақ бұл оған еш кедергі келтірмейді, керісінше, көмектесетін сыңайлы. Актрисаның естен кетпес келбеті оның басты көзірі болды. Жақында актриса Calvin Klein-нің Downtown иіс суының беті болып тағайындалды. Шығарушылар неге дәл оны таңдағандарын былай түсіндіреді: «Жас қыздар үшін жарқын, әрі ерекше хош иіс жасап шығардық. Ол Руни Мараның келбетіне өте жақсы келетін сияқты». Әлбетте, мұндай келбет Голливудта бұрын-соңды болмаған.

Ева Гриннің (Eva Green) актерлік мансапта ғана емес (бәріміз оны «Арманшылдар» және «Қапас көлеңкелер» фильмдерінен танимыз), модельдік бизнесте де үлкен жетістіктерге жетті (ол Lancôme, Emporio Armani және Christian Dior сынды танымал брендтермен жұмыс істеген). Сонымен қатар, ол Голливудтың ең әдемі жұлдыздары тізімінен де бірнеше рет көрінген. Мұның бәрі ерекше түр сипатты бағалай алатын адамдардың арқасы.

Тильда Суинтонның (Tilda Swinton) аристократтық келбеті оның генетикасында жатыр: оның отбасы ежелгі ағылшын-шотландтық жүзден тараған. Актриса тәуелсіз фильмдерге түсіп, консерваторлық өмір салтын ұстанады. Сол себепті ең әдемі ару сынды рейтингтер мен түрлі пластикалық операциялар оған жат.

Голливудтың ең тартымды актрисасы, әншісі, миллиондаған адамдардың және сән үйлерінің кумирі Барбара Стрейзанд (Barbаra Streisand) Голливудқа ойда-жоқта тап болып, ұзаққа аялдап қалған. Ол әдемілік стандартына сай келмейтін, ерекше түр-сипатымен көпшіліктің жадында қалды. Стрейзанд сәттілікке мінсіз келбетпен емес, дарынмен жетуге болатынын алғаш дәлелдегендердің бірі.

Сара Джессика Паркерді (Sarah Jessica Parker) ерлерге арналған журналдардың бірі ең тартымсыз актрисалардың қатарына жатқызған екен. Ал «Оңтүстік саябақ» телехикаясының режисерлері оны сұрықсыз әйел ретінде көрсеткен. Бірақ бұл екі жағдай да оның мансабына еш әсерін тигізбеді. Керісінше ол миллиондаған әйелдердің кумиріне айналып үлгерді.

Кеңес Одағы мен Ресей кино және театр актрисасы Инна Чурикова өзі басты рөл ойнаған «Морозко» фильмін көрген соң, көріксіздігіне бола жылаған екен. Бұдан кейін киноға түспеймін деген де ойы болған. Бірақ дәл осы фильмнен кейін көпшілік оны мойындап, керісінше режисерлерден ұсыныстар көптеп түсе бастаған. Нәтижесінде, Инна Чурикова миллиондардың сүйіктісіне айналды, ал табиғи сүйкімділігіне ешкім қарсы шыға алмайды.

Кристина Риччидің (Christina Ricci) түр әлпеті сұлулық стандарттарына сай емес: кең маңдай, тәмпіш мұрын мен жұқа ерін… Бірақ бұл актрисаның мансабына кері әсер етпеді: оның фильмографиялық қоржыны «Каспер» мен «Русалкадан» бастап, «Ұйқылы алқап » пен «Прозактың ұлтына» дейін толып жатыр.

Мэрил Стриптің дарындылығына ешкім теңдесе алмасы анық. Өз дәуірінің үздік актрисасы жетістікке түр әлпетімен емес, еңбекқорлығымен, дарындылығымен жеткен. Әрдайым өміріне риза актриса, жан-жағына күлкісімен шуақ шашып, тартымдылығымен елді баурап алады. Осы уақытқа дейін жүзден астам фильмдерде ойнаған.

Аянат Ксенбайды (Есмағамбетова) 14 жасында Сатыбалды Нарымбетов байқап қалып, «Ләйләнің зары» фильміне басты рөлді сомдауға шақырады. Ал 16 жасында қазақстандық тарихи «Көшпенділер» фильміне түседі. Бұдан кейін Аянаттың кино саласында бағы жанып, бірнеше туындыда рөлдер сомдайды. Аянаттың ерекше түр келбеті режисерлердің қызығушылығын тудырғаны бекер емес, өйткені әлі күнге дейін оның ойнаған рөлдері мен түр әлпеті қазақстандықтардың жадында.

Суреттер: getty.ru, news.nur.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

http://massaget.kz